-Ғалымдардың ендігі мақсаты – ұлттық тарихымызды дүниежүзілік тарихи үдерістің ажырамас бөлігі ретінде сезінуімізге мүмкіндік беретіндей терең, объективті ғылыми зерттеулер жүргізу.
Бізге шектеулі тарихтың қажеті жоқ. Қазақтың ұлттық тарихы – бұл дүниежүзілік тарихтың бір бөлшегі. Біз осыны тезірек көрсете алсақ, өз тарихымыздың жаһандық тарихпен байланысының ауқымын, кеңдігін, тереңдігін де дәлірек дәлелдейміз, — деп мәлімдеді Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ұлттық тарихымызды зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының 3-інші отырысында.
Оның пікірінше, ұлттық тарихымызды зерделеуге қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды тарихшылар объективті бағалауы қажет. – Кейбір сыншылар бұл жұмысты қолдауды орнына, одан кемшілік іздеуде, — деді Марат Тәжин. – «Уақыт өтіп барады, бірақ нәтижелер жоқ» деген сөздер айтылуда. Ал, шындығында мұндай жұмыс еліміздің тарихында бұрын-соңды қолға алынған емес. Бұл жұмысты 100 күнде аяқтау мүмкін емес, себебі, ол жылдарға, онжылдықтарға созылады. Біз қысқа мерзімде ұлттық тарихымызды қалпына келтіріп, мұрағат ісінде төңкеріс жасай алмаймыз.
Мұндай пікірге Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед те қосылады. «Тарихқа жолдан қосылған тарихшылар бүгін сақ тарихына, ертең ғұн тарихына, бүрсікүні түрік тарихына, одан арғы күні қазақ тарихына әмбебап шығармаларды топырлатып жаза береді.
Ондай кітаптар ғылыми айналымға түспейді және ол ғылыми тұрғыдан лайықты бағасын алмайды. Сондықтан, тарихшылар бүкіл өмірін бір тақырыпты зерттеуге арнағаны абзал. Шетелдік мұрағаттардағы қазақ тарихына қатысты құжаттарды толық алдырып, терең зерттеп, нақтылап жүйелемейінше негізгі нәтижелерге қол жеткізе алмаймыз»,- деді Мұхтар Құл-Мұхаммед ұлттық тарихымызды зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының 3-інші отырысында.
Мұрағат демекші, бүгінге дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде шетел мұрағаттарынан 3 мыңнан астам материалдардың көшірмесі әкелінген. «Халық тарих толқынында» бағдарламасының шеңберінде ағымдағы жылдың 20 маусымы – 20 қыркүйегі аралығында Иран, Үндістан, Қытай, Мысыр, Түркия, Монғолия, Ұлыбритания, Германия, Өзбекстан және Ресей сияқты 10 мемлекеттің тарихи қорларын зерттеу үшін отандық ғалымдардың ғылыми іс-сапарлары ұйымдастырылған еді.
Мысыр, Иран, Түркия және Өзбекстанға ғылыми іс-сапарлар нәтижесінде Әмір Темір, Шыңғысхан және барша мұсылман билеушілерінің, моңғолдар мен ұйғырлардың, түрік Хорезмшахтарының тарихына қатысты аса құнды мұрағаттық мәліметтердің көшірмелері әкелінген. Атап айтсақ, олардың арасында «Тарихи-и әл-Салжук», «Тарихи-и Жалаладдин Хорезмшах», «Маджа ал-Ансаб», «Тарих-и Улжайту», «Китабкамил фит-тарих» сияқты Түркістан қалаларының сипаттамасы, түрік хандары, Мәуреннахрдағы түрік тайпалары жөнінде, моңғол дәуіріне дейінгі Қазақстан мен Орта Азия тарихы бойынша бірегей дерекнамалар бар. Моңғолия, Қытай және Германияға сапар нәтижесінде прото, ескі және орта түрік кезеңіндегі түркі халықтарының бабалар тарихынан көрініс беретін антикалық, түрік руналық тас жазуларының, ескі үнді, қытай дерек көздерінің негізіндегі ертедегі көшпелілер тарихы бойынша куәгерлік көшірмелері табылып, елге әкелінді.
