Оңтүстік Қазақстан облысында көгілдір отын тапшылығы енді болмайды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ұлттық газ тасымалдаушы оператор «ҚазТрансГаз» АҚ «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының «С» желісін салтанатты түрде іске қосты. Қазақстаннан Қытайға газ жеткізетін бұл газ желісі еліміздегі энергетикалық және өңірлік әріптестік бағыттағы ірі халықаралық жобаның соңғы сатысы болып саналады.
Оңтүстік Қазақстан облысы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асыра бастаған Қазақстан Республикасының газбен жабдықтау жүйесін жаңғырту бағдарламасының пилоттық объектісі болды. 2009 жылы басталған газ тарату желілерін жаңғыртудың аясында мұнда газбен жабдықтаудың техникалық базасы жаңартылып, кеңейтілуде. Ескірген болат газ құбырларын – ұзақ пайдалану мерзімі бар және электрохимиялық қорғанысты қажет етпейтін полиэтилен баламаларына алмастыру жүріп жатыр. Бұл оларды жөндеуге жұмсалатын шығында барынша азайтатын болады. Жобаның іске асырылуынан күтілетін нәтиже – жоғары қысымды газ құбырларын көп мәрте сақиналаумен байланысты сенімділіктің артуымен, өткізу қабылетін сағатына 85 мың текше метрден сағатына 258 мың текше метрге дейін ұлғайту болып табылады. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысы аумағы арқылы өтетін экспорттық газдың көлемін ұлғайтады деген сөз.
«Қазақстан-Қытай» МГҚ жобасы басталғаннан бері Қытай еліне 120 млрд текше метр газ тасымалданған екен. Осы уақытқа дейін жұмыс істеп жатқан екі желі арқылы жылына 30 млрд текше метр газ Қазақстан аумағымен өткізілген. Ал енді, бүгінгі күні іске қосылған «Қазақстан-Қытай» МГҚ «С» желісі бұдан былай Аспанасты еліне газ өткізуді жылына 30 млрд м/3-ден 55 млрд м/3 дейін өсіруге мүмкіндік береді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Түркімен газының Қазақстан аумағы арқылы өтуінен елімізге көп пайда түсетіні белгілі, екінші жағынан Қазақстандағы тұнып жатқан газды экспортқа шығаратын мүмкіндік пайда болды.
«Қазақстан-Қытай» МГҚ «С» желісінің іске қосылуы және салынған үш желінің толықтай жоба бойынша іске қосылуы тәуелсіз Қазақстанның халықаралық газ тасымалдау тарихындағы ең бір маңызды, экономикалық және геосаяси мәнге ие болған айтулы оқиға болып табылады. Сонымен қатар, бұл жоба елімізге үлкен кіріс әкеліп отыр. «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбыры жұмыс істеген 2008-2015 жылдар аралығында мемлекеттік бюджетке 1,2 млрд доллардан астам қаржы түсті.
Бұл елімізде болып жатқан маңызы зор үлкен жобалардың бірі. Экономикалық және геосаяси мәні бар бұл жоба Түркіменстанды, Өзбекстанды, Қазақстанды және Қытайды «достық көпірімен» жалғап, Елбасының интеграциялық саясатымен үндесті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев энергоресурстарды жеткізудің жаңа, тиімді бағыттарын ойластыруды және олардың бағыттарын әртараптандыру жөнінде тапсырма берген болатын. «ҚазТрансГаз» АҚ өзіне жүктелген бұл міндеттерді орындады деуге болады. Алдағы уақытта «Қазақстан-Қытай» құбырының «А», «В» және «С» желілерінің жобалық өнімдері жылына 55 млрд текше метрді құрайтын болады. Бұл жерде тасымалданып жатқан газдан Қазақстан экономикасына көп пайда түседі. Оның барлығы халықтың әлеуетін жақсартуға жұмсалатын қаржы. «Қазақстан-Қытай» МГҚ «С» желісінің жалпы ұзындығы 1303 км құрайды.