Қарағанды облысы Астананың 15 жылдық тойын айрықша шаралармен атап өтуде. Облыс орталығында бас қаланың туған күніне бұқаралық жүгіру өтсе, теміртаулықтар бұл мерекеге арнап, салмағы 80 келі тартатын үлкен торт пісірді.
Тортты «Бидай нан» ЖШС әзірлеген көрінеді. Оны пісіруге он литр сүт, он келі шоколад, бірнеше келі жаңғақ жұмсылапты.
Әзірлеушілер тортың үстіне Астана символы — «Бәйтеректі» пішіндеген. Оның жан жағына Күннің шапағын бейнелеген.
Тәттіден жасалған «Бәйтерек» мүсінінің өзі 15 келідей болады екен. Торт төрт қабаттан тұрады.
Астана күні мерекесіне тарту етілген алып тортты қалалықтар тек тамашалап қана қоймай, дәмін татып та көрді.
Еліміздің индустриалық жүрегі саналатын өңірде елорда тойына орай ұйымдастырылған игілікті шаралар жалғасын табуда. Мәселен, осы мереке қарсаңында Қарағандыда 65 жас отбасы пәтерлі болып, қуанышқа кенелуде. Жаңа бес қабатты үй «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша бюджет қаржысына салынған.
Қ.Жұмағалиұлы
Қарағанды