Гүлжан есімді кейіпкеріміз 2010 жылы Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірін бітірген. Мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған ол құрбысына барып, «әл Фараби» базарына сатушы болып орналасады. Бастапқыда өз саласы бойынша тұрақты жұмысқа шыққанша, «уақытша істей тұрамын» деген оймен келген болатын. Бірақ бұл ортаның оның кейінгі өміріне әсер етіп, өмірінің арнасын бұрып жіберетіндігінен ол әсте бейхабар еді. Өмірінің бұлай мүлде басқа арнаға бұрылатынын сезгенде, жас қыз жұмыссыз қалса да, бұл тірлікпен айналыспас еді.
– Гүлжан, сенің «әл Фараби» базарындағы сатушылық өмірің қалай басталды және қалай жалғасты?
– Аптасына алты күн жұмыс, тек дүйсенбі ғана демалыс еді. Базардағы «контейнер» иесі күніне 1 500 теңге, қосымша әр сатқан киімнен 300 теңге беріп отырды. Құрбымның да сонда жұмыс істеп жүргеніне көп болмаған. Райымбек даңғылының бойында тағы бір құрбымыз үшеуміз пәтер жалдап тұрдық. Намаз оқуды студент кезімізде үйренгенбіз. Жатақханамыз Орталық мешітке жақын болғандықтан, уағыз тыңдауға жиі барып тұрдық. Қадір түнін мешітте қарсы алатын едік. Базарда жұмыс істеп жүріп байқағаным, мұндағы сатушы қыздардың да көпшілігі намаз оқиды екен. Ауызашарларда, тағы да басқа себептермен жиі жиналып тұрдық. Басқосуларда үнемі діни әңгімелер айтылатын. Бәріміздің басымызды біріктіретін сырласымыз әрі кеңесшіміз Асма деген апай. Ол кісінің айтқанын барлығымыз бұлжытпай орындаушы едік. Тек оның есімін құпия ұстау керек болатын. Бір күні сол апайымыз бен менің жақын құрбым келіп, бір «ахи бауырымыздың» «сестра» іздеп жүргенін айтып, менімен танысқысы келетінін жеткізді.
– «Ахи бауыр», «сестра» деген не мағынаны білдіреді?
– «Ахи бауыр», «брат» немесе «сестра» деп діни сенімі, ахидасы бізге тура келетін адамды айтамыз, өзіміздің ортаның адамы, оған сенуге болады. Сөйтіп, бізден алшақ кісі емес деген соң, әрі Асма «сестрамыздың» өзі айтып отырғандықтан, мен онымен танысуға рұқсатымды бердім. Жасы қырыққа жақындап қалған кісі екен. Бірақ денсаулығына байланысты біразға дейін үйленбей жүргендігін айтып, егер мен оның жары болсам, Ислам бойынша барлық шарттарды орындайтынын жеткізді. Тіпті біздің некемізге кәулік етіп, рұқсат ететін «уәли» ата-ананы да тауып қойғандығын айтты.
– «Уәли» ата-анасы несі, сенің өз ата-анаң жоқ па еді?
– Менің өз ата-анам бар ғой, бірақ олар, біріншіден, намаз оқымайтын еді. Сондықтан біздің ортаның қабылдауы бойынша, ол кісілер «кәпірлерге» жатады. Ал намаз оқитын, біздің ахидадағы ерлі-зайыпты кісілер некемізге рұқсатын беріп, «уәли» ата-ана болатын болса, ол кісілер ақырет күнінде де бәрін мойнына алады. «Уәли» ата-ана деген солар. Оның үстіне, мен жаспын деп отыратын жағдайда емеспін. Бір жағы Ислам қағидасы бойынша әйелдің бірінші міндеті тұрмысқа шығып, бала тауып, күйеуіне қызмет ету. Сондықтан да мен ол кісіге тұрмысқа шығуға разылығымды бердім. Қысқасы, туған әке-шешемнің қарсылығына қарамай тұрмысқа шықтым. Қаладан пәтер жалдап тұрдық. Жұмыстан шықтым. Негізгі міндетім – үй шаруасы мен күйеуімнің тамағы, күтімін жасау болды. Ол үнемі маған діни уағыздар айтып отырды. Әсіресе әйелдің ерінің алдындағы парыздары туралы көп айтатын.
