АЛТЫНОРДА
Новости

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті өз бағасын алды ма?!

el.kzЖылымық күннің әдебиеті

(Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті туралы)

Әдебиеттанудың негізгі үш құрылымнан тұратынын білесіз. Әдебиет тарихы, сыны, теориясы дегендей. Әдебиеттің тарихы да өз ішінен үшке бөлінеді. Соның бірі – тарихнама. Біз, 1991-2015 жылдар аралығындағы қазақ әдебиетінің хал-ахуалын осы тарихнама аясында қарастыруды хош көрдік. Яғни, өткен күндерге барлау. Бақылау. Саралау.

1991 жылдың 16 желтоқсанынан бастап қазақ әдебиеті «Тәуелсіздік» сөзімен қатар жазыла бастады. Тәуелсіздік кезеңі әдебиетке қандай жаңалық әкелді? Қандай өзгеріс, ерекшелік болды? Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттану ғылымының даму барысы қандай? Енді осы сауалдарға ретіменен жауап берелік…

«Жанкешті» қаламгерлер…

Тәуелсіздік әдебиетке «жаңа» есімдер әкелді. Бұлар – азат ойдың иелері. Олар кімдер? Олар – Светқали Нұржанов, Жанат Әскербекқызы, Айгүл Кемелбаева, Нұржан Қуантай, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Әділ Ботпанов, Әмірхан Балқыбек, Думан Рамазан, Маралтай Райымбекұлы, Нұрлан Мәукеұлы, Дидар Амантай, Қуат Бораш, Талғат Ешенұлы, Әділбек Ыбырайымұлы, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Дәурен Берікқажыұлы, Жанарбек Әшімжан, Әлібек Шегебай, Бақытжан Алдияр, Бақыт Беделхан, Есей Жеңісұлы, Бекжан Әшірбаев, Саят Қамшыгер, Алмат Исаділ секілді талантты ақындар мен жазушылар. Бұлар – тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығының жемісі (1991-2001). Дәл осы жылдары еліміздің экономикалық жағдайы да қара халыққа үлкен ауыртпашылық әкелді. Нарық кезеңінде ұлттық әдебиетке алтын көпір болып келіп, аға буыннан әдеби жалғастық эстафетасын үлкен сеніммен қабылдап алып, тұрмыстық жағдайға қарамай, тіршіліктің мың тірлігімен санаспай, әдебиетке адалдық танытқан бұлар – «өлара» кезеңнің қайсар сарбаздары еді. Әдебиеттанушылар мен сыншылар бұларға өздеріне лайық бағасын әлі күнге дейін бере алмай келе жатыр!

Тәуелсіздіктің екінші онжылдығы да осал емес. 2001-2011 жылдар аралығында әдебиет айдынына Ырысбек Дәбей, Дәулеткерей Кәпұлы, Қанағат Әбілқайыр, Жанар Әсадық, Торғын Тұрлыбаева, Нұрлан Жұмахан, Данияр Саламат, Асхат Жалбағай, Бану Дәулетбаева, Өміржан Әбдіхалықұлы, Алмас Темірбай, Айнұр Әбдірәсілқызы, Бауыржан Халиолла, Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Ұларбек Дәлей, Ықылас Ожай, Бауыржан Қарағызұлы, Тоқтарәлі Таңжарық, Бейбіт Сарыбай, Ерлан Жүніс, Дархан Бейсенбек, Ринат Қайыртайұлы, Ерғали Бақаш, Мирас Мұқашев, Қанат Әбілқайыр, Мақсат Мәліков, Серікбол Хасан, Нұрлан Құмар, Жандос Байділда, Бақытгүл Бабаш, Мадина Омарова, Аягүл Мантаева, Құралай Омар, Айнұр Шамшейітова, Лира Қоныс, Назира Бердалы, Танакөз Толқынқызы, Асылзат Арыстанбек, Айжан Табаракқызы, Мақпал Мыса, Эльмира Ерікқызы, Индира Кереева, Ерболат Әбікенұлы, Мирас Асан, Алмас Нүсіп, Әлібек Байбол, Арман Әлменбет, Қанат Тілепбергенов, Жеңісбек Кәкенов, Сержан Зәкерұлы, Сағадат Ордашева, Ақерке Асан, Әсем Қоспағарова, Динара Мәлік,Үміт Зұлхарова, Жанат Жаңқашұлы, Қуат Қиықбай, Саян Есжан, Жасұлан Серік, Алтыншапақ Хаутай, Шарафат Жылқыбаева, Ержан Тоқтар, Азамат Тасқара, Олжас Қасым, Қайсар Қауымбек секілді жастар лек-легімен келді. Бұл жастардың кейбірін ғалымдар тұрмақ, оқырмандар да білмейді. Бұл тізімге енбей қалған жастар да болуы заңдылық. Басты себеп: біз де оқырман ретінде оларды әлі оқымадық. Ашығын айтқанда, танымаймыз!

Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығының кіндігін кескендер де бар. Олар 2011 жылдан бері әдеби аренаға танылып қалған жасөрендер. Атап айтсақ, Мерген Тоқсанбай, Мақпал Сембай, Мақпал Төребек, Құндыз Жұбаева, Ботакөз Бексары, Салтанат Қожа, Шерхан Талап, Айбол Исламғалиев, Асылан Тілегенов, Батырхан Сәрсенхан, Нұртас Тұрғанбекұлы, Манас Қайыртайұлы, Әлішер Әлімжан, Еламан Хасен, Марғұлан Ақан, Тұрсынбек Башар, Жандарбек Жұмағұлов, Мейіржан Жылқыбай, Серік Қантаев, Алпамыс Файзолла, Жанайдар Болатбекұлы, Жәнібек Қойтай, Ләззат Мақаш, Нұргүл Қалимолда, Дина Бөкебай секілді жас қалам иелері. Бұл тізім мұнымен таусылмайды. Әлі де жалғасады. Жалғаса бермек… «Хияметте басталған, ахиретте нүктесі қойылады» (Айбек Қалиев) дегендей, біздің бағзы заманнан басталған әдебиетіміздің өміршең боларын осындай жас толқындардың жыл сайынғы қаулап келіп жатқан лектерінен байқаймыз.

Тәуелсіздік алғаннан бері атамекеніне қандастарымыз келе бастады. Олар – қазақтың байырғы салт-дәстүрі мен тілін, дінін сары майдай сақтаған нағыз қазақы бауырларымыз. Олар – қазақ әдебиетіне үлкен серпіліс әкелді. 1921 жылдан бері КСРО құрамында болған біздің еліміз айналасы жетпіс жылдың ішінде «орыстанып» кеткен еді… Осындай олқылықтарымызды толтырған атамекеніне оралған бауырларымыз! Мысалы, Шүкір Хамай, Абай Мауқарұлы, Құл Керім Елемес, Дәулетбек Байтұрсын, Жәди Шәкенұлы, Есенгүл Кәпқызы, Тоқтарәлі Таңжарық, Ырысбек Дәбей, Бақытгүл Баймолдақызы секілді қандастарымыздың шығармаларын оқи отырып, байырғы қазақтың мәдениетін, тілін көре аласыз.

Жастардың «Жас толқын», «Жас дәурен» серияларымен «Жалын», «Жазушы» баспасынан жарыққа шыққан поэзиялық, прозалық кітаптарын түгелдей болмаса да, сексен пайызын оқып, тауыстық. «Классик» болмаса да, тәп-тәуір жазатын ақындар мен жазушылар бар. Араларында экспериментке сәтті барып жүргендерде кездеседі. Идея, сюжет болғанымен, тілдік тұрғыдан ақсайтындары да бар. Бәрін өте жақсы демесек те, кейбір шығармалары сәтсіздікке ұшырағандары да бар. Біз, алдағы мақаламызды осы қос сериямен кітаптары жарық көрген жас қаламгерлерге арнамақпыз.

Тәуелсіздік кезеңіндегі қаламгерлердің бәрі – жанкешті. Біздің тараптан тек оларға насихат пен қолдау керек! Біздің міндет – талдау мен бағалау, олардікі – жазу. Алаңсыз жазу болмақ!

Аймақтағы шығармашыл жастар тасада қалды

Алматы мен Астанада тұратын жас қаламгерлерден бөлек бізде көптеген таланттар бар. Олар – насихат пен қолдауға зәру! Олардың тасада қалып жатқаны – жанымызды ауыртады. Мысалы, Қостанайлық талантты ақын Абылай Мауданов – халықаралық «Шабыт» фестивалінің «поэзия» номинациясы бойынша Гран-При иегері, балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз», «Балауса» байқауларының бірнеше мәрте жеңімпазы, жезқазғандық балалар ақыны Ернұр Сейдахмет, Талдықорғандық прозаик, новелист Асхат Өмірбаев, талантты әрі ойлы ақын Жұматай Әміреев секілді ақын, жазушылар аймақтарда еңбек етіп жүр. Осы аталған қаламгерлерді көбіміз білмейміз. Насихаттары жоқ. Абылай Маудановтың алғашқы туындысы «Сары дәптер» осы жылы ғана өзінің қаражатымен жарық көрді. Сонда аймақтағы жастар өздері қимылдамаса, әрекет етпесе мемлекеттік ұйымдар мен одақтың аймақтық филиалы керек етпей ме?!