Сириялық, түрік, қытай дерекнамаларының кеңейтілген материалдарынан тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ Орта Азияның көшпелі халықтарының географиялық орналасуы мен этникалық құрамын зерттеуге мүмкіндік туады. Ұлы Жібек жолында сақталған түрік эпитафикалық және несториандық ескерткіштерін зерттеудің де мәні зор. Себебі, Қытай, Қазақстан және Қырғызстан аумағындағы несториандық ескерткіштердің мәтіндерін салыстыру арқылы түрік тілі мен жазуларының құрылу тарихын, дін тарихын, қазақ халқының этногенезінің кейбір құпияларын ашуға болады.
Қазақстандық тарихшы, шығыстанушы ғалымдардың айтуынша, біздің тарихымыздың бұрын белгісіз болған, жаңа беттері ашылып жатыр. «Иран Ислам Республикасына жасалған сапар аясында осы елдің кітапханаларының қолжазба қорларынан 30-дан астам материалдар жинақтадық, — дейді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Нұрлан Атығаев.
– Солардың бірнешеуінде қазақ – қызылбас қарым-қатынастары жөнінде сөз болады. Бүгінге дейін біз қазақ-қызылбас арасындағы соғыстар жайында «Қобыланды батыр» жырынан оқып-білсек, енді қызылбастарға қатысты нақты жазба дәлелдерді тауып отырмыз.
Бұл кезінде «тарихи негізі жоқ, ауыз әдебиетінің ғана дерегі» деген әңгімелерді айтқан кейбір зерттеушілерге күтпеген жаңалық екені сөзсіз. Себебі, біздің қолымызға тиген 5 қолжазбадағы деректер өте тың деуге болады. Ол деректерде Қазақ хандығының Қызылбас мемлекеті, Ирандағы Сефевит мемлекетімен қарым-қатынасы туралы баяндалған. Сефевит, Шайбани әулеті және қазақ-қызылбас соғысы туралы тарауларда Қасым ханның бұл оқиғаларға тікелей араласқаны жазылған. Айталық, Қасым хан өзбек билеушісі Шайбани ханға әскери көмек жіберіп, Сефевит мемлекетімен соғыстар жүргізген».
Нұрлан Әділбекұлының айтуынша, сондай-ақ, ирандық қорлардан алынған деректерде Тәуекел ханның Орта Азиядағы оқиғаларға белсенді араласқаны жөнінде баяндалады. Ирандағы Мәлік кітапханасынан табылған Моғолстан билеушілерінің суреттері, көне дәуірдегі сақтардың Ахименед мемлекетімен қарым-қатынасы, Кир, Дарий патшалардың суреттері де кәсіби тарихшыларды қатты қызықтыратыны анық.
– Мысалы, Моғолстан әулетін билеген Шағатай әміршілері бейнеленген суретті алайық. Бізді қызықтыратын себебі, Ұлы жүздің тарихы, Қазақ хандығының құрылуы осы Моғолстанның тарихымен тікелей байланысты, — дейді Н. Атығаев. Сонымен бірге, ғалымдар Әбілғазы баһадүр ханның сефевиттерге жазған хаттарының көшірмелерін де тауыпты. Бұл хаттардың қызықты болатыны, түрік тілінде жазылып, оған жауап парсы тілінде қайтарылып отырған. Сондықтан, ол болашақта зерттеуге лайықты, қызықты тақырыптардың бірі болатыны даусыз. Нұрлан Атығаевтың пікірінше, Қасым ханға қатысты табылған тың деректер ұлттық тарихымыздың ақтаңдақтардан арылуына үлкен әсерін тигізеді. – Өз тарихнамамызда алғаш рет Қасым ханның түр-әлпетін сипаттаған деректі таптық. Тағы бір мәлімет Қасым ханды Шыңғыс ханның нағыз мұрагері ретінде бейнелейді. Сондай-ақ, «Мұхаммел Шайбани ханның Қасым ханның атынан теңге соғамын, жұма намазында хұтба оқытамын» деген қызықты деректер де бар.
Менің ойымша, алдағы уақытта осы жаңа деректерді басқа деректермен салыстыра отырып зерттейтін болсақ, тарихымыздың ақтаңдақтарының көбінен арыламыз, — дейді ол.
Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Нәпіл Базылханның пікірінше, біздің өте бай тарихымыз 3 мың жылдық тарихты қамтиды. «Ұзақ мерзімді қамтыған тарих болғандықтан, оны бір-екі күнде жазып бітіру мүмкін емес.