– Нақты қандай парыз орындауды айтатын еді?
– «Сен маған Алланың разылығы үшін тұрмысқа шықтың, мен саған Алланың разылығы үшін үйлендім. Сондықтан, сен менің бұйрығымды бұлжытпай орындауға міндеттісің. Егер жәннатқа барғың келсе, ең бірінші менің тілімді алуың керек» – деген мағынадағы сөздерді көп айтатын. Оның бұл талаптарының діни негізі болғандықтан, мен оларды дұрыс деп қабылдап, үдесінен шығуға тырыстым. Бір жағынан, бұл менің таным-түсінігіме қайшы келмес еді. Тек оның мемлекет, саясат, билік туралы көзқарасын онша түсіне бермейтін едім. Оның айтуынша, еліміздің заңдары «күпір» заңына жатады, сонымен бірге «тағұт», яғни шайтанның заңдары дейтін. Демек, мұндай мемлекетте тұратын азаматтар мен заңға бағынатындар шайтанның заңымен жүреді дегенді білдіреді екен. Сол себепті оларды Ислам қағидалары бойынша өлтіруге рұқсат етіледі-мыс. Сонымен қатар оның жиі айтатын әңгімесінің бірі: «Құранда Алла тағала намазға, ораза ұстауға, зекет беруге, қажылық өтеуге бұйырған. Біз оларды орындаймыз. Сонда неге жиһадты орындамаймыз?! Жиһад жасау да Құранда бар. Жиһад – мұсылмандардың алтыншы парызы болып саналады» – дейтін.
– Сонда сен күйеуіңнің сөзінен, жүріс-тұрысынан күдіктенген жоқсың ба?
– Күйеуімнің жиһад туралы неге айтатынын түсінбей жүрдім, бірақ сонда да үнсіз тыңдайтын едім. Күйеуім ерте кетіп, кеш келетін. Маған нақты қандай шаруамен айналысатынын ашып айтпайтын. Бар білетінім, оның телефондағы әңгімелерінен, өзінің «брат», «бауырларымен» бірге істейтін жұмысы болған. Онысын сауда-саттық деп ойладым. Кейбір күндері түнде үйге де қонбайтын еді. Сосын басқа қалаларға іс-сапарларға кетіп жүрді. Бастапқыда мән бермедім. Ер адамның ісі түзде деп түсіндім. Бірақ менің оған тым қатты сеніп қалғанымды өзім де сезбеппін. Не айтса да, әрбір сөзіне иманымдай сендім. Алайда кейін күйеуімнің құқық қорғау органдары жағынан тұтқындалғанын естідім. Олар күйеуімнің басқа жұбайы мен бала-шағасы барын айтып берді. Онымен тергеу изоляторында жолықтым. Ол тағылған айыптардың жала екенін, оның «тағұт» заңына қарсы күрескендігін, қылмысты жасағанымен, оның Ислам бойынша қылмыс емес екенін айтып бақты. Алайда оның заңға қайшы әрекет жасағаны анық еді. Ол аздай, оның басқа қаладағы бірінші әйелінен 4 баласының барын өз аузынан естігенде есімнен танып қалдым. «Ахи» бауырымызға осылай алданып қалдым.
– Одан кейін не істедің?
– Одан кейін «бұл қалай болды?» деп «әл Фараби» базарына барғанымда, ол жақтағылар: «күйеуің сені уайымдамасын деп саған ештеңе айтпаған болуы мүмкін, сайып келгенде, жұбайың Исламнан аттамаған, қайта органдағылар сенің күйеуіңе ғана емес, Исламға қарсы жұмыс істейді» деп күйеуімнің қылмыс жасағанына көз жұма қарады. Мені жұбатпақшы болды. Осыдан кейін өтірік пен жалған көнбістікке бой алдырып, соқыр сенім соңында жүрген олардың өздерін мұсылманбыз деуі маған сондай жиіркенішті көрінді. Сөйтіп, олардан аулақ жүруді шештім.
