Күн мен түн теңелетін, табиғат ана тамылжып, қыс бойы қар құрсауында болған тіршілік оянатын, жер мен көк жаңаратын мезгіл әз-Наурызға да келіп жеттік. Наурыз – қазақша жыл басы.
Ежелден әр елде наурыз туғанда мейрам қылып, бас асып, қазан-қазан көже ішіп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қыз-келіншек бәрі де мәз болып көрісіп, ескі ұрыс пен ренішті ұмытып, татуласатын бол-ған. Бұл мейрам қазақы ұлттық көріністің бейнесі іспеттес. Бұл күнде сол ежелдегідей байғазы сұрасып, ат шаптырып бәйге алып жатпаса да, 22 наурызда мерекелік шаралар өткізіліп, ұлттық жарыстар ойнатылып, барынша мейрамды әспеттеп жатамыз. Наурыз мейрамы қазақтың да, украин, орыс, неміс және қазақ елін мекен еткен басқа да 130 ұлт өкілінің ортақ мерекесіне айналды. Ата-бабамыздың озық дәстүрін жалғастыру мақсатында бұл күндері ағаш отырғызу акциялары, қайырымдылық шаралары өткізіледі. Жер-жерлердегі әкімшіліктер тұрғындарға шама-шарқынша мерекелік бағдарламалар әзірлейді. Құрылған сахналардың бірінде шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп жатса, бірінде спорттық ойындардан жарыстар өтіп жатады. Бірінен-бірі өткен киіз үйлер тігіліп, наурыз көже таратылады. Ұлттық киім киген ұл-қыздар алтыбақан теуіп, мәз-думан болады. Жергілікті мейрамханалар мен наубайханалар өнімдерінің саудасы ұйымдастырылады.
«Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» демекші, салт-дәстүрден этностың мінез-құлқы, үлгі-өнегесі, зейін-зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл-ойы, моральдық, танымдық, этикалық көзқарасы көрінеді. Яғни салт-дәстүр дегеніміз – халықтың рухани өзегі, мәдениетінің діңгегі, тілінің тірегі. Наурыз мейрамында осы рухани құндылықтарды насихаттауды жақсылап түсіну керек-ті. Насихат дегенде маңызды орынға ие бұқаралық ақпарат құралдары. Әрине, кез келген басылым төл мереке хақында түрлі ақпарат, қызықты дерек, эксклюзивті сұхбатын ұсынып жатады. Бұл өте орынды. Алайда, «төл мерекеміз Григориан күнтүзбесі бойынша аталып өтетін жаңа жылдың тасында қалып қояды; тиісті деңгейде аталып өтілмейді» деп талайдан бері айтылып та, жазылып та келеді. Соңғы кездері «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда. Тігілген киіз үйлер санаулы адамдардың рақаты мен ішіп-жеу ордасына айналып, олар сырттан бақылайтын қарапайым жұрттың алакөздігін тудырды. Наурыз мейрамы қарын тойдырумен шектеліп, рухани баюымызға, болмаса құмар-та тынығуымызға септігін тигізбей отыр» деген пікірлер айтыла баста-ды. Жылқы жылы ұлттық жаңа жылымызға телеарналар қаншалықты көңіл бөлуде?! Сол тақырыпта сараптама жасауға тырысып көрдік. Мәселен, «Қазақстан» ұлттық арнасы 22 наурыз мерекесін тойлауды ертерек бастап кеткенге ұқсайды. Қазақы көйлектегі бойжеткен, ат жалында ойнайтын батыр, кимешек киген әжелер, қолында бүркіт ұстаған саятшы және тағы басқа қазақы көріністен хабар беретін бейнебаян жасап, халық назарына ұсынып үлгерді. «Хабар» арнасының ұжымы наурыздың арайлап атқан таңын «Жаңа күн» атты бағдарламаның арнайы мерекелік шығарылымымен бастамақ. Онда көрермендерге қызықты ақпараттар, жан-жақты видеосюжеттерді ұсынады. Елімізге танымал азаматтар наурызды қалай қарсы алады?! Ұлыстың ұлы күнінде кәдеге жарар таңғы кеңес, бұрын-соңды беймәлім болған ұлттық билер мен салт дәстүрлер жөнінде кеңінен ақпарат береді. Сондай-ақ жаңа заманда наурызды қалай тойлау керек деген сұраққа жұлдыздар, өзге ұлт өкілдері, танымал тұлғалар журналистермен бірге жауап іздейді.
