Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Ана тілім – ардағым» атты фестиваль Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қорытындыланды.
Салтанатты шара қала әкімі Ахметжан Есімовтің құттықтау сөзімен ашылды. Тілге қатысты жыл бойы атқарылған шараларға кеңінен тоқталған Ахметжан Смағұлұлы қазақ тілінің кең өріс алуына жастардың айтарлықтай ықпалы бар екенін айта кетті. «Алматы – жастардың қаласы. Қазір шаһарымызда жоғары оқу орындарында 187 мыңдай студент білім алуда. Бүгінгі біздің тұрмысымызды, әсіресе жастардың өмірін интернетсіз, әлеуметтік желілерсіз елестету мүмкін емес. Демек, интернеттегі бұқаралық ақпарат құралдарында белсенділікті арттыру тілді дамытудың басты шарты және бүгінгі тіл саясатының ең жалғыз тірегі болады. Өйткені ХХІ ғасыр – ақпараттық технологияның, былайша айтқанда, экранның, интернеттің ғасыры. Біздің жұмысымыздың келешек өрісі де соған тәуелді. Бұл орайда Алматы жастарына үлкен жауапкершілік жүктеледі», – деді А.Есімов.
Биылғы жылы Алматы қаласында мемлекеттік тілді меңгергендердің саны 4,5 пайызға артқан. Биыл өткізілген әлеуметтік зерттеулерге сай, ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді меңгерген қала тұрғындарының үлесі 62 пайызға жетіпті. Ал ресми мәліметтер бойынша, Алматыда қазақтардың үлесі 55 пайызды құрайды екен.
Фестиваль барысында Алматы қаласының әкімі А.Есімов осыған дейін өткен «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Үздік аудармашы», «Қазақ тілінің үздік оқытушысы», «Абай оқулары» қалалық байқауларының жеңімпаздарын марапаттады.
Қазылар алқасының шешімімен «Ана тілі» газетінің тілшісі Бағдагүл Балаубаева «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының «Баспасөздегі үздік журналист» номинациясының жеңімпазы атанса, «Үздік тележурналист» номинациясында «Алматы» телеарнасының тілшісі Дастан Сапашов топ жарды. «Үздік радиожурналист» номинациясында «Шалқар» радиосының тілшісі Құралай Жұмаханова үздік деп танылды. Ал «Қазақпарат» ақпарат агенттігінің аға тілшісі Ерлік Ержанұлы интернет-сайттағы үздік журналист атанды.
Әуезов ауданындағы №53 балабақшаның қазақ тілі оқытушысы Сәрсен Ержанова «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқауының, Алматы-1 стансысындағы ішкі істер желілік басқармасының қызметкері Ерғали Шашаев «Үздік аудармашы» байқауының, №56 гимназияның 8-сынып оқушысы Лия Уразаева «Абай оқулары» байқауының жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздарды қала әкімі Ахметжан Есімов марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Автор: Заңғар ШЕГЕБАЙ
http://alashainasy.kz/culture/46024/