Өкінгеннен пайда жоқ, құрсағымдағы баламды түсіріп алдым. Қазір жалданып асханада жұмыс істеп жүрмін. Кешегі, бал-бұл жанған студенттік кезімдегдей жас қыз да емеспін. Кейде енді мені кім алады деп те ойлаймын. Бірақ Алладан күдер үзбеу керектігін білемін. Бұдан кейін қанша жерден «ахи-бауырымыз» десе де, қадамымды мың ойланып барып басуды шештім.
Иә, Гүлжан сияқты әлі қаншама қаракөз қыздарымыз діннің парыздарын ұстанамын, күйеуіме адал қызмет етемін деп теріс пиғылды Исламның өз ішіндегі түрлі ағымдардағы адамдарға алданып жүр. Әйелдің жанының нәзіктігін, дінді бар болмысымен қабылдайтынын біліп, оны пайдаланатындар да бар. Тіпті түрлі шет мемлекеттерде жүрген діни ағым мүшелері, қазақ бауырларымыз телефонмен сөйлесу арқылы қаракөз қыздарымызға уағыз айтып арбап, сырттай әйелдікке алып, өздерінің мақсаттарын жүзеге асырып отырған жағдайлар да бар екен. Себебі жаңағы қыздарға Сирия, Палестина және т.б. елдерге экстремистік мақсатта кеткендерді дін жолында «жихад жасап жүр» деп ақиқат жолындағы «идеал-діндар» адамдар ретінде насихаттайды, олардың санасына солай сіңіреді. Бұл – әйелдің тым сенгіштігін білдіретін бір әлсіз тұсы, әйел затының жаны қаншалықты қылдай нәзік болса, соншалықты, иіріп әкетуге оңай болатынының тағы бір дәлелі. (Кейіпкердің есімі өзгертілді).
Тақырыпқа орай
«Шахидтер» құпиясы
Жуырда Ресейдің Волгоград қаласында қоғамдық көлікте дағыстандық 30 жастағы Наида Асиялова өзін-өзі жарып жіберді. Денесіне жарылғыш құрылғыны байлап, қолында гранатасымен аялдамадан мінген ол көп ұзамай құрылғыны іске қосқан. Осылайша Наида өзінің ғана емес, тағы 6 адамның өмірін қиып, 55 адамды жарақаттады. Тергеу жұмыстары бойынша Асиялова бандылық топтың жетекшілерінің бірі, іздеудегі Дмитрий Соколовтың некелі әйелі болып шықты.
Ал осыдан 3 жыл бұрын Мәскеудегі метроның «Парк культуры» стансасында 12 адамның өмірін жалмап, 23 адамды жарақаттаған лаңкестік әрекет болды. Сараптама жұмыстарының нәтижесі бойынша, «бір қарағанда жанкешті тым жас көрінеді. Ол небары 18 жаста. Түсі қаралау, кавказдық азаматқа ұқсайды. Лаңкестің жүзі және кеудесі сау қалған. Жарылғыш затымен оралған белдік оның ішін жарып жіберген…» делінген болатын. Кейіннен оның дағыстандық «Альбаро» деген лақап есімі бар боевиктің әйелі, 17 жастағы Жанет Абдурахманова екені анықталды. Осыған ұқсас жарылыс «Лубянка» стансасында орын алды.
