АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Тіркеуде жоқ, тірегі де жоқ

Қырық градустық аяздың құрсауында жүргенде көңілдері жаздай жайдары жандарды жолықтырудың өзі ғанибет. Көне үйшіктің иесі бізді жылы шыраймен, арасында балаша қуанып қарсы алды.

Зәуреш үш баласымен осы жерді уақытша паналап отыр. Біздің алдымызда Қарағандыдан достары келіпті. Олар да өзі сияқты есту қабілеті жоқ жандар. «Бүгін қонып кетеді» дейді. Аядай бөлмеде тұрса да, қонақ күтіп әуре. Олар мейман ғана емес, жас ананың жәрдемшісі, көмек қолын созатын жалғыз жақындары екенін сосын білдік. Үнсіз әлемнің тұрғындары бір-біріне сүйеніш.

Астанаға деген ұмтылыс Зәурешті те осында жетеледі. Төрт жыл бұрын ұлы мен қызын анасына тастап, өзі келген. Астанада мылқаулардың өз ортасы қалыптасқан. Алдымен солардың тіршілігімен танысқан. Сосын, жұмысқа орналасты. Бірнеше жұмысты істеп көрді. Сол шақта бір мекен-жай бойынша қалада уақытша тіркеуге тұрған. Тұрды деген аты болғанмен, кейін тіркеу базасынан шығарылған. Оны тек үшінші сәбиіне құжат алар кезде бір-ақ білген. Сол тіркеусіздік қазір отыз екі жастағы Зәуреш пен оның үш баласының  басты тауқіметіне айналып отыр.

Азаматтық некеде жүріп, үшінші баласын туғаннан кейін ауылдағы есейіп қалған ұлы мен қызын алдыртуға мәжбүр болды. Өзі көп балалы отбасыдан шыққанмен, бауырларымен жараспапты. «Бәрінің өз отбасы бар, шешем қартайды. Үйде жүре берер едім, тек ағаммен түсініспедім. Оның ниетін де, тіпті айтқан сөзін де түсінбеймін» — дейді, сөйлеген адамның ернін бағып ұғуға тырысатын Зәуреш.

Ұлы Қазбек қазір он бесте. Отбасы тіршілігінің қиындығын түсініп, мұғалімдер оны кешке мектепке ауыстырған. Қазбек он күн бұрын жалдамалы жұмыс тауыпты. Астанада бір мекемеде қоқыс жинап жүр. Ресми жұмыс болмағандықтан, жұмыс беруші жалақы төлей қояр ма екен деген күдіктері жоқ емес.

Қызы Зарина жетінші сыныпта оқиды. Бар әуесі – қол телефоны сияқты. Телефоннан құйқылжыған музыка. Анасы бәрібір ештеңе естімейді ғой.

Қазбек пен Заринаның әкелері олардың жағдайынан хабардар. Бірақ оның тарапынан көмек жоқ. Тек бір жолы қызын өз қолына алуға ниет білдірген. Зәуреш келіспепті.

Жыл бұрын ол үшінші баласын тапты. Әділханға куәлік рәсімдеуге барғанда, өзіне мекен-жай бюросынан анықтама ала алмаған. Осылайша, өзінің тіркеуде тұрмағанын білді. Бірақ сәби бір жасқа толғанша жәрдемақы алған. Енді жалғызбасты ана ретінде жәрдемақыға өтініш берейін десе, тағы да сол проблема алдынан шығады: тіркеуде жоқ. Қазбекті жұмысқа орналастыру үшін де тіркеу керек. Өзі де сол тіркеусіз жұмысқа орналаса алмайды. Бір сөзбен айтқанда, қаладағы тіркеусіз тіршілік, теңіздегі  желкенсіз қайықтың ағысымен бірдей…

«Көшеде «Тіркеуге қоямын» дейтін хабарландырулар көп. Бірақ әр адамға кем дегенде он мың теңге сұрайды. Төртеумізге қырық мың тауып беру қиын» — дейді Зәуреш.

Шап-шағын сарай, сол шағындығынан ба екен, жып-жылы. Кіреберістегі пеште шоқ қоздап тұр. Зәурештің пеш жағудан тәжірибесі бар. Бір айлық. Қазан айында ол Техникалық қызмет станциясына пеш жағушы ретінде жұмысқа жалданған. Үш баласымен бірге сол пештің түбін паналаған. Алайда, үздіксіз от жағуға шамасы жетпесе керек. Енді тәй-тәйлап жүрген баласы аттап басқызбайды. Отты сөндіріп алғаны үшін талай ұрыс естіген. Қарашада пеш жағатын басқа адам табылыпты. Бірақ  қожайын үш балалы ананы аяп, ауладағы осы сарайды уақытша паналауға берген. «Уақытша» деген сөз көкейінде тұр.

Зәуреш қонақтар үшін дастархан жаюға кірісті. «Қонақ келсе, кең болсын деп, жерге төсейміз» дейді. Дастарханға барын қойды.

«Күнделікті жейтініміз – макарон,картоп,пияз. Ақша түскенде анда-санда тауық сирағын асып, сорпа жасаймыз. Балалар ет жегісі келеді. Кішкентайымды алты айлығында емшектен шығардым. Сосын, балалар тағамын сұрап емханаға бардым. Астанадағы №5-емхана дәрігерлері менің баламды көріп, «Мұның салмағы өз жасынан артық. Ондай балаларға тағам бере алмаймыз» деп, шығарып салды. Сосын, Көкталдағы емханаға бардым. Ол жер берді» — дейді Зәуреш.


Қазір ол өзі танитын мылқауларға жағалай қарыздар. Борышы  120 мың теңгеден асып кетіпті.

Зәурештің бір қуанатыны – үш баласы да сау туды. Баланың ести алатыны саңырау ана үшін үлкен бақыт.

«Тек бір қиналатыным – тіркеуге тұра алмай жүргенім. Әйтпесе, қалғанын өзім атқара аламын. Үлкен ұлым мен қызыма куәлік алып берсем, бірі жұмысқа орналасып кетер еді, екіншісі – амалсыз сабағын оқыр еді. Кішкентайымды балабақша бергім келеді. Өзім тұрақты жұмыс табар едім. Бәрі сол тіркеуге тіреліп тұр» — дейді тұрмыстан тарыққан ана.

Ол бір ғана кедергіден аттасам, бүкіл қиындықты өзім шешемін дейді. Өз бетінше күресуге бел буып отыр. Зәуреш жігерлі жан. Тек осы белестен сүрінбей өтсе екен…

 

Қайсар Жігер

Жангелді Бекбатыров, «Қазақ саңыраулар қоғамы» бірлестігінің Астана қалалық бөлімшесі төрағасы:
«Күрдебаева Зәурештің жағдайынан хабардармыз. Оның бұл жерде ешқандай туысы жоқ, сондықтан тұрмыстық қиыншылықтармен жалғыз өзі күресуге мәжбүр. Кез-келген әлеуметтік көмек пен жәрдемақығы өтініш беру үшін мекен-жай тіркеуін талап ететіні рас. Сондықтан жеке проблемаларын шешу үшін Зәуреш пен оның балаларын бір мекен-жайда тіркеу керек болып отыр. Саңыраулар қоғамы атынан біз оған аудармашы қызметін ұсынып отырмыз. Астана қаласындағы бес жүзге жуық мүгедекке (саңырау немесе есту қабілеті төмен жандар — al) бұл көмек мемлекет есебінен тегін көрсетіледі. Алайда, біздің де мүмкіндігіміз шектеулі»

 

http://www.ainalife.kz сайтынан алынды