Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындарындағы 50 миллион оқулықтың 8 миллионға жуығы ғана қазақ тілінде екен. Егер ЖОО-да білім алып жүрген 600 мыңнан астам жастың 52 пайызының мемлекеттік тіл – қазақ тілінде білім алатынын ескерсек, оқулықтарды тез арада қазақшалау қажеттілігі туындайды. Алдағы жылдарда мемлекеттік тілде білім алатын жастар саны 70 пайызға жетеді деп күтілуде. Демек, оқулықтарымызды да осы талапқа сай, қазақтілді үлесін арттыруды ұмытпауымыз керек. Әзірге ЖОО-дағы қазақ бөлімінің студенттері орыстілді оқулықтарды пайдаланып жүр.
Студенттерді сапалы білім нәрімен сусындатып, заманауи маман ретінде дайындауда жоғары оқу орнындарындағы кітапхананың маңызы зор. Сондықтан оқу ордасының кітапханасын қажетті кітап қорымен толықтырмай, студенттерге заманауи оқулықтарды қолжетімді қылмай сапалы білімге қол жеткізу мүмкін емес. Яғни еліміздің оқу орындарында қажетті оқулықтардың жетіспеушілігі, тіпті мүлдем болмауы кейбір мамандықтардың заман көшінен қалып қоюына себепкер болып отыр. Осы орайда жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері «Бізге оқулық жетіспейді. Кей мамандықтарды меңгеруге оқулықтар аздық етеді, бар кітаптардың өзі орыс тілінде» деп наразылықтарын білдірді. Техника, медицина, экономика ғылымдары бойынша салалық оқулықтар түгіл, гуманитарлық мамандықтарға қатысты кітаптар да жетісе бермейді екен. «Ал соңғы жылдары қайта басылып шыққан оқулықтардың қатесі көп» дейді студенттер.
Ақбота ӘМІРБЕК, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің 3-курс студенті:
– Медицина саласына қатысты кітаптардың барлығы дерлік орыс тілінде. Ал орыс тілінен аударылған оқулықтардағы қате шаш етектен. Медицина саласына қатысты терминдер қалай болса солай аударыла салған. Сондықтан қазақ тіліндегі аудармасынан гөрі орыс тіліндегі нұсқасы әлдеқайда түсінікті. Бүгінде дамыған елдердің студенттері лекция жазбайды. Әрқайсысының қолында қажетті нәрсесі кітап күйінде жүреді. Ал біз әлі күнге дейін жылдар бойы алатын білімді ежіктеп лекция жазумен уақытымыз өтіп жатыр.
Атап айта кетерлік жайт, 2011 жылы білім беруді дамытуға жұмсалатын мемлекеттік бюджет шығыстары 9 миллиардқа жуық теңгені құраған. Және жыл өткен сайын білім саласын дамытуға бөлінетін қаржының көлемі ұлғайып келеді. Әйтсе де 20 жылдан бері не студенттеріміз не оқушыларымыз оқулыққа жарыған емес.
Оқушылар да оқулыққа жарымай жүр
«Аспаннан киіз жауса да құлға ұлтарақ бұйырмайдының» кебі ме, жыл сайын баспалардан оқулықтар басылып шығып жатса да, қыркүйек айы бойына ата-анасын ерткен оқушылар оқулық іздеп сабылып жүреді. Биыл 5-сыныптың баласының оқыған кітабы келер жылы інісінің оқуына жарамай шыға келеді. Ал ата-аналар оқу жылы бойына оқулық іздеп сабылып жүргенде, олар іздеген оқулық базардың сөрелерінде самсап тұрады. Оқулықтардағы олқылықтарды байқаған білім министрі де жақында «Жаңа әдістеме бойынша жаңа кітаптар жаздырамын» деп жар салды. Осы уақытқа дейін ұстаздар мен ата-аналар тарапынан сынға ұшыраған қаншама оқулықтар қолданыстан алынып тасталды. Демек, сол уақыттарда талапқа сай емес, сапасы сын көтермейді деп танылған оқулықтар үшін бөлінген қыруар қаржы желге ұшты деген сөз. Жоғары оқу орындарының студенттері ғана емес, мектеп оқушылары да осылайша оқулыққа жарымай жүр. Және оқушылардың оқулығы да қателікке толы. Ауыл баласы ең қажеттi оқулықтардан тапшылық көрiп отырған кезде, «қала мектептерiнiң 76 пайызы, ауыл мектептерiнiң 73 пайызы ғаламторға қосылды» деп бөркімізді аспанға ату қисынсыз секілді.