Екіншіден, тарихи үдерісті жазу үшін, мол тарихи деректер, құжаттар қажет. Тіпті, бергісін айтқанда біздегі археологиялық деректер мен мұрағаттық деректер біріздендірілмеген. Осының өзі қазақ тарихының бүгінге дейін түзу, дұрыс жазылмағанының айғағы.
Үшіншіден, Ғұн империясы, Түрік империясы, Моңғол империясы, Алтын орда, Дешті Қыпшақ деген тарихи кезеңдер бар. Осынау ұзақ дәуірлерді қамтыған көптеген деректер Еуразиялық кеңістікте шашылып жатыр. Соларды жинауға кірістік. Себебі, қазақтар көне Түрік империясының бір шаңырағын ұстап қалған негізгі ұйтқы, үлкен бөлігі. Өйткені, қазіргі 40-тан астам түрік тілдес елдер, этностардың барлығы Түрік империясының құрамында болған. Көне түрік дәуірі бізге етене жақын. Мысалға, Моңғолияның орталық Орхон аймағының аумағында көне Түрік империясының астанасы болған Қарабалық деген үлкен қала жатыр. Ауданы 50х50 шаршы километрді құрайды. Бірақ, әлі күнге қазақстандық археолог-ғалымдар сол қалаға қазба жұмыстарын жүргізген жоқ. Бұдан бөлек, Моңғолияның сайын даласында біздің ата-бабаларымызға қатысы бар жүздеген, мыңдаған көне ескерткіштер сол қалпында сақталып келеді.
Біздің тарапымыздан бірлі-жарым экспедициялар болмаса, толыққанды зерттеулер жүргізбедік. Мәселен, 2007-2009 жылдары археолог Зейнолла Самашев бастаған тұңғыш қазақ-моңғол бірлескен экспедициясы жүзеге асырылды. Онда негізінен «Күлтегін мен Білге қағанның ескерткіштерінің жанындағы Құтты тау деген жерде біздің хандарымыздың сүйектері бар» деген болжаммен қазба жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстың нәтижелері жуырда жария етіледі. Тарихшы-ғалымдарды мемлекет қолдап, ұзақ мерзімдік үкіметтік бағдарлама жасалғанда ғана, бұл іс оң нәтижесін береді», — дейді Н. Базылхан. Оның айтуынша, Түркияға жасалған ғылыми іс-сапар барысында Ыстамбұлдағы Топқапы сарайының қорынан Қазақстанның орта ғасырлық тарихына қатысты тың деректер табылған. Мәселен, 80 мыңдық дерек қоры бар сарайдан Алтын орда заманындағы хандарымыздың хаттарының көшірмелері алынған.
Түркияда орта ғасырлық миниатюралар көп сақталыпты. Сол миниатюраларда қазақ халқының ертедегі тұрмысы, тұтынған заттары, киген киімдері бейнеленген. Ғалымның пікірінше, осындай миниатюралардың өзін терең зерттейтін болсақ, орта ғасырлық тарихымыздағы күрделі мәселелердің түйінін шешеміз.
Әрине, бүгінге дейін шетелдік мұрағаттардан әкелінген материалдардың ішінен Қытайдың тұңғыш тарихи мұрағатынан алынған деректі бөле-жара атауға болады. Тарихтағы әйгілі Цин империясының мұрағаттық құжаттарының қазақ тарихына тікелей қатысы бар. Себебі, 1730 жылдан бастап 1911 жылға дейінгі кезеңде қазақ-қытай саяси, экономикалық қарым-қатынастарының қалай болғанын тек тарихи деректерден ғана біле аламыз. Таң қаларлығы, бұл құжаттар 283 томнан, 72 812 құжаттардан тұрады.
– Қазақстан мен Қытай көшбасшыларының жылы достық қарым-қатынастарының арқасында Қытай мұрағаты тұңғыш рет Қазақстан туралы тарихи деректерді көшіріп алуға мүмкіндік берді, — деді Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Ақордадағы ұлттық тарихымызды зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының 3-інші отырысында.
– Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының ашықтығы мен ізгі ниеттілігінің арқасында тұңғыш рет осындай жетістікке жеттік. Әйтпесе, біз кейбір шетелдердің тарихшыларының қазақ тарихына қалай қарайтынын жақсы білеміз. Яғни, біз мұндайда қолайлы мүмкіндіктердің барлығын тиімді пайдалануымыз керек.