Мемлекеттік арналардың наурыз мейрамына беретін бағдарламалардың форматы, тақырыбы, мазмұны ұқсас. Тек шақырылатын қонақ, қойылатын сұрақ өзгеше демесек. Дегенмен насихат жеткілікті.
Ал коммерциялық арналар ұлттық мейрамға қаншалықты назар салады?! Мысалы, «Жетінші арна» мерекелік эфирінде балаларға арналған «Наурыз думан» атты концертті қамтыған. Әртүрлі жастағы балалар мерекелік өлеңдер айтып, билерін көрсетіп, халық аспаптарында ойнайды. Сондай-ақ «Жетінші арнаның» жаңа аспаздық шоуында екі бірдей ұлттық тағам дайында-лады, бірақ тәсіл әртүрлі. Бұл жай ас әзірлеу емес, ене мен келіннің бәсі! Асүйде болсын, ер-адамның өмірін-де болсын басты орынды иеленетін кім – анасы ма, әлде әйелі ме? Кайсысы өзінің шеберлігін көрсетіп, отбасыдағы «БАСТЫ аспазы» атанады?! Жігітке қойылар талап та қатал – көзбен көрмей, дәмін татып таңдау жасайды.
Қазақстандық телеарна нарығындағы жаңа форматтағы «Қыздар арасында» шоуының мерекелік бағдарламасында қазақы әйел табиғаты тақырыбына қатысты екі заман өкілінің пікірі анықтайды? Бағдарламаға сарапшылар мен қонақтар шақырылады, олар үй шаруасына қатысты, өзіңді күту, аспаздық, бала тәрбиесі, жұбайлық мәселесіне қатысты кеңестермен бөлісетін көрінеді.
Сонымен қатар арнайы наурыз мерекесіне жаңа премьера «SUPER әжелер» жобасының тұсауы кесілмек. «Дәстүрлі әжелерге көздері үйреніп қалған телекөрермендер сөзсіз таң болады» дейді ұйымдастырушылар. Біздің әжелер жастардан қалыспайды, тіпті олардан асып түсуі де мүмкін: заманауи клубтың «face-control»-нен оңай өтіп, суши барда тамақтанады, әдемі билеп, спорттық көлікті еркін жүргізуі де мүмкін екен. Түнгі клубта жастар ғана қыдырады деп кім айтты? Студенттер ғана сәнқой ма? Кездесуге асығатын тек бикештер ме? Зейнет жасына дейінгілер ғана тәуекелшіл бола ма? «Super әжелер» атты жаңа төл жобамызда барлық таптаурынды жоққа шығаратын көрінеді.
Арналардың наурызға арналған мерекелік бағдарламасының дені жұлдыздардың қатысуымен болады. Себебі кез келген телеарна алдыңғы кезекте рейтинг қамын ойлайтыны белгілі. Десек те, қандай креативті, тың бағдарламаны ұлттық нақышта жасауға болатыны да бел-гілі дүние. Уақыт өте қазақы құндылықты ескеретін бағдарламалар қатары көбейюде. Демек, алдағы наурыз мерекесінің Григориан күнтүзбесі бойынша аталып өтетін жаңа жылмен деңгейі тең атап өтілу мәселесі болашақ еншісінде қалмақ.
Арайлап жеткен әз-Наурыз мейрамында ақ мол болып, жылымыз ырысты болсын. Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, бейбітшілік пен келісімнің арқауы болған Ұлыстың Ұлы күні жанұяларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін!
А.НҰРМҰХАН
http://www.aikyn.kz/articles/view/45129