Талдықорғандық Мәди Алжанбайдың «Автобустағы әңгіме» атты кітабы бар. Бірінші бөліміне жазушының прозалық шығармалары енсе, екінші бөлімге қаламгердің аударған шығармалары еніпті. Мәдидің аудармашылық қабілеті тәнті етті. Әсіресе, Акутакаваның «Өрмекшінің жібі», Чеховтың «Кетті» , Чигреннің « Шаганэ, менің Шаганэм…» атты аудармалары көңілден шықты. Мәди Алжанбайдың аударған шығармаларын асыға оқиық!

Аймақтардағы жастарды қолдау керек екенін естен шығарып алмайық!.

Олар да ақын…

Байқауымызша, жазба ақындар мен айтыскер ақындар арасында қақтығыстар өте көп. Айтыс – төл өнер. Айтыскер ақындардың арасында да жазбалық дәстүрді дамытып жүргендер бар. Мысалы, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазы, Талғат Мықи, Тоба Өтепбаев секілді айтыскер ақындардың поэзиясы ерекше. Серік Қалиев пен Талғат Мықидың поэзиясы кәнігі жазба ақындарынан артық болмаса, кем түспейді.

Тәуелсіздік кезеңінің алғашқы онжылдығы мен екінші онжылдығының бас кездерінде қазақ айтыс өнері өте жоғары дәрежеде дамыды. Кәсіби көркемдік деңгейі өсті. Тәуелсіздік кезеңінде «қос айқай» атанған қасиетті суырып салмалық сөз өнеріне Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосымбаев,Аманжол Әлтаев,Оразалы Досбосынов, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаевалар қазақ айтысына үлкен жаңалық, серпіліс әкелді. 1994-2007 жылдардағы қазақ айтыс өнері – айтыстың резонанс тудырған кезеңі еді… Ал, қазіргі айтысты талдауға өреміз жетпейді? Оның үстіне «Лақпа» айтыс деген жаңа форма ойлап тауып, қазақ мәдениетіне, руханиятына дақ түсіріп, күлкі болдық. Сүйінбай мен Жамбылдың аруағын сыйламадық-ау! Енді осындай «шоу» процесстері жалғаса берсе,ата өнерді өлтіреміз. Айтысты жерлеп тынар ма екен…

«Тәуелсіздік кезеңі» деген ұғымды ажырата алмайтын ғалымдардан қандай үміт күтеміз?!

Қазақстанда әдебиеттану ғылымымен негізі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлерімен қатар жекелеген ғалымдар, аймақтық ЖОО әдебиеттанушылары айналысып жүр. Осы біздің әдебиеттанушы ғалымдар «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» дегенді дұрыс түсіне алмайтын сияқты. Біз, осы салаға жаңадан келсек те, әдеби процеспен ертеден бері таныспыз. Түрлі конференция жинақтары, ЖОО хабаршылары, әдебиеттануға қатысты газет-журналдар да біздің назарымыздан бірелі тысқары қалған емес. Біздің әлі бұғанамыз бекіп, қабырғамыз қатаймаса да, тәуелсіздіктің құрдасы ретінде өз дәуіріміз туралы ой топшалауды міндет һәм парыз тұттық. Себебі: Біз – осы дәуірдің адамымыз. Мына жоғарыда аталған ақын-жазушылар біздің көз көрген тұстастарымыз. Осы қаламгерлер туралы айту, жазу – замандасқа жүктелер міндет. Әдебиеттанушының миссиясы – өз дәуірінің қаламгерлерін насихаттау, жарнамалау, талдау, саралау, бағалау!

