Бүгін Алматыда күндіз бір жарым сағаттың ішінде 3 рет жер сілкінісі тіркелген болатын. Бірінші жерасты дүмпуі 13 сағат 50 минутта Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 620 шақырым жерде, Тәжікстан аумағында болды.
Оның магнитудасы 6,9 балды құрады. Екінші зілзала 14 сағат 30 минутта Алматыдан 245 шақырым жерде, Қырғызстан аумағында орын алды. Оның магнитудасы 5,9 балға жетті. Үшінші жер сілкінісі 15 сағат 24 минутта Тәжікстан жерінде болды. Ал оның магнитудасы 5 балды құрады. Сәйкесінше, жер асты дүмпуінің ошағына жақын орналасқан Қазақстанның қалалары – Тараз бен Шымкентте сезілген жер сілкіністерінің магнитудасы 3-4 балды құраса, Алматыда 2 балл ретінде тіркелді.
Осыған байланысты, «Сейсмология институты» ЖШС директоры Таңатқан Абақанов жұртшылықты үрейленбеуге шақырды.
«Тибет, Тянь-Шань және Алатау тау сілемдерінде жер сілкіністері жиі тіркеліп жатыр. Олар – транзиттік жер сілкіністері. Олардың ошақтары Үндістан мен Непал жерінде. Сондықтан бұл жер асты дүмпулерінен келіп-кетер қауіп жоқ. Яғни, үрейленуге ешқандай негіз жоқ. Біз жерасты дүмпулеріне қатысты бақылау жүргізіп жатырмыз. Күшті жер сілкінісі болмайды», – деді Абақанов.