АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

 ТЕРІС АҒЫМ НАСИХАТШЫЛАРЫНЫҢ ЕСІМІН ЕЛ БІЛУІ КЕРЕК!

скачанные файлы (1)Бүгінде ислам дініне қатысты қандайда бір «әттеген-ай» дейтін мәселе туындаса, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасын айыптап шығамыз. Алайда, мүфтияттың мүмкіндігі дінге қатысты мәселелерді шашау шығармай шешуге әсте жете бермейді. Дегенмен де, мүфтият әу бастан-ақ, елімізде салафизм идеясын қарқынды түрде насихаттап жүрген азаматтардың аты-жөнін атауы керек еді.

Соңғы жылдары «қой терісін жамылған қасқырлар» жастарға емін-еркін уағыз таратып жүр. Өкінішке орай, олардың жасаған насихаты жастарды адастырып қана қоймай, ел естімеген тосын терге баруына түрткі болып отыр. Мәселен, теріс діни көзқарастағы жүздеген жастар Сирия асып, лаңкестердің қатарына қосылды. Ал, елімізде салафизм қағидаларын ұстанатын қанша жан барын бір Алла біледі.

Міне, осы жастардың адасып, жат ағымның жетегіне кетуіне не түрткі болды? Біздің ойымызша, Діни басқарма кезінде салафизм иделогиясын уағыздаушы азаматтардың атын атап, түсін түстеп бере алмады. Егер де, жат ағымды насихаттаушылардың кім екенін жастар ерте бастан білген болса, бұлай жаппай адаспас еді. Алайда, діни басқарма ел арасында теріс көзқарастағы азаматтардың, жат ағымдардың идеологиясын жұрттың санасына сыналап енгізуге мүдделі «ұстаздардың» кім екенін кеш те болса жариялай бастады.

Нақтырақ айтсақ, жақында Оңтүстік Қазақстан облысының найб имамы Еркебұлан Қарақұлов ел ішін ала тайдай бүлдіруге мүдделі осындай әсіре діншілдердің аты-жөнін жариялады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда белсенді түрде діни уағыз жүргізіп жүрген Дарын Мұбаров, Октам Зәуірбеков, Ділмұрат, Назратулла, ағайынды Зинуллиндер сынды азаматтардың  уағыздарын тыңдауға болмайды. Өйткені, аталған азаматтар салафизм иделогиясын елімізде қарқынды түрде насихаттап, жастарды адастырып жүр.

Діни басқарманың ұстанымына қайшы келетін салафизм иделогиясын насихаттап жүрген кімдер? Оның ішінде ең біріншіден Дарын Мұбаровтың есімін ерекше атап өткен жөн. Өйткені, ол бір емес бірнеше рет өрескел қателік жіберді. Сондай-ақ, Дарын Мұбаровтан бөлек Октам Зауірбеков, Ділмұрат, Назраттулла, ағайынды Зинуллиндерді атын атауға болады. Жеке өз басым, Октам мен ағайынды Зинуллиндерді жақсы танимын. Алайда, олар салафизмды жүйелі түрде насихаттап жүргендер болып есептеледі. Кейбір адамдар «олардың тақуалыққа қатысты уағыздары мешіт имамдарының айтып жүргендерімен бірдей ғой» деп ойлауы мүмкін. Әйтсе де, олар әу баста адамдарды өздеріне тарту үшін осындай қадамдарға барады. Уағыздарын Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың өмірбаяны, тақуалық, сабырлық туралы жалпы этикалық мәселелерден бастайды. Алайда, педагогика мен психологияда өздеріне тыңдаушы жинау үшін әуелі адамдардың іші бауырына кіретінін естен шығармайық, – дедіЕркебұлан Қарақұлов.

Найб имамның әлеуметтік желіде жарияланған видеосы көпшіліктің назарын бірден өзіне аударды. Өйткені, бұған дейін діни басқарма тарапынан мұндай өткір мәлімдеме жасалған емес. Сондықтан да, Еркебұлан Құрақұловтың мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Оны бір топ азамат қолдап жатса, ал екінші тарап керісінше сынап жатыр. Біз осы ретте Еркебұлан Қарақұловтың ескертуіне қолдау білдіреміз. Себебі, найб имам атын атаған азаматтар туралы көптен бері жұрт арасында алып-қашпа әңгіме айтылып келеді. Ал «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп қазақ тектен-тек айтпаған.

Жалпы, Еркебұлан Ыбырайымұлының өзіне қауіпті болса да қараша халықты сақтандыруы құптарлық дүние. Өйткені, салафизим иделогиясын ұстанушылар радикалдық мінез-құлыққа ие екенін бүгінде екінің бірі біледі. Соған қарамастан, найб имам өткір мәлімдеме жасады. Бұған әрине «Бәрекелдіден» басқа айтарымыз жоқ. Әйтсе де ендігі кезекте Еркебұлан Қарақұловтың сөзін әріптестері қолдап, қорғауы керек. Өйткені, салафизм иделогиясына қарсы тұру бір имамның мәлімдемесіне байланысты емес.  Ұзын сөздің қысқасы, Еркебұланның ерлігін басқа имамдар қайталай ала ма?

Осы орайда «Қамшы» порталы тақырыптың біржақты талқылануына жол бермеу мақсатында еліміздегі дінтанушы ғалымдардың уағыз, насихат мәселесіне қатысты пікірлеріне жүгінгенді жөн көріп, дінтанушы Досан Кенжетайдың осы мәселеге қатысты ойын білді.

Досай КЕНЖЕТАЙ, дінтанушы:

Менің ойымша, қазіргі таңда имамдар жауапкершілікті түсініп келе жатыр. Өйткені, қоғамдағы экстремистік, діни астары бар лаңкестік жағдайларға қарсы тұратын бірден-бір институт — имамдар институты болып есептеледі. Сондықтан да, ҚМДБ салафиттерге қатысты өткір мәлімдеме жасауы құптарлық дүние. Себебі, бұған дейін мүфтияттың ішіне салафиттік көзқарастағы азаматтар кіріп алған деген көзқарас болатын. Енді Еркебұлан Қарақұловтың мәлімдемесі сол ұғымды жояды деп ойлаймын.

Негізінде, Қазақстан мұсылмандар басқармасы салафизмге қарсы. Алайда, ықпалды күштер мүфтиятты «тыныш отырыңдар» деп тұншықтырып отыр. Шыны керек, соңғы жылдары елімізде салафизмнің ықпалы азайып келе жатыр. Десек те, олардың бұрынғыдай ұрандамай саясатқа көшкенін естен шығармайық. Өйткені, салафтар ҰҚК, прокуратура сынды құзырлы органдарға мамандарын кіргізіп алған. Демек, ол қазір астыртын саясат жүргізіп жатыр. Себебі, олар алғашқы  жылдары ашық насихат жүргіземіз деп қоғамнан көп таяқ жеп қалды. Ал, қазір олар судың астына кіріп кетті. Міне, осы кезде біздің даусымыз шығып жатыр. Қазіргі таңда қарапайым халық кімнің-кім екенін біледі. Сондықтан да, бұрынғыдай көзді тарс жұмып адасып кетпейді деп сенемін.

Серік Жолдасбай

«Қамшы» сілтейді

Астана