АЛТЫНОРДА
Новости

Тілге жанашырлық жас толқыннан басталады

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Облыс әкіміне үш сауал

  • Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілгендей 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс. Осы талапты орындауда Сіз басшылық жасайтын облыс көлемінде қандай шаралар қолға алынды?
  • Елбасының биылғы Жолдауындағы қазақ тілін жоғарыда атап өтілген мерзім ішінде білуге байланысты қазақстандықтар алдына қойып отырған жауапты міндетті жүзеге асырудың басты тетігі саналатын «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыруда нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
  • Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде не кедергі болып отыр деп ойлайсыз?

1. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әр жыл сайынғы Жолдауларында мемлекет­тік тілге қатысты нақты тапсырмалар беріп, қазақ тілінің кең қанат жаюына ерекше көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты облысымызда тіл саясатын жүргізудегі нақты іс-шараларға тоқталмастан бұрын, аймақтағы халық санының, ондағы ұлттар үлесінің көрсеткішін айта кетуді жөн санап отырмын. Солтүстік Қазақстан облысы халқының саны бүгінде 583 мың болса, соның 33 пайызы қазақ ұлтының еншісіне тиеді, ал Петропавл қаласы бойынша тұрғындар саны – 203 мыңға жуық адам, соның ішінде 25 пайызы қазақ тұрғындары. Өзге ұлт өкілдері басым шоғырланған аймақ болғанына қарамастан өңірде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда деп айта аламыз. Елбасының алға қойып отырған міндеттерінің бірі – 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызының мемлекеттік тілді меңгеруі үшін бірқатар кешенді жұмыстар жасалуда. Тілдің бастапқы негізі отбасы мен балабақшада, одан әрі мектепте қалыптасатыны белгілі. Осыған байланысты өңірде қазақ балабақшалары мен қазақ мектептерінің санын едәуір өсіру жұмыстары қолға алынуда.
1990-1991 оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ балаларының небәрі 30 пайызы ғана өз ана тілінде білім алып келген болса, биылғы 2012-2013 оқу жылында бұл көрсеткіш 66 пайызға жетіп отырғанын ерекше атап өтуімізге болады. 2011-2012 оқу жылында орыс тілінде білім беретін 19 мектепте, 2012-2013 оқу жылында 13 мектепте қазақ сыныптарының ашылғанын тіл саласының дамуына қосылған айтарлықтай маңызды үлес екенін айта аламыз. Бұл игі бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.
Мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшыныс өңіріміздегі өзге ұлт өкілдерінің арасында да жыл санап арта түсуде. 2007-2008 оқу жылында 229 өзге ұлт оқушылары қазақ мектептерінде білім алған болса, 2011-2012 оқу жылында олардың саны 327-ге, ал 2012-2013 оқу жылында 344-ке жетті.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Тіл және әдебиет институтының түлектері – Юля Маркова, Ольга Лизун, Ирина Эрнст, Денис Ершов сынды өзге ұлт өкілдері әртүрлі әлеуметтік салаларда өздерінің қызметтері арқылы қазақ тілінің дамуына атсалысып келеді. Бүгінгі таңда бұл игілікті жайт өз жалғасын тауып, қазақ тілі және әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, маманы атануға талаптанып жүрген өзге ұлт жастары да жетерлік.
Жыл сайын өтетін дәстүрлі Қазақстан халқы тілдерінің фестиваліне қатысушылар «Мемлекеттік тілді насихаттауда үздік аудан», «Мемлекеттік тілді насихаттауда үздік кәсіпорын», «Мемлекеттік тілді насихаттауда үздік селолық округ», «Мемлекеттік тілді насихаттауда үздік аумақтық мекеме», «Өлке тарихын және әдебиетін зерттеуге үлес қосқан мемлекеттік емес ұйым» аталымдары бойынша түрлі дип­ломдармен, мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға қосқан үлестері үшін облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы, сондай-ақ Алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін 2 тіл маманына пәтер кілттері табыс етіліп, тіл жанашыры, ардагер ұстаз Қайролла Мұқановқа жеңіл автокөліктің кілті тапсырылды. Осылайша мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға қолдау көрсету осы бағыттағы жұмысымыздың бір көрінісі іспетті.