«Тәуелсіздік» әдебиетін дұрыс түсінбей жүрген ғалымдардың еңбектеріне тоқталайық, сөзіміз жалаң болмасын. Қансейіт Әбдезұлы есімді профессор, филология ғылымдарының докторы бар. Осы ғалымның «Тәуелсіздік кезеңі және қазақ әдебиеті» атты оқу құралы бар. Бұл кітап – ешқандай оқу құралы емес! Және де бола алмайды. Бұны – мақалалар мен сұхбаттар жинағы деп түсінген абзал. (Кітаптың мазмұнын фотодәйек ретінде беріп отырмыз – Т.Е.) Мазмұнына қарап отырып, күлесіз бе, жылайсыз ба өз еркіңіз. Біздегі ғалымдардың «тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» туралы түсінігі Айгүл Кемелбаева, Дидар Амантай, Ақберен Елгезек, Ұларбек Дәлей, Ықылас Ожай, Бауыржан Қарағызұлы, Тоқтарәлі Таңжарық, Бейбіт Сарыбай, Ерлан Жүніс, Дархан Бейсенбек, Мирас Асандармен емес, М.Х.Дулати, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Ұлбикелермен қалыптасқан екен. Ең өкініштісі – осы болып тұр! Кешіріңіз, тәуелсіздік кезеңіне «Жаһан наме» дастаны, Тұрмағамбеттің дастандарының қандай қатысы бар? Бірі – ортағасырлық, екіншісі – ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы әдеби кезеңге тән әдеби мұралар. Сонда біздің ЖОО студенттеріміз әлі күнге дейін КСРО тұсындағы шығармаларды оқып жатыр! Бұны ойлап отырған біреу бар ма? Тәуелсіздіктен бергі жаңа буынның шығармалары сонда қашан насихатталмақ? Қашан оқу құралына енбек? Мысалы, жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Жетінші құрлыққа саяхат» атты повесі, Бейбіт Сарыбайдың «Рауғаш ерте гүлдейді», «Қараторғай» хикаялары балалар әдебиеті оқулығына енуге әбден тұрарлық еңбектер. Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптары», «Шайтан мен шайыры», Жанарбек Әшімжаннның өлеңдері және тағы басқа ақын-жазушылардың туындылары да ЖОО студенттеріне арналған «Қазіргі қазақ әдебиеті

(Тәуелсіздік кезеңі)» оқу құралына, хрестоматиясына енуге сұранып ақ тұр!

ЖОО «Қазіргі қазақ әдебиеті» деген міндетті курс бар. Осы кустың арнайы оқулығы жоқ. Оқулығы тұрмақ, типтік бағдарламасының өзі сын көтермейді. Сондай бір оқу құралының авторы – А.Тоқсамбаева есімді әдебиетші. Бұл кісінің «Қазіргі қазақ әдебиеті» (1960-2000 жж) атты оқу құралы 2013 жылы «Фолиант» баспасынан «Жоғары білім» сериясымен жарыққа шығыпты. Әдебиеттанушы ретінде біз оқулықтың аннотациясымен, мазмұнымен танысып ештеңе түсіне алмадық.Бұл кітаптың тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетке ешқандай қатысы жоқ!

ХХ ғасырды көбіне былай жіктейміз:1) 1917-1940 жж 2) 1940-1960 жж 3) 1960-1990 жж. Бірінші кезеңге Б.Кенжебаевтың, Ө.Әбдиманұлының «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» оқу құралын пайдаланамыз. Екінші кезең – соғыс жылдарындағы қазақ әдебиеті. (С.Қирабаев, С.Мақпырұлы, Т.Сыдықов т.б. ғалымдардың зерттеулерін басшылыққа аламыз). Үшінші кезең – өркендеу кезеңі. (Профессор Ж.Ә.Аймұхамбеттің оқу құралы сәйкес келеді) .Оқулық шығару үшінде қарапайым осындай элементтерді хронологияға сәйкестендіріп, шығару керек ау!

Көңілге медеу болар бір ғана оқу құралы табылды. Ол – 2012 жылы шыққан «Қазіргі қазақ әдебиеті» кітабы. Бұл оқу құралы – жоғарыдағы аталған екі кітаптың жанында «айналайын» ғой. Әйтсе де кемшін тұстары бар. Бұл кітапты Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Б.Ердембеков,Ж.Аймұхамбет, Р.Тұрысбек, Қ.Байтанасова, С.Айтуғанова секілді республикамызға танымал оқытушылары құрастырған екен. Кітап тәуелсіздік жылдарындағы шығармаларға жазылу жанры бойынша жалпылама сипаттама берілген.

