Тәжік мемлекеттік телеарнасы Голливуд фильмдерін субтитрсіз ағылшын тілінде көрсете бастады. Телеарна өкілдері жұрттың ағылшын тілін тезірек үйренуі үшін фильмдерді аудармасыз беріп жатқандарын айтады.
Душанбе университеті студенті Мехрангез «ағылшын тілінде сөйлесіп жаттығуға мүмкіндігі аз» екенін айтады.
«ЕКІ-АҚ СӨЗІН ТҮСІНДІМ»
Жақында тәжік телеарнасынан «Ұлы Гэтсби» (The Great Gatsby) фильмін көрген ол өзінің ағылшын тілін түсінбейтінін ұққан.
Мемлекеттік телеарналар кадр сыртындағы аудармашы даусы мен тәржіме мәтінді алып тастап, киноны тек ағылшын тілінде көрсетуге көшкенде Мехрангез кейіпкерлердің диалогын ұғып үлгермеген. «Hello (Сәлем) және madame (мадам) деген екі сөзді ғана түсіндім» дейді ол.
Бірақ Мехрангез фильмді соңына дейін көріп шыққан. Ол осылай көре берсем, күндердің бір күні ағылшын киноларын қазіргі орыс тіліндегі фильмдерді түсінгендей еркін ұғатын боламын деп сенеді.
— Тәжік телеарнасынан көптеген Америка фильмдерін көрдім, солардың ішінде «Ұлы Гэтсби» атты жаңа фильм қатты ұнады. Ағылшындардың, америкалықтардың фильмдерін түпнұсқадан көру біздің ағылшын тілін түсінуімізді жақсартады деп ойлаймын — дейді ол.
Бірнеше ай бұрын тәжік мемлекеттік телеарнасы ағылшын тіліндегі киноларды түпнұсқадан көрсете бастады. Қазір үш телеарна Голливуд (АҚШ) және Болливуд (Үндістан) фильмдерін бейсенбі және жексенді күндері аудармасыз көрсетіп жатыр. Сөйтіп олар ағылшын тіліне қатысты бұған дейін болмаған өзгеше науқан бастап отыр.
Тәжікстанның «Бірінші» телеарнасы басшысының орынбасары Комрон Сафаров аға буын өкілдерінің жастайынан орыс тіліндегі киноларды көріп өскенін айтады. «Солайша Совет Одағы жастары орысша жақсы сөйлеп, түсінетін болды» дейді ол.
Сафаровтың айтуынша, «Қазір елде ағылшын тілін үйренуге ниетті жастар көбейген». Ол «осы жастарға ағылшын тілін күнде құлағына сіңіруге жағдай жасап, ағылшын тілін меңгеру процесін тездету керек. Адамдар есту әрі көру арқылы шет тілін тез үйренеді» дейді.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТАЛАБЫ
«Сафина» және «Бахористан» атты екі мемлекеттік арна да жұртқа ағылшын тілін меңгеруге көмектесу мақсатында аптасына екі күн ағылшын фильмдерін көрсете бастаған.
Тәжікстандағы ағылшын тілі оқытушылары қауымдастығының төрағасы Парвон Жамшедтің айтуынша, «қазір Тәжікстан тұрғындарының 5 пайызы ғана ағылшынша біледі».
Дегенмен ағылшын тілін үйренгісі келетін жастар көбейген. Биыл Тәжістан орта мектебінің мыңдаған оқушысы АҚШ конгресі демеушілік жасайтын студент (оқушы) алмасу (FLEX) бағдарламасы арқылы АҚШ мектептерінде оқуға өтініш берген. Олардың ішінен 100 оқушы талапқа сай болып шықты.
Тәжікстанда ағылшын тіліне сұраныс артқан соң мемлекеттік мектептер мен жеке оқу орталықтарында ағылшын тілі курстары көп ашылып жатыр. Бірақ Жамшед «Орталық Азия елдерінің қоғамдық өмірінде ағылшын тілді ортамен араласу мүмкіндігі аз» екенін ескертеді.
— Қазір тіл үйрететін орталықтар мен ағылшынша оқытатын ЖОО көп. Бірақ ағылшын тілінде қарым-қатынас жасайтындар аз, тіл үйренушілер фильм көру арқылы ғана дағдысын жетілдіре алады, — дейді ол.
Тәжікстан телеарналарынан көрсетілетін шетелдік фильмдердің көбі Ресейде орыс тілінде дыбысталып, бұл елге Ресей нарығы арқылы келеді. Орыс тілі көптеген жылдар бойы тәжіктердің екінші тілі саналып келді, сондықтан оны мұндағы жұрт көп қиналмай түсінеді.
Бірақ ел президенті Эмомали Рахмон «әр азамат ағылшын, орыс және ана тілін білуі тиіс» деп мәлімдеді. Сафаровтың айтуынша, осыдан соң ағылшын тіліндегі фильмдерді көрсету ұсынысы тікелей президент кеңсесінен түскен.
Елдегі мемлекеттік телеарналардың басшылары «болашақта ағылшын және орыс тіліндегі киноларды көрсету уақытын қатар арттырамыз» дейді. Бірақ олар бұл шараның қашан және қалай іске асырылатыны туралы егжей-тегжейлі айтпады.
(Зарангези Наврузшоның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
http://www.azattyq.org/content/tajikistan_and_holliwood/26729652.html