Қапшағай қаласының сыртындағы «Көшпенділер» фильмі үшін тұрғызылған «Түркістан қаласы» декорациясын көріп, тамашалау көптен бергі жоспарымыз еді. Cәті түсіп, Іленің жағасына саяхат жасап қайттық.
Декоративтік қала біз ойлағандай алыста емес көрінеді. Қапшағай қаласынан өткеннен кейін солға бұрылып, шамамен алғанда 20-25 шақырымдай жер жүрдік. Одан кейін алдымыздан «Түркістан декорациясы» деген жол белгісі шықты. Сол көрсеткіштен оңға бет түзеп, тағы 4-5 шақырым жолсыз жорттық. Бір жақсысы, көздеген орныңызға кез келген көлікпен қиналмай жете аласыз. Жол талғамайтын «джип» іздемесеңіз де болады. Кей жерде сыңар жол кездесетіндіктен, жиекке шығып, қарсы беттен жолыққандарды өткізіп жіберуге тура келеді. Елсіз мекен болғанымен, мұнда өлі тыныштық деп айтуға болмайды. Өйткені әрі-бері ағылып жатқан кісі қарасы аз емес. Барлығы бірдей декорацияны көру үшін арнайы ат басын бұрмаса да, жүксалғышқа тиелген қармақтарына қарағанда, Іле өзенінен балық аулауға келгені байқалады. Бір айта кетерлігі, бірнеше қыр асып, өзен жағасына жақындамайын-ша, мен мұндалаған «шаһарды» алыстан көру қиын.
Біз межелі орынға жеткенімізде декорацияны күзетіп отырған қарауыл әйел алдымыздан шығып, ғимарат жанына көлік қоюға рұқсат етілмейтінін ескертті. Қарсылық білдіргеніміз жоқ, сөзге келместен тәртіпке бағынып, темір тұлпарымызды аулақтау апарып қаңтардық. Жаяу түсіп жақындағанымызда білдік, киелі Түркістанның көшірмесін аралау үшін адам басына 200 теңге төлеу қажет екен. Оған да келісіп, айтқанын бұлжытпай орындадық. Әрі қарай өткенімізде қарауыл апай «қала» ішінде темекі шегуге, от тұтатуға болмайтынын нықтап тапсырды. Бірақ қамалдың сыртқы қақпасы жабық тұрғандықтан айналып артқы бетіне өтіп, кірер есікті іздедік. Бір жаманы, судың бойы болғандықтан ба, шыбын-шіркей көз аштырмайды. Күзетшілердің өзі бастарына мойынға дейін түсетін тор қалпақ киіп, жан сақтайтын көрінеді. Мұндай болады деп күтпеген бізге тек шыдаудан басқа амал қалмады.
Сонымен, аулаға кіргенімізде біздің көзімізге алғаш түскен қоқан арбасы. Бұл арба басқа туындыларда да пайдаланылса керек, аса тозығы жетпеген. Бояуы сәл-пәл оңайын дегені болмаса, істен шыға қоймапты.
Одан әрі қарай тот басқан темір шаңырақ, керегелер, қирап жатқан жылқы макеттері, қоқыс тасталған құдық, құлаған, сылағы түскен қабырға, қураған қамыс, қаулаған шөп назарымызға ілікті. Құрылыстың ағаш қаңқалары ырсиып кетіпті. Сыртынан ұрылған балшық әлдеқашан түсіп қалған сияқты. Баспалдақтардың да цементі ажырап, шашылып жатыр. Жылдың төрт мезгілінде тоқтаусыз түсетін жауын-шашын мен ұйытқи соғатын дала желі үстемдік құра бастағаны көрініп-ақ тұр. Тағы бірер жылда көрікті мекеннің ұсқыны қашып, бүкіл сән-салтанат үйіндіге айналатын тәрізді. Қалай болғанда да кезінде осы «қаланы» тұрғызу үшін аз қаражат жұмсалмағаны анық. Бір реттік декорация болғанымен, сонша сомманың желге ұшқаны обал-ақ. Әрі қарай да күтіп-баптап, туристік орынға айналдырып, мақсатты түрде пайдалану жағы ойластырылмағаны өкінішті. Қарауылдың айтуынша, туристік орынға айналмаса да қазірдің өзінде келіп тамашалайтын шетелдіктер баршылық. Көпшілігі ресейліктер. Олардың бір-екеуін өз көзімізбен де көрдік. Қазақстан аумағына саяхаттай шыққан көршілеріміз Көкшетауда болып, осы декорацияның бар екенін елден естіп, арнайы соғыпты. Түсірілім барысында қандай қызық оқиғалар болғанын сұрады. Алдағы уақытта да Мәскеу режиссерлері осы маңда кино түсіру үшін «Қазақфильм» АҚ басшылығымен келісіп жатқан көрінеді. Одан түсетін пайда бар ма, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз.