Негізі әдебиеттанудың өзекті мәселелерімен айналысатын бас мекеме – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. ҚР Білім және ғылым министрлігі болашақ «әдебиетші» мамандарға жандары ашыса, оқу бағдарламасы, оқу құралын реттестіру шараларын осы институттың құзырына берсе екен… Әйтпесе, жекелеген ғалымдардың сапасыз, оқу бағдарламасының талаптарына сай емес оқу құралдары студенттерді шатастырып жатыр! Аталмыш институттың «қазіргі қазақ әдебиеті» бөлімінің қызметкерлері осы түйткілді оңтайлы шешер ме екен?! Бұл – сынақ!

Қаламгерлерге қамқорлық керек!

Тәуелсіздік алғаннан бері ҚР-ның Үкіметі кеңес одағы билік еткен кезеңдегідей болмаса да, қаламгерлерлерді шама-шарқынша қолдап келеді. Екі жылда бір берілетін Мемлекеттік сыйлық, Жазушылар одағы бекіткен халықаралық «Алаш» сыйлығы, жастарға берілетін «Дарын», «Серпер» мемлекеттік сыйлықтары, меценаттар тағайындаған «Тарлан», «Тарлан-Үміт» тәуелсіз сыйлықтары, ҚР Президенті стипендиясы тағы басқа жоғары дәрежелі наградалар мен ордендер қаламгерлер үшін жасалып жатқан игі іс.

Алайда, әдебиеттегі ең қадірлі – Мемсыйлықтың өзі қатардағы «жазғыштарға» беріліп жатқаны жаныңызды ауыртады. Халықаралық «Алаш» сыйлығын иеленгендер санынан жаңыласыз.

Әдебиет – атақ-дәреже, сыйлықпен өлшенбейді! Бірақ, атақ пен сыйлық жазушы мен ақын, сыншыға стимул береді. Жазуға деген құмарлықтарын арттырады. Шабыттандырады. Әлбетте, атақ лайықты қаламгерлерге берілсе дейміз ғой…

Қазіргі таңда көптеген мүшайралар мен әдеби байқаулар жиі өтуде. Бұны – әдебиет үшін жасалған жақсылық, жазушы үшін қамқорлық деп ұғыну керек! Мысалы, жас қаламгерлерге арналған «Алтын қалам» , «Аңсар», балалар әдебиетін қолдауға арналған «Дарабоз» , «Балауса» , «Жауқазын» байқаулары секілді әдеби бәйгелердің санын да арттыру керек!

Қазір – жаһандану дәуірі. Жаһандануға қарсы тұратын антивирус – әдебиет! Осындай жаңа технологиялар дамып жатқан кезеңде әдебиетті насихаттауға, жазушыларды қолдауға арналған «Әдебиет порталы» интернет жобасы – қаламгердің жаны емес пе?! «Әдебиет порталы» – тұтас бір одақтың қызметін ғаламтор арқылы атқарып жатқанын айта кеткеніміз артық болмас. Оны өздеріңіз көріп-біліп отырсыздар.

Ақиқатында, қаламгерлерді мемлекет қамқорлығына алу керек! Жағдай жасалса ғана әдебиет өркендейді, дамиды.

PS: Жиырма төрт жылдық тарихы бар тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетінің хал-ахуалын бір ғана мақала аясында егжей-тегжей айту, талдау мүмкін емес. Сонда да біз көкейде жүрген көкейкесті мәселелерді шама-шарқымызша көтеруге ниеттендік. Біздің ой-арманымыз тек тәуелсіздік тудырған таланттардың туындылары хақында айту еді… О баста мақсат еткен жоспарымыз орындалды ма, көкейдегені айта алдық па, білмеймін, ол жағы Сіздің еркіңізде. Сіз – төрешісіз! Біздікі – тек айту, сипаттау.

Алдағы уақыттарда 1991-2015 жылдар аралығында әдебиет сынына, драматургия, балалар әдебиетіне, сатира саласына, әдебиеттану ғылымының даму барысына арнайы зерттеу мақала жазбақшымыз.

Өзіңіз білесіз, Тәуелсіздік деген – еркіндік, азаттық. Ал, жылымық деген – жылы деген мағына береді. 1991-2015 жылдар аралығында әдебиетімізге қосылған қаламгерлер нарық уақытында, мынадай алмағайып заманда, руханияттың шегесі босап, күші әлсіреген тұста бізге тек «жылу» сыйлап жүргенін ұмытпаңыз! Бұлар – жылымық күннің қаламгерлері!

Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиеттанушы
adebiportal.kz

Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/tauelszdk-jyildaryindagyi-kazak-adebiet-oz-bagasyin-aldyi-ma-65389/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі