АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Тәуелсіздік күні Түркияда аталды

18184-212-t_uels_zd_k_k_n_t_rk_ruТүркияның төрі – Анкара қаласындағы «Мэрриот» қонақ үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні құрметіне салтанатты қабылдау рәсімі өтті.Қазақстан Республикасының Түркия­дағы Елшілігі тарапынан ұйымдастырылған мерекелік шараға Түркия Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Тұғрыл Түркеш, Анкара қаласының мэрі Мелих Гөкчек, Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаттары, Анкарадағы дипломатиялық және ресми мекемелердің басшылары, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ жетекшілері, қазақ диаспорасының өкілдері мен шетелдік қонақтар қатысты. 
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында көптеген асуларды асып, ұланасыр жетіс­тіктерге қол жеткізгендігін және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сұңғыла саясат­керлігі мен талантты басшылығының ар­қа­сында үлкен жолды жүріп өткендігін айтып, Тәуелсіздік мерекесімен құттық­тады. 
«Қазақстан мемлекеттілігінің тұғыры бекіп, азаматтық қоғамы дамыды. Тұрақты және серпінді дамып отырған экономи­касымен, саяси ұстанымдылығымен әлемдік қауым­дастықтың ажырамас бөлшегіне айналды. Бүгінгі күнде еліміз заманауи мемлекеттің үлгісін көрсетіп келеді. «Мәңгілік Ел» атты ұлы мұратқа жетуді мақсат етіп, дамудың жаңа белес­теріне өтуге бел байлады»  деді Елші.
Исі қазақ жұртын Тәуелсіздік күнімен құттықтаған Түркия Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Тұғрыл Түркеш өз сөзінде Қазақстанның қарқынды дамуына және қазақ-түрік қарым-қатынасы­ның серпінді нығаюына баса назар аударды. «Қазақстан тәуелсіздік жылдардың ішінде әлеуметтік және экономикалық салалар бойынша айтар­лықтай жетістіктерге қол жеткізіп, аймақтық және әлемдік деңгейдегі беделін күшейтті. Бүгінгі күнде әлемдік қауым­дастықтар Қазақстанның сыртқы саясатын жоғары бағалайды. Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық ынтымақтастықтың аясында дамып келеді. Екі бауырлас ел арасындағы өзара тү­сіністік, ықпалдастықтың әртүрлі бағыт-бағдарлары бойынша ынтымақтастық, саяси үнқатысудың белсенділігі сынды дипломатиялық қасиеттер ерекшеленіп отырады» деп екі ел арасындағы туыстық арақатынасқа жоғары баға берді. Сондай-ақ Түркияның Премьер-министр орын­басары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатын бүкіл әлем жұртшылығының, соның ішінде бауырлас Түркияның да мойындап отырғандығын жеткізді. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жасаған батыл қадамдары мен күрмеуі күрделі мәселелерге дер кезінде табылған оңтайлы шешімдеріне көпшіліктің назарын аударып, жуырда ғана Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы модернизацияның жаңа белестеріне жеткізуге ықпал ететін негізгі құжат екендігін баяндады. Сонымен қатар «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық және саяси бағдарлама тәуелсіз Қазақ­станның өсіп өркендеуіне елеулі септігін тигізетіндігіне сенім білдірді. Екі бауырлас елдің туыстық деңгейдегі әр салада жалғасып отырған қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталған түрік саясаткері Түркияның жуырда құрылған жаңа Үкіметі өзара ықпалдастық пен ынтымақтастықтың дамуына бар күш-жігерін жұмсайтындығын жеткізді.
Әмірлан МӘУЛЕН

http://aikyn.kz/