АЛТЫНОРДА
Новости

Тәуелсіздікті тойлаудың ұлттық үлгісін табуымыз керек

Алдымызда Тәуелсіздік мейрамы келе жатыр. Жалпы, қандай да бір мереке келе жатқаннан көңіл құрғыр төменшіктей бастайды. Неге? Себебі сондай кештерде сахна нағыз қазақ әншілерінікі емес, орысбайлау, «гламурный» әншілердің еркіне тиетінінен. Бірінші рет емес, Тәуелсіздігімізге 22 жыл болды, содан бері болып келе жатқан ахуал – қазақы қара домбыра концерттің шымылдығын ашып береді, бітті! Ары қарай жарқ-жұрқ, желп-желп, селтең-селтең шоу басталады да кетеді. Жалпы, біз қазір Тәуелсіздікті қалай тойлап жүрміз?

Бәлкім, бүгінгі заман талабы, бүгінгі жас­тың сұранысы болған соң шоулатып жатқан шығармыз. Тіпті өз әншілеріміз де концерттік мереке думанын қыздыруға жетпейді дей ме, қандай да бір мерекелік кештеріміз шетелдік әншісіз өтпейді. Бы­лайғы кездері келіп, қазақстандық әнші­лерді он орап алатын бағаға билет сатып, жеке концерт қойып кететіндері өз алдына. Ал мерекелік шоуларға шақырылатын «жұл­дыздардың» «орып кететін» ақшасын анау-мынау қазақ ауызбен айтуға қорқа­мыз тіпті. Өң түгіл, түсімізде көрмеген сома. Орта есеппен алғанда, ресейліктер мен шетелдік әншілерге 30 мыңнан бастап 5 млн АҚШ долларына дейін төленеді екен. Онымен қоймай, құдды солар бір тегін келгендей алдына түсіп жорғалап, жал­пақшешейленіп, қайта-қайта «спаси­бо­лап» «өлеміз». Ал қазақтың қай әншісіне өз елімізде осынша құрмет көрсетіп отыр­мыз?

Осы тұста «біз өзімізді-өзіміз неге өгей­сі­теміз, неге басқалар қазақ әншісіне дәл біз шетелдіктерге қарағандай қарамай­ды?» деген сұраққа жауап іздеп көрдім. Рас қой, құр мақтағаны болмаса, қай мем­лекет қай қазақты осындай сомаға шақы­рыпты? Шымбайға батса да шындық!

Содан ойлана келе қарасақ, қазақ­стан­дық өнерпаздар арасында әлемді мо­йындатқандары тым аз екен. Олар және елде емес, сол шетелге біржола қызмет етіп кеткен. Біз секілді бір рет шақырып алып, бәлен ақшаны қалтаға салып жібе­ретін шетел ақымақ емес өйткені. Олай болса, неге бізге сол шетелдік «қымбат» ән­шілердің деңгейіне ұмтылмасқа? Бәл­кім, біздің мемлекет төрт-бес әншіге өзі продюсер болып, соларды әлемдік аренаға көтеруі керек шығар? Қалай ойлайсыздар? Онымыздан бірдеңе шыға ма? Және де ол төрт-бесеуге кім лайық? Имидж үшін де пай­далы бұл істі қайтсек жүргізе аламыз? Қа­зақ менсінбей жүрген дәстүрлі әншілер мен ұлт-аспаптар ансамблін қалай шетелге шығара аламыз? Осы тақылеттес сауал­дар­ды әлеуметтің талқысына салып кеп жіберіп едік:

Жұмабике ШАҢҚАНОВА, журналист:

– Әлемдік аренаға «Ұлытау» мен «МузАрт» сынды топтар жүруге лайық дер едім мен. Дәстүрлі әншілеріміз бар, солар­дың ең мықты дегендерін неге көтермеске? Сондай-ақ Алтынай Жорабаева да қазақ атын әлемге таны­ту­ға үлес қосып жүр. Қайрат Нұртастың да көрермен жүрегіне жол таба біл­генін мойындауға тиіспіз. Міне, мем­лекет осыларға неге өзі продю­сер бо­лып, әлемге сүйремейді?

Дархан РАХЫМ-ЖАН: 

– Димаш Құдайбергенов лайық! Ол оны дәлелдеп жүр. 

Айгүл МАХАНОВА: 

– Бұл, шынында да, шымбайға бататын шындық. Сол шетелден келген әншсы­мақ­тар мән-мағынасы жоқ әндерін айтып, ақшаларын алып кетіп жатыр. Сонымен қой­май тағы «қазақтар мәдениетсіз» деп айтып кетіп жатқандары қаншама?!. Бұл мәселені билік басында отырған азаматта­рымыз біліп, қандай да бір заң қабылдап шешпесе, қарапайым халықтың қолынан не келер дейсіз?

Бұл осылай бола қойсын, енді Тәуел­сіздік мерекесін қалай тойлауымыз керек? 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

– Әуежайларда Ресейдің Биланы, бас­қасы саң­қылдап тұрса, қайдан бүгінгі ұрпақ Бибігүлі мен Розасына құрметпен қарап, домбы­расын тыңдасын. Теледидар толы шетелдік клиптер болса, қалай ғана Тәуелсіздік үшін күрескен өз ерлерін қадір тұтсын?.. Таны­майды ғой? Тәуелсіздік мерекесі бір-ақ күн­де өтетін де кететін науқан болмауы тиіс. Желтоқсан қалай басталады, солай Тұңғыш Президент күні­нен ары қарай іліп әкету керек те, күн сайын осы басты құнды­лығымыздың қа­дірін түсіндіретін бағдар­ла­малар беріліп отырса… Әсіресе Желтоқ­сан­ның оқиғасын жеңіл-желпі емес, кә­дім­гі шымбайға бататындай етіп, рухты оя­татындай етіп көрсету керек. Олай етпей, жастардың санасына сіңіру мүмкін емес. Ал біз болсақ, «мінекей, Желтоқсан да ке­ліп­ті, егемендік алыппыз» деп желп-желп етіп тұрғанымыз. Тәуелсіздіктің мән-мағы­насы мен тарихы жайлы ойлантудың ор­нына тойлатып жатқан біз бүгінгі ұрпақ­ты «ду-ду думандатып» концертпен шы­ғарып салып жатырмыз. Соған қарап үнемі «осы ұрпақ еркіндіктің не үшін келгенін, ата-ба­бамыздың не үшін ғасырлап қан мен тер төккенін, жанын құрбандыққа шал­ғанын түсінбей жүрген жоқ па?» деп қауіптенемін. Сондықтан «Егемендіктің келген күні» деп бір концерт беріп, үстірт өткеруді тоқтат­қа­нымыз жөн. Тәуелсіздікті тойлаудың ұлт­тық үлгісін табуымыз керек.  Ұлт мақта­ныш­тарын көрсе­те­тін дұрыс арна таба ал­май, қарным ашып жүргені… Мен, мыса­лы, Тәуелсіздікті тойлауға арналған шара­лардан осы жолда ұлтымыздың бастан өткерген қилы тағды­рын бейне­лейтін дү­ниелерді көргім келеді. Ал ондай жоқ әзір­ге. Концертке барған жұрт киім ілгіштен киімін алып шығып ба­ра жат­қанда-ақ өзі­нің не көріп, не қой­ғанын ұмытып қалады. Сонда біз не ұтамыз бұдан?!.

Автор: Мәриям ЖАГОРҚЫЗЫ

http://alashainasy.kz/ayb/48289/