Бірде «Нұрлан қайтыс болыпты» дегенді естігенде, «Шығыстан шыққан таланттардың ғұмыры неге қысқа?» деп (Оралхан Бөкей, Марат Қабанбай), көзіме жас алып, көкірегім қарс айырыла күрсінгенім рас-ты. Амал қанша, поэзия теңізінде желкенін жел керіп, енді-енді кемеліне келіп жүзе бастағанда, жалған дүние жалғандығын танытты. Артына нәрлі өлеңдерін қалдырып, Нұрланды алды да кете барды. «Мәңгілікке ұласатын ұлылық – жалған дүниені майша шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, тіпті ілініп-салынып алжығанша жасауда емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей асығыс зулап өте шығу, яғни өз өміріңді оқыс әрі әдемі аяқтату» деп еді жерлесің, ағаң һәм қазақтың маңдайына сыймай ерте кеткен дарынды жазушы Оралхан Бөкей.
Ораш ағаның айтқаны – ақиқат. Жүз жасау мақсат емес. Ең бастысы – артыңа өшпес із қалдыру. Сенің ізің – тамырлы жырларың.
Тiрiнiң қамын тiрi жер,
Тiрiлер бiрiн бiрi жер.
Тiрлiкте қашқан қадiрiң
Өлгенде ғана бiлiнер.
Өлiнiң қамын тiрi жер,
Жоқтауын салып жүгiнер.
Жоғалтып алған асылы
Айырылғанда бiлiнер, – деп едің бір өлеңіңде.
Рас, біз тірісінде ешкімді елей бермейтін өте селқос, самарқау халықпыз. Тек дүниеден көшкен соң ғана мақтап, естелік айтып «асылдың сынығы еді» деп қауқылдасып жатамыз.
Иә, сен дүниеден озғанда қазақ поэзиясы қаламынан толағай жырлар төгілген, Алтайдың өр шыңындай өрелі талантты бір ақынынан айырылған еді.
Қоңыр кеште қоңыр
Тау тамсанатын.
Қоңырқай боп өтiптi
Қаншама түн…
Қоңыр iңiр жаныма жақын менiң –
Қоңыр үнмен қырық мың
Ән салатын.
Иә, қоңыр тірлік жаныңа жақын еді. Жыр көшінде салмақты орның бола тұра, «мен сондаймын» деп ешкімге кеуде қақпадың. Қашанда салмақты, сырбаз мінезден таймадың. Жұрт осы бейкүнә, пәк қасиетіңді, әр жолында атан түйе әрең тартар ой жатқан өлеңдеріңді сағына еске алар.
«Маңдайыңа жазғанын көрерсiң де…
Қуанасың, жылайсың, өлесiң де…
Ажалы жүйрiк
болды жарықтықтың,
Деп алып, сақтамайды-ау,
ел есiнде.
…Жадында ұстайтұғын жақын ғана,
Басқаға беймағлұм атың, бала…», – деп шер төксең де, тек жақының емес, жұртыңның да есіндесің, ақын аға. «Бір бейнеттен бір бейнетім боп қалың, Ажалымның алдына кеп тоқтадым» деп ешкім айта алмаған. Бірақ сен айта алдың. Жыр көгінде жасындай жалт еттің де кете бардың. Небәрі 43 жаста… Берерің көп еді-ау, амал не?
Қазақтың қара өлеңі аман тұрғанда, сенің де атың өшпейтіні белгілі. Елеусіз, іздеусіз қалмасың хақ.
Нұртөре ЖҮСІП ақын досы туралы былайша әңгімелейді:
– 1979 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің қазақ бөліміне 50 бала түстік. Ол кезде студенттік өмір сәл өзгеше еді. Сенбі, жексенбі сайын түрлі кеш, соның ішінде поэзия кештері жиі өтіп тұратын. Сол жылы оқуға түскен 50 баланың барлығы дерлік ақын еді десем, артық айтпағаным.
Журфактың жатақханасында күркіреп өлең оқып, талдап жатушы едік. Сол оқуға түскен түлектердің бірі, орталарда өзінің өрнекті өлеңдерімен танылған Нұрлан Берғазиев болды. Кейіннен ол ақын ретінде Нұрлан Мәукенұлы деген атпен танылды. Бірінші курста оқуға түскен елу баланың барлығы дерлік ақын болғанымен, зейнетінен бейнеті басым, мехнаты көп таза ақындықты ұстап қалғандар санаулы еді. Олар Нұрлан Мәукенұлы, Баян Бекетова, Үмітхан Алтаева, Бейбіт Құсанбек болатын. Бұлардың қай-қайсысы да қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, ақын ретінде мойындалған азаматтар. Бәлкім сол курсымыздан шыққан ақындардың ішіндегі шоқтығы биігі Нұрлан десем қателеспеспін.