Мәскеу мен Кавказдағы, кешегі Волгоградтағы өзін-өзі жарып, лаңкестік әрекет жасағандардың көпшілігі – әйелдер. Жалпы, портретін сипаттайтын болсақ, олар – 17 мен 35 жас аралығындағы қыз-келіншектер, Кавказдағы боевиктердің жарлары, түрлі қарулы қақтығыстарда әкесінен, іні-бауырынан, күйеуінен айырылған жетім-жесірлер. Демек, қайғысы бар, азалы жандар. Арқа сүйер азаматынан, асқар таудай әкесінен, бір кіндіктен шыққан бауырынан айырылған қыз баласы, әйел адамы үшін, әрине, ауыр. Тіршіліктің қамыты, отбасының бар ауыртпашылығы сол нәзік жан иесіне түскенде, тығырықтан шығар жол іздеп, тұла бойын ашу, ыза кернеп, өмірге өкпелей бастайды. Олардың жан дүниесіндегі бұл қайғы көп жағдайда өзегін өртеп, кек алуға итермелейді. Ал осы кезде, түрлі мақсатты көздеген лаңкестік ұйымдар қаралы нәзік жандыларды «нәзік емес» іске итермелейді. Өмірге өкпесі бар, тіпті өмір сүрудің маңызын бұл фәниден таппаған қыз-келіншектер арғы дүниедегі жақынына жету үшін бәрін жасауға барады. Оның, әрине, діни мотивтері де жоқ емес. Ол қосымша әйелді осындай әрекет жасауға көндіруге құрал, идеология ретінде қолданылады. Сондықтан, Ресейде жасалынатын лаңкестік әрекеттердегі «шахид» болғандардың ішінде қаралы, азалы әйелдер көп. Олармен, психологиялық терапевтік іс-шаралар жүргізіледі дегенмен, жат ағымның құрығына түскендері қаншама?..
Осы жазда Өзбекстанның Ташкент қаласында айналасына қыз-келіншектерді жинап, теріс жолға үгіттеп отырған Лола Ахмеджанова есімді азамат ұсталды. Ол бастапқыда исламның негізгі қағидалары мен арабша хат тануды үйретумен айналысқан. Кейіннен тыйым салынған «Хизбут-Нурсат», «Хизбут-Тахрир» экстремистік ұйымдарының догмаларын уағыздап, ол үшін ақша алып отырған. Ақша төлей алмағандарды саяжайында еңбек етуге мәжбүрлеген. Тергеу жұмыстары бойынша Ахмеджанова террористік ұйымға қатысы бар болғандығы үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылған күйеуінің тапсырмаларын орындап отырғаны анықталды.
Лола өзінің қарамағындағы әйелдерге, қыздарына хиджаб киюді талап етіп, мектепке баруға, ойын-сауықтық бағдарламаларды қарамауға бұйырған, туған күн тойлауға тыйым салған және олардың жүректерінде дінді ұстанбайтын айналасындағы «кәпірлерге» деген өшпенділік ұялатқан.
Сонымен қатар жуырда Ливанның солтүстігінде Сирия жанжалында радикалды топ тарабында соғысу үшін әйел боевиктерді дайындап отырғаны анықталды. Соңғы бір-екі айдың ішінде 20 шақты әйелді арбап, оларды қаруландырып үлгерген екен
(Дереккөзі РИА Новости)
Адам қалай лаңкеске айналады?
Мамандардың зерттеуінше, әйелдердің «шахидке» айналуына келесідей факторлар әсер етеді:
1) сенімі, діни ортасы, олардың бағыты;
2) әйелдің мінез-құлқы, психологиялық ерекшеліктері;
3) әйелдің әлеуметтік мәртебесі, жасы, отбасындағы жағдайлары;
Осы бір мәселелердің әсерінен жихад жасау, «шахид» болуға бел буу, кек алу сияқты белгілі бір мотивтер туындайды. Оларды осы жолға «тәрбиелеуде» уағызшылардың да әсері мол. Мәселен, жас қыздарды олардың ата-анасына, қоғамда дінді ұстанбайтындарға қарсы қою, әлеуметтік әділеттілік, теңдік сияқты құндылықтарды насихаттау, мемлекет ұстанып отырған діни бағытты, саясатты терістеу, заңды бұзудың шынайы қылмыс емес, «кәпірлерге» қарсы күрес екендігін насихаттау, қару қолданып, жиһад жасаудың парыз екендігін міндеттеу және т.б. арқылы қоғамнан оқшаулап, арбау жұмыстарын жүргізу арқылы дайындайды. Адамның санасына әсер ететін сөз екендігін меңгерген түрлі ағым өкілдері уағыздарды көптеп жүргізеді. Өздерінің діни бағыттарын насихаттайтын ұғынықты, тұрмыстық мысалдары көп әдебиеттер де тарқатылады. Осы тұста, нейролингвистикалық бағдарламалау (НЛБ) уағыздарда, кітаптарда қолданылады. НЛБ психология, лингвистика, гештальд-терапия саласындағы озық әдістерді, жетістіктерін және қарым-қатынас жасаудың озық тәжірибелерін қамтиды. Яғни сөз арқылы адамның психикасына әсер етіп, оның іс-әрекетінің мотивтерін айқындауға болады. Тіпті лаңкестік әрекетті ұйымдастырушылардың сценариі бойынша әйелдің істеуі керек әрекеттерін де алдын ала бағдарламалап, оның санасына әбден жаттықтырып та қоюға болады.
