АЛТЫНОРДА
Новости

Ташкент НАТО-ға қайта ыңғай білдірді

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) НАТО-ның бас хатшысы Андерс Фог Расмуссенмен кездесіп тұр. Көрнекі сурет. Брюссель, 24 қаңтар 2011 жылТашкентте НАТО өкілдігі ашылды. Бұл оқиғадан соң қазақ-өзбек шекарасы Ресей мен НАТО-ның ықпал ету аймағының бөлініс жігіне айнала ма? Азаттық жергілікті сарапшылардың пікірін білді.

Мамырдың 16-сы күні Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында НАТО-ның орталық азиялық өкілдігі салтанатты түрде ашылды. Жергілікті сарапшылардың бір тобы Өзбекстанның НАТО-мен жақындасуына Ауғанстаннан НАТО күштерінің шығарылуы ықпал етіп отыр деп санайды. Ал «ауған қаупіне Өзбекстанның өзі де қарсы тұра алады» деп санайтын кейбір мамандар Ташкенттің бұл қадамын «кезекті саяси сауда» деп сипаттайды. «Мұның соңы Орталық Азияда Ресей мен НАТО-ның қарама-қарсылық аймағын тудыруы мүмкін» деп бағалаушылар да бар.

«САЯСИ САУДА»

Ресей стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Аждар Куртовтың «Независимая газетаға» айтқан пікіріне қарағанда «Өзбекстанға тікелей төніп тұрған аймақтық қауіп жоқ. Бірақ Ташкент НАТО өкілдігі арқылы Батыспен тіл табысып, авторитарлық режимді одан әрі нығайта түскісі келеді».

Ташкентте ашылған НАТО-ның өкілдігіне байланысты Азаттыққа берген сұхбаттарында қазақстандық сарапшылар бұл оқиғаны, керісінше, Ауғанстандағы ахуалмен ұштастырады. Жергілікті саясаттанушы Данияр Қосназаровтың пікірінше, Ташкентте 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан НАТО штабының ресми түрде ашылуын кейбір шетелдік БАҚ «Украина дағдарысы кезіндегі Ресей мен Батыстың арасындағы конфронтация контексінде зорайтып көрсетіп отыр».

Қазақ сарбазы НАТО ұйымдастырған "Дала қыраны" әскери жаттығуына қатысып жатыр. Алматы облысы, 22 тамыз 2013 жылҚазақ сарбазы НАТО ұйымдастырған «Дала қыраны» әскери жаттығуына қатысып жатыр. Алматы облысы, 22 тамыз 2013 жыл

«Ауған мәселесін реттеу Ресейдің де мүддесіне сай келеді. Вашингтон да ауған мәселесін Украинадағы оқиғалармен бірге қарастырмауды жөн көреді. Бірақ ұжымдық қауіпсіздік шартынан шығып кеткені үшін Өзбекстанда НАТО өкілдігінің пайда болуы Ресейдің ішін тырнауы мүмкін» дейді ол.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева Өзбекстанның НАТО-мен жақындасуы белгілі бір деңгейде «Ресейдің Орталық Азиядағы қазіргі ұстанымына сай келмеуі мүмкін» деген пікірде.

Бірақ, оның ойынша, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы Ресей мен НАТО-ның ықпал ету аймақтары анық жіктелген тұс болады деуге әлі ерте. Өйткені Қазақстан Кеден Одағы елдерімен қол қойғалы отырған Еуразия Одағы  «саяси одақ емес» және «ол шартта қандай да бір әскери құрылымдар туралы айтылмаған». Үмбетәлиева түрлі форматтағы әскери құрылымдарға қатысу құқығы Қазақстанның өзінде қала береді деп сенеді.

«2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейін Өзбекстан мен Батыстың арасы күрт нашарласа да, соңғы кездері қайта жұмсара бастауын Орталық Азиядағы пост-советтік елдердің Ресеймен түрлі саладағы интеграциясына Батыстың реакциясы ретінде де қарастыруға болады» дейді Толғанай Үмбетәлиева.

«БАТЫСТЫҢ ПРАГМАТИКАЛЫҚ САЯСАТЫ»

Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Сұлтан Ақымбековтің ойынша, Ташкентте ашылған НАТО өкілдігі «тәуелсіздік алғалы сыртқы саясатын 180 градусқа бірнеше рет өзгерткен» Өзбекстанның кезекті қадамы.
Оның пікірінше, Өзбекстан мен НАТО-ның жақындасуы геосаяси тұрғыдан да, сыртқы саясат тұрғысынан да Қазақстан мен Өзбекстан НАТО мен Ресей арасындағы қарама-қарсылық аймақтарына айналады деуге негіз жоқ.

«Рас, қазіргі Кеден Одағының, алдағы Еуразия Одағының шекарасы  Өзбекстанмен де, Қырғызстанмен де шектеседі. Бірақ Еуразия Одағының тек экономикалық одақ екенін Астана жиі айтып келеді. Олай болса бұл ұйым шекарада тек экономикалық фактор ретінде ғана рөл атқарады. Қазақстан көп векторлы сыртқы саясат жүргізіп отыр» дейді ол.

Өзбек әскерінің Әндіжандағы толқуды күшпен басқан кезі. 14 мамыр 2005 жылӨзбек әскерінің Әндіжандағы толқуды күшпен басқан кезі. 14 мамыр 2005 жыл

«НАТО арқылы Батыспен қатынасын түзеуі Өзбекстандағы қазіргі автократиялық саяси режимді одан әрі күшейтуге мүмкіндік бере ме» деген мәселеге қатысты Сұлтан Ақымбеков «Батыстың прагматикалық саясаты» маңызды фактор екенін ескертеді.

2005 жылы Әндіжандағы қанды оқиғадан кейін Батыспен қатынасы күрт суыған Ташкент АҚШ-тың сынына жауап ретінде Ханабадтағы әскери базасын жаптырған болатын. Ақымбеков Өзбекстанда соның өзінде Батыстың әскери базалары қалғанына (Термездегі Германия базасы) назар аудартады.

«Демократия мәселесіне қатысты қазір де сұрақтар бар, бірақ Орталық Азиядағы жағдайды ешкім ушықтырғысы келмейді. Өзбекстандағы саяси режим туралы түрлі пікір айтуға болады, бірақ ең бастысы – бұл ел қазір қалай болғанда да осы айтарлықтай үлкен және күрделі аумақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан қазіргі форматтағы Өзбекстан бәріне тиімді. Мұндай маңызды стратегиялық аймақтағы елде саяси хаос болғанын ешкім қаламайды» дейді Сұлтан Ақымбеков.

Бірқатар ТМД елдері елдерінің қатысуымен 1994 жылдан бері жұмыс істей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымынан Өзбекстан бірнеше рет шыққан. Алғаш рет 1999 жылы бұл ұйымға қатысудан бас тартқан болатын. 2005 жылы Әндіжан оқиғасынан кейін Батыспен ара қатынасы суыған соң Өзбекстан ҰҚКШ-ға 2006 жылы қайта қосылып, 2012 жылы желтоқсан айында қайтадан шығып кеткен болатын.

 

http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_reaction_to_nato_office_in_tashkent/25387240.html