АЛТЫНОРДА
Новости

Тастанды балалар үйі… керек емес!

«Балалар үйі» немесе «жетімдер үйі» деген біздің санамызға жат көріністер. Сондықтан алдағы 7-8 жылда әлгіндей үйлердің қызметіне тоқтау салғанымыз жөн», — дейді Аружан Саин. Белгілі тележүргізуші, актриса Аружан Саин кейінгі кездері қоғамдық жұмыстармен де үздіксіз айналысып, көпшіліктің көңіліндегі сөзді де тауып айтып жүр. «Мені дұрыс түсініңіздер, — дейді Аружан, — мен балалар үйі туралы  аз күндік абыройға қол жеткізу мақсатында айтып тұрғаным жоқ».

Елімізде 196 интернат үйі бар, ол үйлерде 11 мың бала тәрбиленеді. Аталған интернат үйлері үшін Үкімет жыл сайын ортақ қазынадан 8 миллиард теңге бөледі. «Міне, осы қаражатты жас отбасылардың қыжалатына жұмсаған абзал болар еді, — дейді Аружан.  Біреуге баспана керек. Енді бір жас отбасы баласының жақсы тамақ ішіп, жақсы мектепте білім алғанын қалайды».

Кәсіпкер тележурналисттің ойынша, телеарналардан да отбасы, шаңырақ тәрбиесі жайында бағдарламалар жасалып, бейнероликтер көрсетілуі керек. «Осының өзі шаңырақ көтеріп, жұп құрған жандарға ой салады, отбасы ынтымағын арттырады», — дейді ол.

Саин ханымның ұсынысы қоғам тарапынан қаншалықты қолдау табады, ол жағы әзірге белгісіз. Алайда, «жесірін дауға, жетімін жауға бермеген» өр қазақтың бүгінгі ұрпағы қаріп қасірдің көзіне қараудан бұл заманда ұялмайтын да, ойланбайтын да болып алған. Бір кезде аш-жалаңаш, Ібір-Сібір мен Қапқаздан, ормандай орыстың ішінен ауып келген жұрт қазір тойынған, жетілген. Қазір олардың қайсібірі болмаса, дені қазақты ел екен деп қарамайды. Есесіне, еліне еге болудан қалған қазақ ішінде тастанды бала, тайқы маңдай тағдырлы жандар көбейіп барады.

Masa.kz