Жалпы, мамандардың зерттеуінше, «шахидтік» жолға дайындалып жатқан әйелдердің бойынан мынадай психологиялық ерекшеліктерді байқауға болады екен: өзін діни сенімі жоғары, нағыз ақиқаттың жолында сезіну, оның көзқарасына қарсы адамдардың барлығын дұшпандар деп қабылдап, айналасындағы ортаны, қоғамды жек көру сияқты түсінік болады.
P.S. Біздің елімізде жоғарыда көрсетілген деректер сияқты лаңкестер болмағанымен, қыз-келіншектердің Исламды белгілі бір дайындықсыз тез қабылдап, оранып киіну тенденциялары байқалады. Әрине, ата дәстүрімізбен сабақтасып кеткен Исламның қазаққа ешқашан жаттығы болмаған, болмайды да! Алайда табиғатынан ер адамды өзінен бір саты жоғары санап, өмірдегі тірегіндей көрген аруларымызды азаматтардың өздері түзу жолдан адастырмаса дейміз. Қайта қабырғасынан жаралған әйел затын өзінше «түзеуге» ұмтылмай, оның әлсіздігін артықшылығы санап, қамқор бола білсе игі еді.
Сауат Парманқұл
Жас Қазақ газетінен алынды
Біле жүріңіз
«Жиһад» пен терроризм жайлы не білеміз?
«Жиһад» сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді төгу, тырысу, күресу деген сияқты мағыналарды білдіреді.
Жиһад ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда теріс бағыттағы ақпарат салдарынан көптеген адамдар жиһадты қару алып соғысу деп біржақты түсінеді. Әрине, мұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде өткенімен, төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Құранда соғыс ұғымы «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитал» терминдерімен білдірілген. Бірақ жиһад сөзі соғысты да қамтығандықтан, көпшілік жиһад делінген кезде тікелей соғысты түсінеді.
Жиһад – адамның Алла тағаланы тануына кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жою. Жаратушы мен адамның арасындағы бөгеттерге сауатсыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ерік-ойға, санаға жасалған шектеулер жатады. Жиһад осы бөгеттерді жою үшін жасалатын барлық іс-шара, күреске айтылмақ.
Алла ризалығы үшін істелген әрбір іс-қарекет «жиһад» саналады. Қандай да болсын қиын жағдайларға қарамастан, күн сайын үздіксіз бес уақыт намаз оқу, кейде ми қайнатар аптап ыстықта ораза ұстау, Алла тағаланы өзге жандарға түсіндіру үшін істелген әрбір іс, қоғамдағы кейбір керітартпа келеңсіздіктерді түзету үшін атқарылған үлкенді-кішілі барлық шара исламдағы жиһад ұғымының аясына кіреді.
Жиһад – ең әуелі өзіңді түзету. Ішкі дүниеңді, жүрегіңді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтыру. Қысқасы, нәпсіңмен әрдайым үздіксіз күрес. Себебі әуелі өз басын түзете алмаған адам, нәпсісін жеңіп, кәміл адам болу жолына түспеген жан өзгені қалай түзетіп, тура жолға қалай шақырмақ.
Қайрат Жолдыбайұлы
www.abai.kz