Қысқа қалай дайындалсаң да, бәрібір күтпеген кезде қар басады. Бұл жыл сайын қайталап келіп отыратын табиғат құбылысы, алайда дәл сол күні көлік жүргізушілер үшін техногендік апаттар басталады. Бір-бірімен соғылған, ағаштарды сүзген автомашиналардың саны күрт көбейеді. Тәжірибесі жоқ, қарды алғаш көрген жүргізушілер қорқақтап, кібіртіктеп жүре алмай басқаларға бөгет болады, осылайша ірі қалалардың көшелерінде бірнеше сағатқа созылатын кептелістер пайда болады. Сондықтан қар жауған немесе көктайғақ кездерінде тәжірибесіз көлік жүргізушілердің өздерін де, басқа да жол қозғалысына қатысушыларды апаттан сақтау үшін қоғамдық көліктерге мінгені дұрыс. Ең бастысы – барлық жүргізушілерге ортақ жол ережелерін қатаң сақтап, көп жыл көлікте жүрген адамдардың тәжірибелерінен сабақ алу керек.
ДОҢҒАЛАҚТАРЫҢЫЗДЫ АУЫСТЫРДЫҢЫЗ БА?
Қазақстанның барлық өңіріне қыстың басы келді. Кейбір оңтүстік аймақтарға қар түспесе де жер беті тоңазыды. Демек, дөңгелектің жазғы резинасын қысқыға ауыстыратын кез келді. Егер резинаңызды алғашқы аяз түскенде ауыстыратын болсаңыз – онда сіз кеш қалдыңыз, дейді мамандар. Неге дейсіз ғой? Шина шығаратын көптеген компаниялардың кеңесі бойынша, ауа температурасы +5 градустан төмендеген кезде жаздық резина тежеу кезінде тайғанай бастайды, ал -1 градусқа барғанда резина ағаш сияқты қатып қалады да, шаңғыша сырғанайтын болады. Әрбір жүргізуші қай мезгілде доңғалақ резиналарын ауыстыруды қар жауғанына қарап емес, ауа температурасының өзгеруіне, асфальттың тоңазуына қарап білуі керек. Ресей Федерациясының заңы бойынша, қарашаның алғашқы күндері барлық көліктер қысқы жағдайға көшеді.
ҚАТТЫ ҚОЗҒАЛЫСТАР ЖАСАМАҢЫЗ
Дөңгелектің резинасын ауыстырғаннан кейін жүргізу мәнерін де өзгерту керек. Қысқы жол жылдам қозғалысты, шұғыл әрекеттерді көтермейді. Жүргізуші барлығын есепке алып, басқаларға бөгет болмайтындай жайлап қозғалуы керек. Жаздағыдай емес, бұрылыстарға екпінмен келіп бұрыла салу қиын жағдайға соқтыруы мүмкін. Естеріңізде болсын, қысқы жол рулді бұрғанда, тежегішті басқанда немесе газ бергенде жайлап, бұрынғыдан баяу қимылдауды талап етеді. Тәжірибелері аз жүргізушілер ешқандай көлік жоқ бас алаңға барып әрлі-берлі жүріп, көлігінің мұздақ жерде қалай жүретінін, тайғанаған жағдайда қандай әрекет жасауды, рулді қалай ұстауды, тежегішті қалай басу керектігін үйренгені жөн.
АРАҚАШЫҚТЫҚТЫ ҰСТАҢЫЗ!
Әрине, жол үстінде абайлап жүру, мұқият болуға барлық жүргізуші тырысады. Алайда қысқы қозғалыстың көптеген жүргізушілер ескере бермейтін тағы бір ерекшілігі бар. Егер алдағы машина тайғанай бастаса немесе өзіңіз бұрылатындай жағдай болса маневр жасау үшін көліктің алдында орын болуы керек. Бірақ алыстан тежеп, көлікті кілт тоқтатпаңыз, өйткені арттағы машина тоқтай алмай қалуы мүмкін. Ол үшін алдағы көлікпен арақашықтықты біркелкі ұстап отыру керек. Қыстың күні барлық көліктер тежегіштерін басып, тоқтап өтетін көше қиылыстарындағы бағдаршамдардың алды, бұрылыстар көк мұзға айналады. Көбінесе осындай жерлерде жүргізушілер мұзды ескермей соқтығысып немесе жолдан шығып кетіп жатады.
БАСҚАЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫН ОЙЛАҢЫЗ
Қыс басында күнде жүретін үйренген жолыңызбен әдеттегідей жайбарақат жүруге болмайды. Бұл мезгілде өз жолыңызға ғана емес, жан-жағыңда келе жатқан көліктерге де назар аударып, олардың қозғалысына қатты назар аудару керек. Кез келген көлік жолда келе жатып тайғанап, басқа көлікке соқтығысуы мүмкін, сондықтан рулде өте сергек болған жөн. Мұндай кезде көлікті кілт тежеуге немесе алға қарай қатты жұлқуға болмайды, шыр айналдырып жіберуі мүмкін. Жүргізуші тек алдындағы көліктерді ғана емес, артында келе жатқан көлікті де назарында ұстап отыруы шарт. Ол жан-жағындағы, қарама-қарсы келе жатқан көліктердің қандай маневр жасайтынын алдын ала біліп, оған жол ережесіне сәйкес жағдай жасауға міндетті. Жалпы, бүкіл жүргізушілерге арналған жазылмаған заң бар – ол жол қозғалысына қатысушылардың бір-бірінің ойын түсінуі және өзара сыйластығы.
АБАЙ БОЛЫҢЫЗ: «ҚАРА МҰЗ!»
Рулге енді отырған жас жүргізушілердің көпшілігі жол бойындағы көзге көріне бермейтін кейбір қатерлерді біле бермейді. Мысалы, күз кезінде жолдың үстінде сарғайған жапырақтар жатады. Осы жапырақтардың үстіне келіп тежегішті басып, көлікті кілт тоқтату мүмкін емес. Ағаш жапырақтары, әсіресе жауынды күні қауіпті, көлік мұздың үстіндегідей сырғанайды. Содан кейін біз көп елемей бермейтін тағы бір үлкен қауіп бар. Ол – жолдың бетіне жұқа болып қатқан қабыршық мұз. Асфальт қарайып жатқанмен оның алдамшы болатынын ұмытпаңыздар. Күздің суық жаңбыры кезінде оның бетіне пышақтың қырындай ғана мұз қатады, жолмен келе жатқан жүргізуші оны көрмейді, тек көлігін бұрғанда немесе тежегішті басқанда ғана бірақ түсінеді. Ондай алдамшы асфальт жазғы кезде де болады. Ұзақ уақыт шаң басып жатқан асфальттың бетіндегі топырақ жауын жауғанда езіліп, көзге көрінбейтін лайға айналады. Бұл да қатты келе жатқан көлік үшін өте қауіпті, дөңгелектері таяды. Естеріңізде болсын, «қара мұз» ең алдымен жел соғып тұратын — эстакада, көпірлер, өзен-көлдердің маңындағы немесе жазық далалардағы жолдарда болады. Кейбір кездерде мұздың тез қататыны соншалықты, жиналған судың астында қабыршықтанып қалады. Сондықтан өз көздеріңізге өздеріңіз алданып қалмаңыз.
Сарапшылардың айтуынша, жол бойындағы көлік оқиғалары көбінесе жүргізушінің тәжірибесіздігінен, білместігінен орын алады екен. Жоғарыда айтылған жағдайларды есте ұстап, ережені сақтап жүретін жүргізушілер апаттардан аулақ болады деген оймен осы мақаланы жариялап отырмыз. Жүргізушілердің қыстың көктайғақтарынан аман шығуларына тілектеспіз!