Облыс орталығында 2010 жылдан бастап қала тұрғындарына қазақ тілін тегін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Биылғы жылы 15 топ ашылып, онда 180 адам қазақ тілін үйренуде. Бұл курстарға қатысып, қазақ тілін білуге, үйренуге талпыныс білдіріп жүргендердің қатарында жеке кәсіпорындардың басшылары, қоғамдық ортада қызмет атқаратын маман иелері, жолаушылар тасымалдау және қонақүй қызметкерлері де бар. Бір айта кетерлігі, облыс тұрғындарының тілге қатысты туындаған сауалдарына бюроның арнайы маманы жауап беріп отырады. Бұл тәжірибенің тіл үйренуге қызығушылығы бар азаматтар үшін маңызы зор.
2. Бүгінгі күнде аймағымызда «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру жөніндегі 2011-2013 жылдарға арналған іс-шаралар қабылданып, ол бойынша нақты жұмыстар жалғасын табуда. Атап айтқанда, мемлекеттік тілді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту шаралары кең көлемде жүргізілуде. Тіл орталығы 2 мультимедиалық бөлмемен, сондай-ақ арнайы оқу бөлмелерімен жабдықталған. Жыл сайын облыс бюджетінен қазақ тілін оқытуға тиісті қаржы бөлініп келеді. Алайда осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланбай жүрген мемлекеттік қызметшілеріміз де жоқ емес. «Судың да сұрауы бар» демекші, қаражат жүрген жерде сұрау бар, содан кейін талап та бар. Бұл талапты мемлекеттік қызметтің басында жүрген әрбір азамат сезіне білсе ғана жұмысымыздың нәтижелі болатыны сөзсіз.
Былтырғы жылы Ұлттық тестілеу орталығының «Қазтест» жүйесі бойынша облыстың Қызылжар, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарында қазақ тілін меңгеру деңгейі бойынша 1002 мемлекеттік қызметшілер сынақтан өтті. 2013 жылдың ақпан-наурыз айларында білім, мәдениет, денсаулық мекемелерінің басшылары осы жүйе бойынша тіл сынағын тапсырды. Петропавл қаласы және барлық 13 ауданның әкім аппараттарының мәжіліс залдарына ілеспе аударма қондырғылары орнатылды.
Мемлекеттік тілді дамытудың маңызды факторы ісқағаздарды ана тілімізде жүргізу болса, бұл мәселе күнделікті жұмысымыздың басты бағытына айналды. 2005 жылы жалпы облыс бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі 40 пайыз, кіріс құжаттарының үлесі 22 пайыз, ал 2012 жыл бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттар үлесі 96 пайыз, кіріс құжаттар 76 пайыз болды.
Өңірде барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы заңнамаларының талаптарына сәйкес мемлекеттік және басқа да тілдердегі хабарлар көлемінің арақатынасының сақталуы қамтамасыз етілуін ұдайы назарда ұстаймыз. Мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында 2013 жылы жоспарлы 25 шараға 5 миллион теңге қаражат бөлінді.
Өңірдегі аудандар арасында іс-тәжірибе алмасу мақсатында екі жыл қатарымен Абай оқулары және көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы облыстық байқаулары, «Мен жастарға сенемін» облыстық Мағжан оқулары өткізілді. Жерлесіміз, ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында 2011 жылдың қараша айында тұңғыш рет «Қазақ елі, бірауыз сөзім саған» І республикалық Мағжан өнер фестивалі ұйымдастырылды. Биылғы жылдың мамыр айында бұл фестивальді «Мағжан көктемі» деген атпен өткізу жос­парланып отыр. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады.
3. Менің ойымша, бүгінгі таңда мемлекеттік тілді үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту үшін айтарлықтай кедергілер жоқ. Өйткені қазақ тілін дамытуға байланыс­ты мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар легі аз емес. Елбасы айтқандай, қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі қажет. Ата-әжесі немересімен, ата-анасы баласымен өз ана тілінде сөйлессе, бұл да өз жемісін бермей қоймасы анық. Қазақ қазақпен қазақша сөйлескен жағдайда елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілде сөйлеуге талпынатын болады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы –
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты биылғы Жолдауында «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бейжай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолда­ныс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деп атап көрсетті. Осы сөзді әрбіреуіміз санамызға сіңіріп, сол күнге жетер жолда жұмыла еңбек етуіміз керек.

http://anatili.kz/?p=13427