АЛТЫНОРДА
Новости

«Тіліміз де, өзіміз де бәсекеге қабілетті болуымыз керек»

EsimovvҒ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрында өткен «Ана тілім – ардағым» атты фестивальде сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов осылай деді. Әкім қала бойынша тілге қатысты атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

– Биыл өткізілген әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді меңгерген қала тұрғындарының үлесі 62 пайызға жеткен. Ал ресми мәліметтер бойынша Алматыдағы қазақтардың саны 55,5 пайыз. Демек, тілдік орта тек қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері есебінен ұлғайып отыр. Қазір алматылық өзге ұлт өкілдерінің 22 пайызы қазақ тілін еркін біледі. Ал тұрмыстық қазақ тілін білетіндер саны өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артып, мемлекеттік тілді мүлдем түсінбейтіндердің саны 4,5 пайызға азайған. Бұл – қуанарлық та, құптарлық та жағдай. Елімізде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың, сындарлы саясаттың нәтижесі, – деді шаһар басшысы.
А.Есімов сөзінің соңында қаладағы мем­лекеттік басқару органдарының бірінші басшыларына төменгідей іс-шараларды жүзеге асыруды тапсырды:
Жергілікті атқарушы органдардың страте­гиялық жоспарларына мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға бағытталған іс-шараларды енгізу және оларды жоғары дең­гейде, үлкен жауапкершілікпен ұйымдастыру.
Мемлекеттік басқару органдарында тіл­дерді дамыту мен қолдануға бағытталған іс-шаралардың барысын тұрақты түрде қадағалау және ұдайы талқылап отыру.
Аудан әкімдерінің жыл сайынғы тұрғын­дар­мен есептік кездесулерінде тілдерді дамыту мен қолдану бағдарламасын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып отыру.
Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес өткізілген іс-шаралар туралы материалдардың бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып тұруын қамтамасыз ету.
Мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілінде іс жүргізе алмайтын қызметкерлердің қазақ тілін оқыту курстарына тіркелуін және олардың оқыту курстарына тұрақты түрде қатысуын қамтамасыз ету, жіті қадағалау әрі қатаң талап ету.
Мекеме қызметкерлерінің шығыс хаттарды әзірлеуде тек оның бетіндегі жолдама хатты ғана емес, оған қоса берілетін барлық құжаттарды қазақ тілінде рәсімдеуін және кеңсе қызметінің кіріс құжаттарын мүмкіндігінше қазақ тілінде қабылдау шараларын ұйымдастыру.
Алматы қаласының Ішкі істер депар­таменті мен Жол полициясы басқармасына:
– Жол бойындағы көрсеткіштерде қазақ тіліндегі көше атауларының қатесіз жазылуын қамтамасыз ету.
Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құ­жат­тама басқармасы «Нұр Отан» ХДП-ның Алматы қалалық филиалымен бірлесе отырып:
– Қала көшелеріндегі сыртқы жарнама және көрнекі ақпарат нысандарының мә­тіндерінде тіл туралы заңнама талапта­рының сақталуын тұрақты түрде бақылау.
Алматы қаласының Білім басқармасына:
– Алматы қаласындағы мектептердің орыс тілінде білім беретін сыныптарында қазақ тілі пәніне бөлінетін сағат санының азайып кетпеуіне бағытталған шараларды қолға алу.
Қала басшысы тіл мәселесіне байланысты журналистер мен мұғалімдер, аудармашылар, оқушылар арасында өткен байқаулар жеңімпаздарын құттықтап, сыйлықтар тапсырды. Жеңімпаздар арасында «Ана тілі» газетінің тілшісі Бағдагүл Балаубаева да бар.
Жиынға қатысушылар өнерпаздар концертін тамашалады.

Н. Жандәулетұлы

 

http://anatili.kz/?p=16049