АЛТЫНОРДА
Новости

Төле бидің тегін дұрыс жазып жүрміз бе?

©cultural.kzЕліміз егемендігін алып, цензура жойылып, халқымызға сөз бостандығы берілгелі, тарих тақырыбына қалам тартатындардың саны көбейіп кеткені белгілі. Олардың арасында, маман-тарихшылардан көрі, әуесқойлар мен арнайы тапсырыспен жұмыс істеп, «ат мініп, шапан киіп» жүргендер басымдау! М.Қойгелдиев айтқандай: «Бұл, жалпы алғанда, жағымды тұрғыдан бағалануға лайық… Өйткені халық өз тарихын білуге ұмтылса, ол халықтың тәні де, жаны да таза деген сөз. Болашақтан үміті бар халық қана тарихқа үңіледі»…

Ғалым адамның пікіріне дауымыз жоқ. Дегенмен,біздіңше ненің болса да шегі болуы керек, біз сол шектен шығып бара жатқан сияқтымыз.

Әркім өз атасын, қала берді руласы мен тайпаласын ұлықтап, «ел үшін еңіреп туған ер бопты», «пәленбай жылқы айдаған бай бопты, тіпті жылқысы өзенге бас қойғанда, өзен суы тартылып қалады екен» немесе «аузымен құс тістеген шешен, би бопты» деген сияқты тақырыптағы кітаптардан аяқ сүрінеді. Бәрінен бұрын атасын батыр еткісі келетіндерге тәуір болды, қалай төмпештесең де көнетін, қанша қырсаң да түгемейтін, «айналайын» қалмақ бар.

Ұрып жаза бер!

Сенбеген адам барып, тексеріп келсін!

Ал енді біраз жылдан кейін, сол «батырлар мен жомарт байлар», «шешендер мен билер» туралы кітаптарды мұрағаттан тауып алған зерттеушілер, сол кітаптарға сілтеме жасап, тағы бір «шедеврлер» жарық көреді…

Ал, өз кезегінде ел тарихында өздерінің өшпес іздерін қалдырған, бірегей тұлғалардың еңбегі тарихымызда еленбей, «қолдан жасалған» тұлғалардың тасасында қалып қоятын жайттар да жетерлік.

Мәселен, атақты Төле бидің ата-тегі…

…Бүгінгі күні өмірімізге дендеп енген ғаламтордағы кез-келген іздеу жүйелерінен Төле би туралы материал іздесеңіз, табатыныңыз … Шежірешілер «тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін бай да, би де шықпаған. Олар «қарашоғыр» атанған қара шаруа болған» деген дерек береді»….

Ия, ғаламтордағы Төле би туралы материалдардың 90 %-н, осы сөздермен басталып, бүкіл саналы өмірін халқымыздың елдігі мен бірлігіне арнаған кемеңгер бабамызды «тексіз» етіп көрсеткен материалдар құрайды десек, қателеспейміз!

Ал, санасы бар қазақ баласы үшін «тексіздік» өте ауыр ұғым екені айтпаса да түсінікті!

Егер, қазіргі мектеп оқушылары мен студенттердің үлкен бөлігінің ақпаратты ғаламтордан алатынын ескерсек, мұның зардабын түсіну қиын емес!

Осы дерек қайдан алынған?

Сөйтсек, кейінгі жылдары, еліміздегі барлық үлкенді-кішілі басшы қызметкерлер мен зиялы қауым өкілдерінің «үстел» кітабына айналған «аузы дуалы» қадірменді ағаларымыз Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара Салғарин және Ақселеу Сейдімбек (марқұм) бірлесіп жазған «ЕЛТҰТҚА» (Елтұтқа. Ел тарихының әйгілі тұлғалары — Астана: KÜL TEGIN, 2001.) кітабында Төле бидің шыққан тегі туралы, белгісіз бір шежірешілерге сілтеме жасалып « Шежірешілер «тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін бай да, би де шықпаған. Олар «қарашоғыр» атанған қара шаруа болған» делінген екен.

Ал, бұл кісілер кімге сүйенді екен — деген сұраққа жауап іздеп, «індетіп», іздей бастадық. Біраз әдебиетті ақтарып, бұрынғы оқыған кітаптарға қайта «шұқшиып» жүргенімізде, тағы бір қадірменді азаматымыз Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романының («Жазушы» баспасы-1981 ж.) 82-бетіндегі мына жолдарға көзіміз түсті.