Шамшадин ӘБДІКӘРІМОВ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Дәл қазіргі таңда еліміздің оқулықтарын сапалық тұрғыдан жақсартуымыз керек. Және мектеп оқулықтары мен ЖОО оқулықтарының сапасын бақылап отыратын жауапты орган керек. Әйтпесе бүгінгі күні басылып шығып жатқан оқулық көп, бірақ іліп алары жоқ болып кетті. Сондай-ақ мектеп оқулықтарын бес жылда бір жаңартуды жолға қоюымыз қажет. Әйтпесе мектеп оқулықтарында бей-берекетсіздік орын алуда. Айта кетер жайт, оқулықтарды жыл сайын басып шығара беруден гөрі еліміздегі барлық оқушыларға жеткілікті болуын қамтамасыз етуіміз керек.
Сондай-ақ дәл қазіргі таңда оқушылар мен студенттерге сапалы білім беріп қана қоймай, ұлтымыздың ұлттық ерекшеліктерін кеудесіне сіңіретін, идеологиялық сана-сезімін қалыптастыратын оқулық керек секілді.
Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, саясаткер:
– Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан астам уақыт өтсе де, оқулықтарымыздың сапасы сын көтермей тұр. Басқа елдердің оқулықтары оқушылар мен студенттерге білім беріп қана қоймай, жастардың бойында патриоттық сезімнің қалыптасуына ықпал етіп, елдің идеологиялық сана-сезімін қалыптастыруға жұмыс істейді. Осы орайда еліміздегі оқулықтардың идеологиялық тұрғыдан қызмет етуіне менің көңілім толмайды. Осыдан үш-төрт жыл бұрын 8-сыныптың әлеуметтік-экономикалық географиясы қолыма түсті. Әлеуметтік-экономикалық географияның негізін салушылар деп «Иванов, Петров, Сидоров»… деген орыстардың тектері толып тұр. Сонда ағылшындар, немістер бұл ғылымды жасаған жоқ па? Бізді сол кездегі идеология бойынша бәрін орыстар ойлап тапты, барлық білімнің негізін салушы орыстар деп үйретті. Өкінішке қарай, біз әлі де болса сол идеологиядан арыла алмай келеміз. Әлі де болса оқулықтарымызда барлық дүниеге көршілердің көзқарасымен қараймыз. Сондай-ақ әлгі әлеуметтік-экономикалық географияда «Қазақтар Қазақстанда кең таралған» деген сөйлем бар. Сонда қазақтар Қазақстанда таралмай, қайда тарауы керек? Сондай-ақ әлгі оқулықта тың игеру жылдары жайлы да айта келіп, оны тек жақсы жағынан көрсетеді. Ал тың игерудің арқасында қаншама мектептің жабылып, демографиямыздың бұзылғаны жайлы ақиқат сонда қайда қалды?! Кеңес Одағы кезінде тың игеруге қызылдар қалай қарады, дәл сол көзқарас оқулықтарымызда сақталып қалған. Тарих бетінде орын алған оқиғалардан қазақ халқы қандай зардап шекті, қалай қырылды – мұның бәрі бүгінгі күні ұлттық мүдде тұрғысынан бір қаралып, солай баға берілуі керек.
Қазір баспаларымыз оқулықты білім құралынан гөрі ақша табудың жолына айналдырып алған секілді. Сондықтан бір сәт оқулықтарымызға қазыналы, сапалы білім, идеология құралы ретінде де бір қарап көрсек кәнекей?!
Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ
http://alashainasy.kz