АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Теміржолдағылар неге Таразды жақтырмай жүр?

Таяуда Тараз қаласына жолымыз түсті. Пойызбен бардық. Тілге тиек етпегіміз,  бұл шаһарға қандай шаруамен барғанымыз емес. Бар гәп пойыздың билетінде, нақтырақ айтсақ, сонда жазылған қаланың атауында болып тұр.

Біз Таразға билет алдық па десек, жол жүру құжатында «Джамбул» деп жазылыпты. «Бұл қалай? – дейміз. – Жамбыл қаласының Тараз атын иемденгеніне пәленбай жыл болды емес пе?». Есімізге осыдан бір жарым жыл бұрын дәл осы мәселеге байланысты «Ана тілі» газетінде жарияланған «Теміржолдағы жолсыздықтар» (№29, 19-25 шілде 2012 жыл) деген мақала түсті. Сонда билеттегі жазуға таңырқап «Джамбулы несі?» деп дабыл қаққанбыз. Сол материалда Жамбыл қаласын Тараз деп өзгерту жөнінде Мемлекет басшының 1997 жылдың 8-қаңтарында Жарлығы шыққаны айтылды. «Джамбулдағы» «ж»-ның алдында дөңкиіп тұрған «Д» туралы да ойымызды білдіре кеткенбіз. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Президумы 1993 жылдың 4-мамырында «Джамбул облысындағы» «Д»-ны алып тас­тау жөнінде қаулы шығарды. Яғни «Бұдан былай Джамбул облысы дегеннің орнына, Жамбыл облысы болып аталу керек» деп.
«Ана тілі» газетінде жарық көрген сол мақаланың төбесіне: «Қазақстан теміржолы» акцио­нерлік қоғамының назарына!» деп те айқайлатқанбыз. Теміржол басшылығы газетіміздегі басқа дүниелерді оқымаса да осыны көзі шалар дегенбіз. Сірә, бұған да көңіл бөлмегендері-ау. Әйтпесе, әлгіндей жолсыздық қайталанбас еді ғой.
Мынаны қараңызшы – пойыз билеттерінде Алматы қаласы әлі күнге дейін «Алма-Ата» деп жүр. Алма-Атаның Алматы болып өзгергеніне жиырма бірінші жылға кетіп барады. Тағы бір аңғарғанымыз, Алматы теміржол вокзалдарындағы пойыз қозғалыстарын бейнелейтін кес­телерде Қазақстандағы елді мекендер атаулары тек орыс тілінде ғана жазылады. Тіпті орысшаның өзінде «Шымкент», «Костанай» болып жазылса да пойыз билеттерінде, вокзалдардағы кестелерде «Чимкент», «Кустанай» дегендерді оқисыз. Бейнебір орыс әліпбиін­де «ш», «ы», «о» деген әріптер жоқтай-ақ… «Мангышлактың» Маң­ғыстау бол­ғалы қашан! Орысша да «Мангыстауская область» делінеді. Ал темір­жолдың билетінде де, вокзалда­рында да әлі күнге – «Мангышлак».
Осы келеңсіздіктерді көз алдымыздан өткізгенде мына бір сауалдың туындайтыны бар: «Сонда қалай, жер, елді мекендер атауларына қатысты Елбасы Жарлықтары, Үкімет шешімдері біздің теміржол саласына қатысты болмағаны ма?». Әрине, олай деп айта алмас едік. Бар кілтипан немқұрайлықта жатқан секілді. «Онда тұрған не бар? Соны да сөз қылып» дегендей осы жайттарды ұсақ-түйек санау байқалатындай. Бұлай ой түю –қате. Жер, қала, ауыл атауларының талаптағыдай жазылып, көрсетілуі – мұның өзі елдіктің, ұлттық намыстың айғағы. Оны айтасыз-ау, аты-жөніміздегі бір әріптің өзі орнында дұрыс тұрмаса, кәдімгідей-ақ бұлқан-талқан болып жатпаймыз ба? Оның қасында ел, жер аттарының орны бөлек. Ол атаулар халықтың, мемлекеттің ұйғары­мымен қойылған. Осыны тағы да еліміздің теміржол басшылығының қаперіне салғымыз келеді.

Нұрперзент Домбай

http://anatili.kz/