Сонымен қатар, Марат Тәжин жауапты мемлекеттік органдарға тағы да қандай елдер және нақты мұрағаттық орталықтар қызығушылық танытып отырғанын анықтауды тапсырды. «Қазақстандық ғалымдар құжаттарды зерттеу ісін кеңейте отырып, шетелдік мұрағат орталықтарында жұмыс істеуді жалғастыруы тиіс, — деді ол.
– Сонымен бірге, жинақталған материалдарды өңдеу, жүйелеу және жоғары деңгейде талдау маңызды міндеттеріміздің бірі болып табылады. Бұл іске жуырда құрылған зерттеу орталықтарының ресурстарын да пайдалануымыз керек». Мәселен, жаңадан табылған дерек көздеріне қарасақ, Қазақ хандығының 18-інші ғасырмен салыстырғанда 15-інші, 16-ыншы, 17-інші ғасырлардағы даму деңгейі анағұрлым жоғары болған.
Осы орайда, «Қазақ хандарының өз тарихын жазуға қаншалықты ұмтылыстары болды?» деген сауалды кәсіби тарихшыларға, шығыстанушы мамандарға қойдық.
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Нұрлан Атығаевтың пікірінше, қазақ хандары өз тарихын жазғанымен, ол жазбалар бүгінге жетпеген. – «Мехманаме Бұхара» атты еңбектің авторы Розбихан 16-ыншы ғасырдың басында: «Қазақтар сауатын ашқан халық» деп жазған. Ал, қазақ даласынан шыққан Мұхаммед Шайбани хан Орталық Азияны жаулап алып, өз мемлекетін құрған.
Тарихи дерекке сүйенсек, ол «Гүлзида Сарапнаме» атты тарихи шығарманың авторы. Бұдан шығатыны, қазақтар өз тарихын жазған. Өкінішке орай, ол жазба бүгінге жетпеген. Мысалы, тарихта Қырым хандығы, Астрахань хандығы, Қазан хандығы жөнінде бір-бірден ғана дерек бар. Сондықтан, қазір қолымызда ондай нақты дерек болмағанымен, тарихын жазбады деп кесіп айтуға болмайды. Бәлкім, біз алдағы уақытта сондай деректі қолымызға түсірерміз, — дейді ол.
Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, шығыстанушы Ғалия Қамбарбекованың ұстанымы да осыған ұқсас. — Сол кездегі күрделі ахуалдың өзі қазақ хандарына иран шахтары секілді кеңсе ұстауға мүмкіндік бермеді. Иран шахтары сарайларда тұрса, қазақ хандары әртүрлі ордаларда көшіп жүрді. Тіпті, оларға кез-келген уақытта маңызды құжаттары мен деректерінен айрылып қалу қаупі зор болды. Соған қарамастан, Тәуке хан өз кеңсесін, өз хатшыларын ұстады, — дейді шығыстанушы ғалым.
— Демек, дипломатияны жақсы ұстанғандығынан, ақылшы-кеңесшілерінің аса білімді болғандығынан, тіпті басқа елдермен арадағы келіссөздердің барлығын жазбаша түрде жеткізуге мүдделі болғандығынан қазақ тарихын жазуға деген ниетінің болғанын көреміз. Екіншіден, ол жаугершілік заман болғанын ұмытпайық. Хан ордасы жазда бір жерге, қыста екінші жерге көшіп жүрді. Бәлкім, олар тарихты жазуға моральдық-психологиялық тұрғыдан дайындалған кезінде жоңғар шапқыншылығы басталып кеткен шығар?..
Ал, неліктен біз қазақ тарихына қатысты тың деректерді шетелдерден іздеп жатырмыз? Нәпіл Базылханның айтуынша, мұның үш себебі бар. Біріншіден, қазақ деректері деген ұғым Қазақ хандығы құрылған 1466 жылдан Ресейге бодандыққа өткенге дейінгі кезеңді ғана қамтиды. Одан арғы тарихымызға үңілеміз десек, күллі Еуразияның аумағы қамтылады. Орта ғасырдағы тарих дегеніміз – Қара теңізден Корей түбегіне, Сібір орманына дейінгі алып кеңістікте жатқан ескерткіштеріміз. Екіншіден, Ресей мен Қытай Қазақ хандығының көп жерлерін өзіне қаратып алды. Мысалы, Орынбор – Ресейде, Шығыс Түркістан – Қытайда қалып қойды.
