Оңтүстік Қазақстан облыстық Ардагерлер кеңесінің бастамасымен Қазығұрт ауданында байланыс саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, ауданда осы саланың дамуына үлкен үлестерін қосқан қос ақсақал Керімбай Дүйсенов пен Төле Махамбетовке аудан орталығында ескерткіш қойылды.
Пошта байланысы саласының еңбек ардагерлері Төле Маханбетов пен Керімбай Дүйсеновтер Қазығұрт ауданында байланыс қызметін жаңа жүйеге көшіруде үлкен істер атқарып, тер төккен аудандағы алдыңғы қатарлы сыйлы азаматтар. Бұлар өз саласында тұтынушыларға ұзақ жылдар мінсіз қызмет етіп олардың орынды сый, құрметіне ие болды, алғыстарына бөленді. Қарт байланысшылар ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибелерін ауылдың игілігіне пайдаланды, байланыс саласындағы білген-түйгендерін осы саладағы жастарға үйретіп кетті. Байланыс жүйесін жетілдіріп, тұтынушыларға дер кезінде жеткізіп берудегі азаматтық тірлігін мұндағы халық жақсы біледі. Ауданды Қазақстанддың түпкір-түпкірімен жалғастырған, алысты жақындатқан байланысшылардың еңбектері бүгінде ескеріліп, оларға ескерткіштер қойылды. Бүгінде осындай құрмет көрсетіліп жатқан ауданның сыйлы ақсақалдары ауыл тұрғындарын сыртпен байланыстырды, мерзімді басылымдарға тұрақты түрде жазылуына ықпал етті.
Ескерткіштің ашылу салтанатында «Қазпошта» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Болысбек Пірәлиев арнайы келіп салтанатты жиынды ашты. Өз сөзінде ол қос қарияның жанқиярлық ұзақ жылғы еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі екендігін атап өтті. Ескерткіштің ашылу салтанатына арнайы шақырылған Керімбай Дүйсеновтің зайыбы Озипа Бимурзаева апаны құттықтап, басшылардың лебізін жеткізді. Озипа Бимурзаева болса отыз жыл оттасқан жолдасының еңбегін елеген жандарға шексіз алғысын жеткізді. Еңбек ардагерінің асыл бейнесі аудан төрінде тұрғаны – жастарды еңбексүйгіштікке үндеп, сала майталманы болуға жетелейді. Үлгілі жандардың ұл-қыздарына да үлкен мәртебе. Ескерткіштің салтанатты ашылу жиынында осындай жастарды бірлік-берекеге, еңбекке тартуға бағытталған сөздер айтылды.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың бастамасымен қолға алынған игі іс — өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Ал, пошта торабының басшылары алдағы уақытта тағы 3 ардагердің есімін ұлықтау үшін осындай игілікті істерді қолға алуды жоспарлап отыр. Әр сала өзінің үздік еңбеккерлерін осылайша ұлағаттап отырса жұмыстарының алға жылжып, өрге басуына себепкер болар еді, деген пікірде ардагерлер кеңесі.