Білгілісі, декорация «Көшпенділер» фильміне ғана арнап салынғанымен, басқа картиналардан да көзіміз шалып қалды. Мәселен, Тимур Бекмамбетовтың «Дневной дозор. Мел судьбы», Сатыбалды Нарымбетовтің «Мұстафа Шоқай», Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмдері мен Жәмила Серкебаева мен «Тұран» тобының «Қанекей, тілім сөйлеші», Естай Әлікеевтің «Абылайхан» және басқа да клиптерге арқау болды. Нақты тізім «Қазақфильм» киностудиясының әкімшілігінде бар деп ойлаймыз.
– Мұнда кез келген адам келіп, кино, болмаса клип түсіре алмайды. Әуелі «Қазақфильмнің» мөр басылған рұқсаты болуы керек. Анықтаманы көрсеткеннен кейін ғана жұмыс істеуіне келісім береміз. Кей киноларға керек көріністерді өздері өзгертіп, қалпына келтіріп алады, – дейді күзетші Нұр-Рахман.
Қарауылдар отбасы осы жерден тиын-тебен алып отырғандықтан, әлеуметтік жағдайларын аса қозғағысы келмеді. Біз де ертең зиянымыз тимесін деп, қазбаламадық. Есесіне, бала-шағасына қонаққа келген кейуана «Қысы-жазы осында тұратын болғандықтан, «Қазақфильм» бір бөлме салып берсе болады ғой. Айдалада жатқанымен, бұлар да адам баласы емес пе?» деп кейіді.
Өзіміз де «күннің ыстығы мен суығында темір вагонда қалай күнелтеді?» деп таңырқап тұрғанбыз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», «бас ауырып, балтыр сыздай қалған жағдайда жедел жәрдем келе ме, жан-жақтағы елді мекенмен қалай байланыс жасайсыздар?» деген сауалымызға Нұр-Рахман ағай «18 шақырым жердегі күре жолға шығып, жақын жердегі ауылға барамыз. Басқа ешқандай амал жоқ. Қыстың күні тіпті қиын. Қалың жауған қар көктем шыққанша, қарға адым жер бастырмайды. Көлік жолын бітеп тастайды. Қарауыл деген атым болмаса, қауқарсызбын. Ешқайдан көмек сұрай алмайтынымды біліп, Іленің жағасына келгендер мені көздеріне де ілмейді. Декорацияның ішіне кіріп алып, арақ ішіп, ойларына келгенін істейді. Ағаш тақтайларды ұрлап жағады. Оқыс оқиға бола қалған жағдайда олардың куәлері көп. Мен жалғыз өзім не істей аламын, ешқандай бақылау жоқ. Өртеп жібермесе екен деп, қашан кеткенше сырттарынан торып жүремін. Құдай сақтасын, бір сіріңке тұтатса, гу ете қалады. Оны өшіретін су да жоқ» дейді күзетші.
Біз мән-жайға қанығып, жұмыс орнымызға қайта оралғаннан кейін
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Әмірханұлы Аманшаевқа төмендегідей сауалдар жолдағанбыз.
1. «Көшпенділер» фильміне пайдаланылған «Түркістан» декорациясын тұрғызуға қанша қаражат жұмсалды?
2. Одан кейін қандай фильмдер мен клиптерге арқау болды?
3. Ары қарай қандай мақсатқа пайдалану көзделген?
4. Декорацияны сақтап, күту үшін қандай шаралар қолданылған? Ол үшін жыл сайын қаражат бөліне ме?
5. Кешеннің бүлінген, құлаған тұстары қайта қалпына келтіріле ме, жоқ біртіндеп жойыла бере ме?
6. Туристік орынға айналдыру жұмыстары жолға қойылған ба?