Ол тарихымызды білгіміз келсе, Ресей мен Қытайға баруға мәжбүрміз. Үшіншіден, қазақ даласын билеген хандарымыздың жан-жағындағы елдерге (Ресей патшасына, Цин патшалығына, Хиуа және Бұқар хандарына) жазған дипломатиялық хаттары сол жақта сақтаулы тұр. Бізге мәлімі бірен-саран ғана. Яғни, тарихымыздың жаңа парақтарын ашу үшін, сол хаттарды іздейміз, — дейді тарихшы-ғалым.
Арғы тарих, Еуразиялық өркениетке келетін болсақ, ерте замандарда ғұмыр кешкен арғы бабаларымыздың тұтас құрлықтағы саяси үдерістерге үлкен ықпал жасап отырғанын көреміз. Тарихшы-этнограф, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Жамбыл Артықбаевтың пайымдауынша, батыс ғалымдары көшпелілердің еуразиялық өркениетке үлкен ықпал етіп, Азияда, Еуропада, Қытайда жаңа мемлекеттердің қалыптасуына негіз жасағанын мойындамай келеді. «Өкінішке орай, біз әлі еуропацентристік көзқарастардың ықпалынан шыға алмай келеміз, — дейді Ж. Артықбаев.
– Мысалы, француздың Аннал мектебінің өкілі, керемет тарихшысы Фернан Бродель Еуропа өркениеті жөнінде 3 томдық кітап жазды. Сол еңбегінде Ф. Бродель көшпелілердің еуразиялық өркениетке ықпалын жөндеп мойындай қоймаған. «Бұлар адамзаттың бір паразиті сияқты. Азияның далалық өлкесінде бастау алып, біздің өлкемізге келіп, әлсіз тұстарымызды таптап өтеді» деп жазады француз тарихшысы. Осындай еуропацентристік көзқарастарға қарсы пікірімді білдіру үшін, 2005 жылы Санкт-Петербургтен «Кочевники Евразии в калейдоскопе веков и тысячелетии» атты кітап шығардым. Яғни, осы мәселеге көбірек бас ауырттым. Менің ойымша, көшпелілердің қозғалыстарын бұлай түсіндіруге болмайды. Тіпті, осы құбылысты тереңінен түсіндіре алмаған Л. Гумилевті де сынауға болады».
Жамбыл Омарұлының айтуынша, көшпеліліктің өзі өркениеттің әдемі бір үлгісі. «Біріншіден, ат үстінде өмір сүрген елдің еркіндік рухы жоғары болады. Мал баққан елдің тамағы да тоқ, денсаулығы да жақсы, өмір сүру ұзақтығы да көп. Екіншіден, көшпелілердің саяси, әлеуметтік жүйесі туысқандыққа негізделген. Қай жердегі көшпелілерді алсаңыз да, туысқандық жүйенің негізінде пайда болады. Сырттан келген адам сол жүйеге кіруге тырысады. Тіпті, әлі күнге біз үлкендерге «аға», әйел адамдарға «апа, жеңгей» деп амандасамыз.
Бұл туысқандық ұғымның әлі күнге өмір сүріп келе жатқанының көрінісі. Міне, мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген осындай жүйенің артықшылығын пайдаланып, көшпелілер бүкіл Еуразия құрлығына әсер етіп отырды», — дейді ол. Ал, демографиялық жарылыстардың, экологиялық проблемалардың әсерінен кейде ұлы миграциялар басталып кетеді. – Сөйтіп, көшпелілер отырықшы өлкелерді жаулап алып, жаңа мемлекеттер құрады.
Әрине, жаулап алған жерді басқару керек. Әуелі әскер, алым-салық жинайтын жүйе қалыптасады. Сөйтіп, жаңа мемлекет пайда болғанын өздері де сезбей қалады. Соңғы бірнеше мыңжылдарда шумерлердің, хед, үнді-еуропалықтардың, арийлердің қозғалысы осындай себептермен жасалған. Міне, осындай тарихи заңдылықтарды ескеретін болсақ, өз тарихымызды Еуразиялық тарихтың кәдімгі белдігі есебінде көрсетуімізге мүмкіндігіміз бар, — дейді Жамбыл Артықбаев.
Таңатар Табынұлы
Ұлт порталы