Негізі, Нұрланның мінезі тұйық, көп адаммен аралас-құраласы жоқ, саяқтау жүретін. Отырыстарда топты жарып, сөз сұрап, «мен білемін, мен айтайын» деген кеудемсоқ мінезден ада, өзіндік көркем мінезі, өзіндік жұмбақ жан әлемі бар жігіт-ті. Қаламынан керемет ойлы жыр туып жатса да ол студент жылдары басылым беттеріне өз өлеңдерін көп жариялай қойған жоқ. Студент бола жүріп, алғашқы кітаптарын шығарып үлгерген пысықайлардың қатарынан емес-тұғын. Сол кезде университетте Мұхамеджан Сералин атындағы әдеби бірлестік деген болды. Оған Алтынбек Сәрсенбайұлы, Дархан Мыңбай, Еркін Қыдыр, Бейбіт Құсанбек, Баян Бекетова және осы Нұрлан Мәукенұлы сияқты әдебиетке бір табан жақын жүретін талапты жастардың көбі мүше еді. Тырнақалды туындыларымыздың көбісі сол бірлестікте талқыланды. Сондай отырыстарда, жыр кештерінде Нұрлан «мен мынадай керемет өлең жаздым, мынаны тындырдым, мынаны былай жазғалы жатырмын» деп суырылып алға шығып, ойын ортаға тастап, жан әлемін ашқан емес. Бірақ оңашада ойлы өлеңдерін қойын дәптеріне түсіріп жүргенін білетінбіз. Жалпы Нұрлан екеуміздің арамызда бір жақсы достық қатынас болды. Мені жанына жақын тартып, жазғандарын көрсетіп, сырласып жүруші еді. Оның өлеңдері Қазанқап, Шалкиіз, Ақтамберді секілді атақты жыраулардың сарқыты секілді, сол жыраулардың жалғасы сияқты көрінетін. Өлеңдерінде сол жыраулар көтерген алдаспан ойлар, тамырлы байламдар, құнарлы пікірлер тұнып тұратын. Соны бүгінгі оқырманға сай етіп, көркем тілмен өріп тұрып беретін. Дауылпаз ақын Махамбеттің де ұшқыны бар десем, артық айтқаным емес. Нұрлан оқу бітірген соң, өзі туған өлкеде – Зайсанда біраз жыл жұмыс жасады. Аудандық «Достық» деген газетте редактор, комсомолда жұмыс істеді, баспахана директоры болды. Біраз жұмыстың басын шалды.
Мен ол кезде Павлодарда облыстық «Қызыл ту» газетінде жүрген едім. Екеуміз хат алысып тұрдық. Ойларымызды ортаға тастап, ақылдасып, сырласып тұрушы едік. Кейіннен ол Алматыға келіп, Ұлықбек Есдәулетовпен бірге «Жас қазақ» басылымын шығарушылардың бірі болды. Нұрланның өндіріп тұрып шығармашылықпен айналысқан кезі де осы тұс шығар деп ойлаймын. Кейде онымен «менің өлеңдерімнің жанында, сенікі түкке тұрғысыз» деп қалжыңмен қағытып, әдемі әзілдесіп қоятынмын. «Әй, саған сөз жоқ. Сені жеңу мүмкін емес» деп жұмсақ жымиып қана қоюшы еді. Оның өлеңдері баяғы жыраулар дәстүрін қайта жаңғыртқандай болып көрініп тұрады. Поэзиясындағы сөздің қуаты алапат еді. Өлеңдерінің құрылысы жорғаның жүрісіндей, мінсіз-тұғын. Өте ойлы ақын болды. Жыр көгінде жасындай жалт етіп, көрініп, жоқ болса да, соңына ойлы, нәрлі дүние қалдырды. Балалар тақырыбына қалам сілтеу оңай дүние емес. Нұрлан сол балаларға арнап та талай жыр жазды. Балаларына да ешкім қоя бермейтін, тек ақын адамдар ғана қоятын ерекше аттар қойды. Ұлының атын – Наздан, қыздарын – Гүлден және Гүлрең деп атады.
