Абай ОМАРОВ (коллаж)
Жерге қатысты тағы бір дау шықты. Даудың басы басқа емес, Парламенттен шыққалы тұр. Жер қатынастарын реттеуге бекінген атқарушы билік бұған дейін халыққа тегін беріліп келген 10 сотық жерді шорт кеспек. Сөйтіп, ендігәрі Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін тегін жер берілмейтін болады. Кеше мәжілісмендер осыны мақсат тұтқан заң жобасымен танысып, тың жаңалықтарға тамсанып шықты.
Қазақта әлімсақтан келе жатқан ескі даудың бірінен саналатын жер дауын реттеу Тәуелсіздіктен бері де бітіспеген дүние болып саналады. Бітіспегені былай тұрсын, бұрынғы даудың бүгінгі келбеті еш өзгерген жоқ. Бұрын сол жердің меншік құқына қатысты дау болса, бүгін де сол дау. Тәуелсіз елдің Ата Заңынан бастап, көптеген құжаттарда жердің меншік құқын реттейтін түрлі нормалар қамтылып келеді. Алайда оның олқы-солқысы да уақыт өткенде білініп жүрген еді. Мінеки, ендігі күні бұған дейін заң жүзінде еліміздің әр азаматы тегін алуға құқылы болып келген 10 сотық жерді беру де тоқтатылатын болып отыр. Бұған дейін агенттік ретінде дербес отауда өмір сүрген Жер ресурстарын басқару ведомствосы Өңірлік даму министрлігінің бір қанатына барып, ендігіде сол министрлік атынан жер қатынастарын реттеудің жаңа тетігі ретінде осыны ұсыныпты.
Тізімдегілерге тегін жер беру үшін 80 жыл керек
Жерге қатысты тың жаңалықтың бәрін сол бұрынғы агенттіктің, қазіргі комитеттің төрағасы Қадырхан Отаров депутаттарға таныстырған еді. «Заң жобасындағы тағы бір норма бойынша жер учаскелерін жеке тұрғын үй құрылысы үшін жекеменшікке тегін беруді Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарына қарастырмауды көздейді. Жалпы, Қазақстан Республикасында, әсіресе үлкен қалаларда жеке тұрғын үй құрылысына тегін жер беру – аса өзекті проблема. Жер кодексіне сәйкес, республика азаматтары жеке тұрғын үй құрылысы үшін 0,10 гектар жер учаскесін бір рет тегін алуға құқылы. Өкінішке қарай, жұртшылық бұл норманы жерді тегін әрі оңай алуға болатын, сөйтіп, соның арқасында қосымша табыс табатын кепіл ретінде қабылдап келді», – дейді комитет төрағасы Қадырхан Отаров. Оның сөзіне қарағанда, жұртшылықтың әлгіндей пайдакүнемдік түсінігінің өзі ірі қалаларда жер учаскелерін алуға ниеттенушілердің санын күрт өсіріпті.
Мәселен, заңға сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін тегін жер алуға өтініш бергендер саны жыл сайын 30 пайызға дейін артып отырған. Егер 2008 жылы жерге кезекке тұрушылар кезегі 300 мың азаматты құраса, соңғы жылдары олардың саны үш есеге артыпты. Ал келіп түскен мұндай өтініштердің нөпірін қанағаттандыру үшін Бас жоспарларда 90 мың гектар немесе 900 шаршы шақырым жер телімі қарастырылуы керек екен. Мұның өзі еліміздің ең ірі қалалары – Қарағанды мен Шымкенттің аумағымен бірдей болып тұр. Оның үстіне, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеке тұрғын үй құрылыстарын салу үшін тиісті инфрақұрылымдар да салынуы шарт. Мұндай жағдайда әрбір қазақстандықты тегін жер учаскесімен қамту еш мүмкін емес. Ал соңғы жылдары еліміз бойынша жылына тек қана 6 мыңға тарта жер учаскелері беріліп келген екен. Ендеше, өтініш берушілерді қанағаттандыру үшін 80 жыл уақыт керек. «Сондықтан да осындай норма енгізіліп отыр, ал бұл норманы Үкімет қолдады, Президент әкімшілігімен келісілді», – дегенге ерекше тоқталды Қадырхан Махмұтұлы. Айтпақшы, комитет төрағасы жерге қатысты азаматтардың құқықтық сауатын да жоғары бағалайтын тәрізді. «Өз құқыларын білгендіктен, азаматтар мемлекеттен тегін жер бөліп беруді талап етіп жүр. Ал олардың талабы қанағаттандырылмаса, онда өз еріктерімен, мемлекеттің араласуынсыз-ақ жерді басып алып, өз құқықтарын жүзеге асырмақшы болған жайттар да кездесті», – дегені де соны аңғартса керек. Оның айтуынша, әлгіндей өрескел әрекеттер қолданыстағы заңнаманы жаппай бұзуға, әлеуметтік жағымсыз құбылыстарды тудыруға әкеп соқтырған. Ал жаңа норма осындай олқылықтардың орнын толтырмақшы. Түптеп келгенде, тегін телімге тыйым салу арқылы билік жұртшылықтың өз бетінше өз құқығын жүзеге асыруына тосқауыл қоюды да ойлаған тәрізді. Мәселенің және бір жағы пайдалануға берілгенімен, құрылыс салынбай, қаңырап тұрған жер учаскелеріне де байланысты болса керек. Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Қадырхан Отаровтың айтуынша, былтырғы жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылыстарына ұсынылған жер учаскелерін түгендеу жүргізілген. Жерді түгендеу нәтижесінде 44 мыңға тарта пайдаланылмай тұрған учаскелер немесе заңнаманы бұза отырып пайдалану фактілері анықталыпты. Бұл зерттелген жер учаскелерінің 20 пайызын құрайды. «Ал игерілмеген жер учаскелерін талдау барысында олардың 57 пайызы бес жыл бойы пайдаланылмай келгенін, бос жатқанын көрсетті. Жер учаскелерін игермеудің басты себебі оларда тиісті инженерлік инфрақұрылымдармен жабдықталып, жеке тұрғын үй құрылысына даярланбауынан болып табылады. 14 мыңға тарта жер учаскесі тұрғын үй құрылысын салатын аумақта сумен қамтамасыз ету нысандарының, электр энергиясының, жолдардың жоқтығынан пайдаланылмаса, жер учаскелерінің 30 мыңнан астамы сол азаматтардың өз кінәсінен игерілмей отыр», – дейді Қадырхан Махмұтұлы.
