Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед көп нәрсенің басын ашып берді.
Уәлихан ҚАЛИЖАН, филология ғылымдарының докторы:
– Кез-келген мемлекет ішкі саясатын сол елдің аумағында өмір сүріп жатқан ұлттардың ыңғайына қарай жүргізеді. Бізде де солай. Өйткені 100-ден астам ұлт өкілі өмір сүріп жатыр. Олардың да сұранысын өтеу керек. Бірақ мемлекеттік тіл мәселесі бәрінен жоғары тұруы қажет. Өкінішке қарай телеарналарда осы мәселе ақсап жатыр. «Мемлекеттік тіл нормасын орындап жатырмыз» деп, арзанқол түрік пен кәріс телехикаяларының қазақшаға аударылған нұсқасын көрсетуде. Одан қалса жарым-жартыкеш мемлекеттік тілдегі дүниелер ешкім көрмейтін уақытқа қойылады. Мұны тоқтататын кез жетті. Мейлі телеарна мемлекеттік пе, әлде жекеменшік пе, заң бәріне бірдей болуы керек. Қадағалау керек, бақылау керек. Егер заңға бағынғысы келемейтін болса, онда олардың лецензиясын кері қайтарып алған жөн. Бұл бәріне сабақ болмақ.
Сәуле ӘБЕДИНОВА «Ақ Жүніс-Астана» журналының бас редакторы:
–Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед көп нәрсенің басын ашып берді.Мемлекеттік тілдегі бағдарламаларды, сериалдар мен киноларды көбейтуді билік те қолдап отыр. Заң да, талап та күйшейтілетін шығар деп үміттенемін. Мәселе – сол телеарналардың тізгінін ұстаған басшылар мен бағдарламаларды жасайтын шығармашылық топтардың біліктілігінде.
Телеарналарда қазақтілді сапалы бағдарламалар жасау үшін ең алдымен сауатты, сапалы және ұлтжанды маман керек. Телеарна басшыларынан бастап, қатардағы тілшіге дейін қазақты сүйіп қана қоймай, өз ұлтын ұятқа қалдырмау үшін бар жан-тәнімен жұмыс істейтін, ізденетін маман керек. Ондай журналистер бар, бірақ өте аз. Қазір жеңіл-желпі шоудан, әртүрлі «ойыннан» халық жалықты. Тіпті, қазақты мазақ ететін дүниелер бар… Халықтың намысымен ойнап болдық, енді ойланайық…
«Қазақстанда жасалған!» деген сапаға тек ет пен май, құрт пен шай ғана емес, баспасөз және телеөнімдер де жауап беруі тиіс. «EXPO-2017» көрмесіне неге ақпараттық өнімдерді де шығармасқа? Мемлекеттік тілде шығатын газет-журналдар мен телебағдарламалар да «Қазақстанда жасалған!» деген сапаға, лайық болуы тиіс.Ол үшін мемлекеттік тілдегі жобаларды эфирге шықпас бұрын талдап, таңдап, іріктеп отыратын «Көркемдік кеңес» сияқты ұйым керек шығар…
Қали СӘРСЕНБАЙ, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы:
– Министрдің көтеріп отырған мәселесі – өте орынды. Дер кезінде айтылды десем, артық емес. Тіл нормасы қай жерде де сақталуы тиіс. Ал оған көнгісі келмегендерді мәймөңкеге салмай жабу керек. Осылайша мәселені тікке қойған жөн.
Шындап келетін болсақ, 50- де 50 емес, қазір қазақ тіліндегі бағдарламаларды 70-80 пайызға артыратын уақыт жетті. Өкінішке қарай, қазір кәріс пен түрік сериалдары ғана емес, ресей сериалдарынан көз сүрінеді. Оның бәрі текке келіп жатқан жоқ. Бәрі үлкен қаржы, сатып алынады. Сол қаржыға отандық өнімдерді жасауға неге тырыспасқа? Қазір газет-журналдардың таралымы аз. Демек халыққа әсері де, ықпалы да кем деген сөз. Ал теледидардың мүмкіндігі шексіз. Ол миллиондаған аудиторияны қамтиды. Өте үлкен қару. Осыны біз дұрыс пайдалана білгеніміз жөн. Тіпті орыс тіліндегі хабарлардың рухы ұлттық бағытта болғанын қалар едім.
Айкын