7. Күзетшілердің қауіпсіздігі ойластырылмаған сияқты. Қолында рация жоқ, не бейнебақылау орнатылмаған. Сондай-ақ қысы-жазы вагонда өмір сүру денсаулыққа зиян емес пе?! Қарауылға арнап кішігірім үй салып беру қарастырылып жатыр ма?
8. Алдағы уақытта бұл жерде тағы қандай фильм түсірілмек?
Алайда 12 және 18 шілдеде жолданған екі хатымызға арада бір ай өтсе де «Қазақфильм» АҚ тарапынан жауап берілген жоқ. Сондықтан бұл сауалдарымызды театр-кино саласының бірегей тұлғасы мен білікті мамандарына қоюға тура келді…
Досқан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстанның халық артисі, «Қалдан-Серен» рөлін сомдаған актер:
– Кезінде «Түркістан» декорациясы мен Қалдан-Сереннің ордасын қаз-қалпында қалдыру туралы «Қазақфильмнің» сол уақыттағы директоры Сергей Әзімовке ақыл беріп едік. Қыс кезінде бүлінетін мүліктерді бір шегесін шашау шығармай жинап алып, жазда қайта құрып қойылса дегенбіз. Көремін деген кісілердің барлығы асықпай тамашалап шығып, содан сабақ алса деген пікірімізді құлақ қағыс еткенбіз. Өкінішке қарай, оның барлығы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Қазір оған қарап жатқан кім бар?! Ешкім жоқ! Сонымен, декорацияның шаруасы талқандалып бітті-ау деймін. Бізде әр шаруа осылай, салпы етек, салақ әйелдің тірлігі сияқты. Ешкімге ештеңе керегі жоқ. Жауапкершілікті ешкім мойнына алмайды. Баяғыда салынды, кететін ақша кетті, одан кейін оны қарап керегі не?! Кейде ойласаң жаның түршігеді. Жүрегің ауырады. Шіркін-ай, десеңші! Оны айтасың, фильмде пайдаланған заттардың біреуі де қалмады ғой. Рәсуа болған қайран дүниелер. Баяғыда Шәкен ағамыздың мерейтойына көрмеге қоятын ештеңе таба алмады ғой. Сол сықылды «Көшпенділердің» де мұрасынан бірдеңе қалды ғой, дейсіз бе?! Әрине, жоқ. Оны ойлайтын адам бар ма? Ойласа, кешегі Қыз Жібектің киімі қайда? Жастардың сезімі тоғысқан жәдігер ретінде музейге қойса, біз бүгін оны пір тұтып, тамашалар едік. Мәселе, түсірілген кинода да, оны сомдаған актерлерде де болмауы мүмкін. Ол біздің тарихымыз, сұлулық пен әсемдіктің символы, ғашықтардың идеалы, қазақ халқының мақтанышы Қыз Жібек пен Төлеген еді ғой. Біздің жадымызда сақталған, жөргегімізде естіген інжу-маржандарымыз болатын. Фильмдегі әдеміліктің бәрі көрінген жерде қалды. Оның қасында «Түркістанға» кім қарапты? 2004 жылы түсірілген кино, содан бері тоғыз жыл өтті. Тозып бара жатқанын көрген сайын ішіміз күйеді. Қыштан, кірпіштен салынбаған, декорацияның аты декорация ғой. Оған қарап қоятын адам болмаса, жермен-жексен болып қалады да… Өкінішке қарай…
Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның халық артисі, «Көшпенділер» кинофильмінің қоюшы-режиссері:
– Бұл декорацияны тұрғызу үшін кезінде көп қаржы жұмсалды. Америкада болса, соның қадірін біліп, үстіне музей салып тастайды. Соңғы он жылда «Түркістанда» қаншама фильмдер түсірілді. Әрі қарай да тарихи орын болып қалуы керек еді. Бірақ оған жаны ашитын ешкім болған жоқ. Немқұрайды көзқараспен қарады. «Ой, қойшы, менікі емес қой, тұрса, тұра берсін. Пұл болмаса, күл болсын» деген салғырттықтың нәтижесі. Шын мәнінде, ол жерде үлкен дүниелер жасап, уақыт өте келе тарихи орынға айналдыратын мүмкіндік болды. Тым болмағанда, туристік компаниялардың біріне бергенде, ұтарымыз көп еді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта бәрі керісінше болып тұр…