АЛТЫНОРДА
Новости

Тіл – ұлттың жаны

Тіл – ұлттың жаныЖыл сайын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еліміздің азаттық алған жылдардан бергі уақыттағы қол жеткізген жетістіктеріне ой жүгіртіп, саралап алу – алдағы күнімізді межелей түсу үшін де өте қажет болмақ. Иә, ата-бабамыздың асыл арманы болған қастерлі Тәуелсіздігіміз бізге оңайлықпен келген жоқ. Бұл жолда талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, басынан небір зобалаң шақтарды, қилы кезеңдерді өткерген халқымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттығына қол жеткізіп, дербес мемлекет болды.

Елбасымыз бен халқымыздың ерен еңбегінің арқасында мемлекетіміздің берік негізі қаланды. Тәуелсіздік бізге жоғалтқанымызды табуға, тарихта кеткен есемізді қайтаруға, бар-жоғымызды түгендеуге, елдігімізді бүтіндеуге мол мүмкіндіктер туғызды. Еліміз еңсе тіктеді. Төртеу түгелденіп, төбедегіміз келді. Алтын қазығымыз – тіліміз бен дініміз қайта оралды. Тарихымыз, салт-санамыз, ұлттық дәстүрлеріміз жаңғырды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап орнатылған еңселі ескерткіштеріміз халқымыздың ұлы тұлғаларына арналды. Әлемге тарыдай шашырап кеткен қандастарымыз елді бетке алып, көш түзеді. Қатарымыз толықты. Іргеміз бүтінделді. Жеріміз жайнап, шаттыққа кенеле түсті. Жаңа Астанамыз бой көтеріп, отаншыл азаматтарымыз өсіп жетілді. Демографиялық жағдайымыз дұрысталып, елдегі қазақтың саны 70 пайыздан асты. Білім мен ғылым, өнер мен мәдениет жаңа серпін алып, өркендеді. Спортшыларымыздың кейінгі Лондон олимпиадасында жеті алтынға қол жеткізуі, әлемдік деңгейдегі өтіп жатқан шаралар, Елордамыздың «EXPO-2017» көрмесін жеңіп алуы қандай биік мәртебе! Айта берсек, көңіл толатындай жетістіктеріміз баршылық екен.
Бұл ретте ана тіліміз де егемендігімізбен бірге қанат жайып, өркендеп келеді. Бүгінде Елбасының қамқорлығының арқасында мемлекеттік тілімізді дамытуға барлық мүмкіндіктер жасалған. «Тіл туралы» Заң, бағдарлама қабылданды. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс» деп жаңа міндет белгіледі. Елбасы жұртшылықпен кездесулерінде «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген ойларын әрдайым білдіріп, тілге ең алдымен өзіміздің жете мән бере қарауымызды еске салып келеді. Демек, бәрі өз қолымызда тұр. Бірақ әлі де салғырттық бар. Біз үшін сырттан біреу келіп жасап беретін сияқты. Салыс­тырмалы түрде алатын болсақ, еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ тілінде білім беретін 3843 мектеп ашылса, онда оқитын оқушылардың саны 63 пайызға жеткен. Ал қазақ тілінде 2591 балабақша ашылған. Бұл 1991 жылмен салыстырғанда 1433-ке артық. Мұндайды кезінде армандаудың өзі қиын еді ғой. Мемлекеттік мекемелердегі іс қағаздар қазақ тілінде жүргізілуде. Тіпті бұл көрсеткіш еліміздің кейбір аймақтарында 100 пайызға жеткен. Қазақ тілінде шығарылып жатқан бас­па өнімдері, кітаптар мен оқулықтар, өнер, кино, мәдениет туындыларының саны өсе түсуде. Мұның барлығы Тәуелсіздігіміздің, еңсемізді көтерген Егемендігіміздің, елдігімізді бүтіндеген азаттығымыздың арқасы. Алда талай асулар, биік белестер күтіп тұр. Еліміздің жеткен жетістігі қандай көп болса, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – мемлекеттік тілімізді тұғырлы ете түсу, қолданыс аясын кеңейту. Бір елде, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатсақ та, қазақ тілін құрметтемейтін, оны мемлекеттік тіл ретінде танығысы келмейтіндер әлі де бар. Бұл – өкінішті. Оған тосқауыл керек. Бір қарасаң, заң жүзінде барлығы реттелген. Ал іс жүзінде кемшіліктер бой көрсетіп жатады. Тіл мүддесінің аяққа тапталуы – ол көшелердегі қате жазулар, «сақау» сөйлемдер, жарымжан жарнамалар, тіліміздің шұбарлануы, т.б. Осының бәрін реттеу өз қолымызда. Егер біз тілімізге құрмет көрсете алмасақ, Тәуелсіздігімізге де құрмет көрсете алмағанымыз. Осыны мықтап есте ұстағанымыз жөн.
Мемлекеттік тіліміздің мерейі Егемендігімізбен асқақ. Тіліміздің мәртебесі Тәуелсіздігімізбен ажарлы. Олай болса, тілді қорғау Тәуелсіздікті қорғаудан бір де кем емес. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», «Тіл – ұлттың жаны», «Тіл болмаса, ұлт та болмайды» деген екен Алаш қайраткерлері. Сол үшін де, Тәуелсіздігімізді қорғау, Егемендігімізді нығайтуға күш салу, тіліміздің мәртебесін биіктету ел болудың, халық болып ұлы мұраттарға қол жеткізуіміздің басты жолы!

Дәуіржан Төлебаев

http://anatili.kz/?p=17326