Халық мүддесі шетте қалып, әкім мүддесі заңдасып жатқан жоқ па?
Жер қатынастарындағы жаңалық осымен шектелмейді. Мәселен, комитет алдағы уақытта жерді жосықсыз иеленушілерге, оны бұрыс пайдаланушыларға қатысты «қара тізім» жасауға да ниетті. Осындай реестрге енгендер, яғни жерге қатысты ережені бұзғандар үш жыл бойына жерді қайтара иелене алмайды. Бұдан бөлек, жалға берушімен жалдау шартын бұзу арқылы соттан тыс тәртіппен жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою нормасы да ұсынылып отыр. Дегенмен депутаттар қолға алғаннан-ақ заң жобасының үлкен дауға сеп болатынын түсінген тәрізді. Соның бірі Розақұл Халмұрадов болды. «Сізді жақсы маман ретінде білемін. Дегенмен қолыңызды жүрегіңізге қойып айтыңызшы, осы заң жобасы халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалып жатыр ма, жоқ әлде, жергілікті билік пен жер ресурстарын басқару органының мүддесіне жасалды ма? Себебі Конституцияның 6-бабында мемлекеттік меншік пен жекеменшік бірдей қорғалады деген норма бар. 26-бабында заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құнымен тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін деген норма бар. Ал сіз мына заң арқылы әкімдер талайдан аңсап жүрген мүддені енгізгіңіз келеді. Сотсыз жерді тартып алуға болады деген қорытынды шығарыпсыз. Бұл қаншалықты дұрыс?» – деп кейіді Розақұл Сатыбалдыұлы. Әйтсе де, комитет басшысы Қадырхан Махмұтұлы жер мәселесінің аса нәзіктігін тереңнен сезінетінін аңғартты. «Қолымды жүрегіме қойып айтайын, менің міндетім жер қатынастарын жақсы жолға қою. Мен бұған сізден кем уайым жемеймін, сізден кем жауапкершілік алмаймын. Мен де сіз секілді жер қатынастарының халыққа тиімді болғанын қалаймын. Мәселе оны қалай заңнамалық тұрғыда қамтуда болып отыр», – деді ол ағынан жарыла.
Тегін жер теліміне тыйым жасау бағаны шарықтатпай ма?
Бұған дейінгі норманың олқылығын сылтауратып, тегін жерді шорт тыюға депутат Рауан Шаекин де қарсы шықты. Оның айтуынша, жеке тұрғын үй құрылысына тегін жер учаскесiнiң берiлмеуi бағаның күрт шарықтауына себеп болады. Мәселенің мәнісіне көшпес бұрын депутат Рауан Шаекин әдеттегіше жер төңірегіндегілерді бір сыбап алды: «Агроөнеркәсiп кешенінде ұдайы бiр тәжiрибелер сынақтан өтіп жатады. Сосын жер ресурстарын басқару агенттiгi, Ауыл шаруашылығы министрлiгi өмірі сапалы заң жасаумен көзге түскен емес. Бұл жолы да солай. Қатты айтсам, кешiрiм етерсiздер», – деді сыпайылық танытқан мәжілісмен. Сосын тіке шабуылға көшкен депутат мынадай нормамен жер қатынастары ешқашан тиімді болмайтынын тілге тиек етті. «Менің ойымша, ондай нәтиже болмайды. Бүгiн әкiмдiктердiң маңында жүрiп жер сатып алғандар ертең айналма нарықта бағаны онан сайын шарықтататын болады. Мына мәлімдемеден соң-ақ, құрметтi комитет төрағасы, Сiз осы мінберден түсе сала, жердiң бағасы өсiп кетедi. Ал жердi алып үлгергендердiң барлығы ертең оны бірнеше есе қымбат бағаға сатуға тырысады. Соның салдарынан адамдар арасында наразылық туындайды», – дедi депутат Шаекин. Бір сөзбен айтқанда, Рауан Михайлұлы мынадай заң жобасының қарапайым азаматтарға еш пайдасы болмайтынына сенімді. «Заң жобасы даулы. Ал жер мәселесi сонау революция кезеңiнен де бұрын даулы болып еді. Ендеше, мұншалықты күрделi мәселеге үстiртiн қарап, атүсті шешім шығаруға болмайды», – деп түйiндедi ол.
Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана
http://alashainasy.kz