Отандық медицина саласына қаратып айтылатын сын ешқашан тоқтаған емес. Медицинадағы кемшіліктер мен дәрігерлер жұмысындағы олқылықтарды қазір кез келген жан санамалап айтып беруге дайын. Әсіресе, халыққа берілетін тегін дәрі-дәрмек мәселесіне келгенде халық арасында наразылық жиі туындап жатады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау саласын дамыту үшін «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қабылдаған болатын. Аталған бағдарламада дәрілік заттардың сапасын арттыру және халық үшін қажетті дәрі-дәрмектердің қолжетімді болуы басты назарға алынған. Елімізде жыл сайын арнаулы топтағы жандарға тегін дәрі-дәрмектер үлестіреді. Алайда үлестірілген тегін дәрі-дәрмектер санының шектеулілігі, дәрілік заттардың белгіленген уақытта тұтынушыларға жетпеуі үнемі дау тудыратын мәселе.
Жалпы, тегін дәрі-дәрмек алу үшін ереже бойынша белгіленген сырқатпен ауыратын науқас жандар тұрғылықты жеріндегі емханада есепте тұруы керек. Тұрғылықты жері бойынша емханаларға тіркелген науқастарға тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тізімі дәрігердің нұсқауы бойынша белгіленеді. Медициналық мекемелердегі дәрі-дәрмектер туралы деректер барлық емханаларда болуы міндетті. Тегін дәрілер ең алдымен, онкологиялық ауруға, гепатитке, қант диабетіне, қан ауруына, туберкулезге, ВИЧ-ке шалдыққандарға беріледі.
Әдетте, халық тегін дәрі-дәрмектің тапшылығын жылдың басында сезінеді. Ал биылғы жылдың алғашқы аптасында Үкімет мүшелері 2015 жылы жұртшылықтың тегін дәрі-дәрмектен тапшылық көрмейтіндігін мәлімдеп, көпшілікті сендіргендей болды. Десек те, мұндай уәде биік мінбелерден жиі-жиі айтылғанымен, іске асатыны аз. Айта кетейік, 2013 жылы тегін дәрі-дәрмек сатып алу үшін бөлінген қаржы көлемі 139 миллиард теңгені құраған. Ал 2015 жылы халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін қазынадан 80 миллиард теңге бөлініп, дәрі-дәрмектің мыңнан астам түрі сатып алыныпты. Сол себепті, үстіміздегі жылы тегін дәрі-дәрмекке қатысты дау туындамайтындай көрінген. 2013 жылы халыққа тегін дәрі үлестіру үшін қомақты қаржы бөлінсе де, жұртшылық тегін дәрі тапшылығын сезінген болатын. Демек, тегін дәрінің тапшылығы қаражатқа ғана байланысты емес. Үкімет қазынадан қаншалықты қаражат бөлсе де, тегін дәрімен халықты толық қамтамасыз ете алмай келеді.
Тегін таратылатын дәрілік заттар қаңтар айында еліміздің кез келген аймағындағы барлық емханаларға жеткізілуі қажет. Дәрі-дәрмектерді емханаға жеткізу де тез аяқталатын шаруа емес. Өйткені дәрілік заттарды тасымалдау мәселесі жыл сайын сынға ілігеді. Қажетті дәрі-дәрмектердің емханаларға уақытында жеткізілмей, халықты әбігерге салатыны жасырын емес. Ал биыл кейбір дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін әлі күнге дейін тендер де өткізілмеген. Тегін дәріге қатысты тендер тәртібі жылда депутаттардың наразылығын тудырады. Олардың айтуынша, шенділер дәрі-дәрмекке қатысты тендер тәртібін жылына бірнеше мәрте өзгертеді, соның әсерінен дәрілік заттардың бағасын қымбаттатады және жемқорлық әрекеттерге барады екен. Дәрілік заттарға қатысты тендер өткізіліп, арнайы дәрі өндіруші компаниялармен келісімшарттар әзірленгенше де біраз уақыт өтеді. Осылайша, қажетсіз қағазбастылықтың кесірінен науқастар қажетті дәрі-дәрмектеріне уақытында қол жеткізе алмайды. Шалғай елді мекендерде тегін дәрі-дәрмек алуға ниетті жандарға республика, облыс, аудан арқылы жеткенше, тегін берілуге тиісті дәрілік заттардың саны азайып кетеді. Емханаларда науқастарға тегін берілуге тиісті дәрі-дәрмектердің кейбір түрлерінің таусылып қалуы да жиі кездесетін жағдай. Бұған соңғы уақытта науқастар да үйренісіп алғандай. Әсіресе, қауіпті аурулардың дәрілері жиі бітіп қалатындығын айтады науқастар. Ал жүрек пен қан қысымы ауруларына ем болатын дәрі-дәрмектер ақысыз берілетін дәрілердің тізімінде мүлдем жоқ. Мұндай дәрілік заттар науқастарға жетпей жатып-ақ таусылып қалады екен. Қажетті дәрі-дәрмегіне қол жеткізе алмаған қарапайым халық дәріхана сөресіне тізілген қымбат дәрілерді сатып алып, тұтынуға мәжбүр болады.
Перизат ҚҰЛТАСОВА, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың студенті
Түркістан» газетінің авторлары