Қазір ұлы мектеп бітіріп, оқуға түсті. Оның бойында әкесіне тартқан ақындық қабілет бар. Оны қалай алып жүреді, әрине, ол өз еркі. Нұрлан Алматыға келген соң, біраз уақыт пәтерсіз жүрді. Ақыры «Таугүл» шағын ауданынан жер алып, соған өз күшімен, маңдай терімен үй тұрғызды. Бәлкім сол тұста баспанасыздық, мынау ақын жанын аялай алмайтын нарық заманы, адамның асыл қасиеттері адыра қалған қым-қуыт, дүмбілез қоғам, тағдыр тауқыметі бәрі-бәрі ақын жүрегіне үлкен салмақ салғаны белгілі. Жүрек көтере алмады ма, қайдам, ақын досым екі кештің арасында артына бәрін қалдырып, о дүниеге аттанып жүре берді. Бірақ артында азамат ретінде тындырған жұмысы, тамыры тереңге тартқан мәнді де мағыналы, тау суындай мөлдір, дала өзеніндей терең жырлары қалды. Уақыт өте келе оның жырлары бағасын алады деп ойлаймын. Көңілге қуат ететін бір жайт, қазірдің өзінде туған жерінде көшенің, мектептің аты беріліп жатыр. Оның атында әдеби сыйлық та бар. Әлі де аты дәріптеледі деп ойлаймын. Нұрлан – халықтың құрметіне лайық жігіт. Нұрлан досқа берік, адал жан. Айтқанын уақытында орындайтын. Адами қасиеттері ерекше жан-тұғын. Курстастары «Біздің Нұрлан» деп еркелетті, ардақ тұтты. Ол сол деңгейден көріне білді. Достың қазасы өте ауыр ғой. Қазір жары Гүлмира Мәукенкеліні «Қазақ газеттері» АҚ-та есепші болып жұмыс істейді. Нұрлан екеуі мектептен махаббат болған, дос болған. Нұрланның шығармашылығында жарға деген іңкәр сезімі, балаға деген сүйіспеншілігі менмұндалап көрі-ніп тұрған нәрсе. Жарына да, балаларына да талай жыр арнады. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр сүрсе де үйде де, түзде де өзін сыйлата білді. Өзгені сыйлай білді. Артында жақсы сөз қалдырды. Амал қанша, қаламы толысқан, піскен, кемеліне келген шағында өмірі үзіліп қалды. Әйтпегенде иісі қазақ үшін талай сүбелі, кесек-кесек дүниелер берер еді, әттең! Ақын ретінде айтары көп болатын. Журналистика саласында да өзін ерек көрсете білді. Өнімді жұмыс жасады. Оның жазған-сызған дүниелерін жинақтаса, бір кітапқа жүк болар еді. Нұрланның жүзінен байсалдылық, парасаттылық, тау қозғалса да қозғалмайтын салмақтылық есіп тұратын. Тіпті оның жарқылдап күлуі де сирек. Әдемі жымиып қана қоятын. Кейде ол уақыттың салмағын жүректен өткізіп, ұлттың қайғысын өзінің қайғысындай сезініп, бәрін жүрекпен қабылдап жүргендей сезілетін. «Жүрегіме жинадым-ау бәрін, Жолын таппай қаңғып ақты-ау қаным. Қайманаға бола алмадым қаймақ, Жан дүнием ауырады, жарым…» деп бекер жазбаған болар….
Ол өлең оқығанда да кейбіреулер секілді, қолын сілтеп, төсін ұрып жатпайтын. Өлең оқу мәнері ешкімге ұқсамайтын. Ерекше-тін. Ол елін, жерін, ұлтын, қазағын қалай сүйетінін, қадірлейтінін, ту етіп көтеретінін сол сабырлы қалпын сақтаған күйде-ақ сездіре алатын. Студент кезде әскери кафедараның Қордайда оқу-жаттығу полигоны болды. Жігіттер бір жарым ай сонда болдық. Дайындықтан өттік. Жусанды жер. Сол жусанның түбіне бозторғайлар ұя салады. Бірақ көктемде жер жыртқанда бозторғайдың ұясы, балапанымен қоса жыртылып, трактордың табаны астында жаншылып қала береді екен. Шыншыр табан трактор жерді жыртып келе жатқанда бозторғай балапанына қорған бола алмай, арқан бойы биіктікке көтеріліп алып, шыр-шыр ететіні бар. Сондай бір жағдайды көзбен көрген Нұрлан қатты тебіренді. Көзіне жас алды. Соған куә болдым. Жаны қатал адамға бозторғайдың өлгені не, балапаны трактор табанының астында қалғаны не бәрібір емес пе?. Жүрегі дір етпесі анық. Бұл жайт Нұрланға қатты әсер еткенін түсіндім. Көзі жасқа толып, ұзақ тұрып қалған. Жер жыртып келе жатқан тракторды тоқтата алмайды. Мемлекеттің жұмысы. Тракторшының де бұл жерде кінәсі жоқ. Жырт деді, жыртты. Сол кішкентай көріністен Нұрланның сезімталдығына куә болдым. Жүрегінің әлсіздігін сезіндім. Ол бозторғайдың шырылын, балапанның соқаның астында қалып бара жатқанын көзбен көріп қойған жоқ, оқиғаны жүрекпен қабылдады. Қордайдағы сол оқиға, Нұрланның көзіне жас алып тұрған шағы әлі есімде. Бәлкім, оның рухты, адамның ішкі қылдарын қозғай білетін сыршыл ақындығына осындай жайттар да әсер еткен болар. Елі, жұрты, қазағы аман тұрғанда, Нұрлан Мәукенұлы ұмытылмасы хақ. Ол іздеусіз, ізсіз қалатын адамдардың қатарынан емес…
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
Айкын газетiнен алынды