…«Қазақ тағының қазіргі иесі әз Тәукенің туған әкесі салқам Жәңгір қиын шатқалдан тау суындай лап қойған Жоңғар тасқынына қарсы тұрар дәрмен таба алмай жаны қарқараға келгенде жер түбінен қол созған да сол Жалаңтөс-ті. Ендеше, хан Тәукеге атасы атасына қадірін өткізген Әйтеке батымды болмағанда кім батымды болмақшы! Әйтеке — Жалаңтөстің әкесі бір, анасы бөлек бауыры Ақшаның үшінші баласы Бәйбектен туған-ды. Жалаңтөс тұсында төбесі көкке бір жетіп қалған исі Сейтқұл, исі Төртқара, исі Әлім, исі Алшынның қазіргі маңдайға ұстағаны да осы – Әйтекетұғын. Сонысын бұлдап, жуан тамырдан өрбіген өктемдігіне баса ма, үш арыс сұхбаттасқан ұлы жиындарда, әйтеуір оның даусы тым ірі шығушы еді. Былайда да ащы дауысты Әйтеке жиын көргенде арқасы қозып, қызыл көрген аш қырандай саңқылдай жөнелуші еді. Онысын жұрт қасындағы екі биден гөрі жуан тұқымынан өрбігендігін көрсеткісі келетіндігі деп пыш-пыштайтын. Шынында да, Ұлы жүздің қамшысын ұстаған Төле би қазақтың ең ірі арысы үйсіннің, үйсіннің ең ірі тайпасы дулаттың, дулаттың ең ірі руы жаныстың ең аз тақтасы Қожамбердіден еді. Қожамбердінің ішінде де Төлеге дейін ауылынан он төбет қатар үріп шыққан бай да, тоқтылы қойдың дауын шешкен би де тумай, «тоғыз ұлды қарашоғыр» атанған Құдайберді әулетінен тұғын. Құдайбердіге құдайдың беріп тұрғаны да осы аузын ашса көмейінен серке сөз секіріп шығатын айтқыш Төленің тұсы еді. Ал, арғын Қазыбектің өзінің тегін мошқаған бір мейманасы асқан немені: «Әкем – қара түн, шешем – қара күң, өзі болған жігіттің тегін сұрап не етесің?» – деп қалай отырғызып кеткенін білмейтін кісі исі алашта кем де кем шығар»….

Әйтеке бидің кемеңгерлігіне, көзі қарақты қазақ баласының ешбір шүбәсі болмаса керек. Әйткенмен, Ә. Кекілбаев осы тұста, Олжас ақынның бүгінгі күні мәтелге айналған «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» деген жолдарын ұмытып, бір данамызды мақтаймын деп, қалған екеуіне «тісін батырыңқырап» жіберген секілді. Оның үстіне, «мифтік персонаждар» емес, әрқайсысының артында көптеген ұрпақтары қалып, бүгінгі күні бір-бір қауым елге айналған тұлғаларды осылайша мұқатып, кемсітудің ешқандай орыны жоқ еді.

Міне, осы бір қателік дейміз бе, әлде автордың басқаша ниеті болды ма, жоғарыдағы жолдардың арты бүгінгі күні-ақ, үлкен бұрмалаушылықтарға әкеліп соғуда. Кейінгі кездегі авторлардың бәрі Төле би туралы жазғанда, жоғарыдағы авторларға сілтеме жасап жүр. Ал, болашақта қалай болары тіпті бұлыңғыр.

Ал, шындығында, шамамен, 6 — 7 ғасырлар тоғысында өмір сүрген Қарашаұлы Бәйдібек мен 12-13 ғасырларда өмір сүрген Майқы билерді айтпағанның өзінде, Төле бидің атасы Құдайберді би, әкесі Әлібектің Есім ханның заманында ханның оң тізесінде отырған, қазақтың бір қанаты Үйсін (Ұлы жүз) ұлысының «ұлыс бегі»- биі болғаны белгілі.(Шежірелерде Майқы би деген атпен өмір сүрген бірнеше тұлға кездеседі. Алғашқысы Майқы би Мәнұлы деген атпен біздің заманымыздан бұрынғы 178-89 жылдары өмір сүрген және аңыз бойынша би атанған тұңғыш адам.Кейбір зерттеушілер оны біздің заманымыздан бұрынғы Үйсін мемлекеті билеушілерінің бірі деп есептейді. Ал, біз айтып отырған, екінші Майқы би Төбейұлы (1105-1225) Шыңғыс ханның замандасы әрі оны хан көтерген 12 бидің бірі болған).

Еліміздің М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, К.Байпақов, Ш.Мұртаза, М. Жолдасбеков бастаған 12 ғалымы мен жазушысының алғы сөзімен шыққан «Бәйдібек баба-Алып бәйтерек ұрпақтар шежіресі» («Өнер» баспасы 2004 ж.) атты кітапқа сүйенсек, Жаныс – Жортуыл — Жантудың Жайылмысынан Қожамберді тарайды.

Қожамбердіден Құдайберді, Құдайқұл, Кәдірқұл, Кәдірберді, Олжағұл, Сұлтанқұл, Ақберді туады.

Жоғарыда аталған кітап бойынша «тоғыз ұлды Құдайберді» атанған бабамыздан Түгелбай, Данай, Ақтай, Бақыбек, Қарашәуке, Қарасопы (Әжібек), Құдайменде, Тоқпан, Әлібек атты ұлдар өрбіген.

Ал, Қазанқап ақынның нұсқасында аздаған өзгешелік бар.

…Қожамбердіден және де,

Туылыпты жеті ұл.

Ақберді мен Құдайқұл,

Ғараптан Нүкіс ел болып,

Қосылады Жамбайға.

Жаспын деп ақшамдайын

Қадірберді, Қадырқұл,

Олжағұл пен Сұлтанқұл.

Құдайберді үлкені.

Есім ханның тұсында,

Осыған билік тіркелді.

Құдайбердінің тоғыз боп,

Туылыпты баласы.

Құдайменде, Тоқпан, Әлібек

Бәйбіше еді анасы.

Бесінші Ақтай, Бақыбек,

Түгелбай, Данай жетінші.

Қариялар санаса.

Қарашәуке біреуі,

Қайрақбермес Тасыбек ,

Сарыарқаның елінде,

Мұрын Найман елінде.

«Төле бидің тарихы» (Қазанғап Байболұлы «Төлеби» кітабы-1993 ж.184-185-беттер).

Тағы бір ескере кететін нәрсе — қазақтың көне тарихы туралы сөз қозғалғанда, халық ауыз әдебиетін айналып өту мүмкін емес.

… «Біз археологиялық, антропологиялық материалдық мәдениетке бай болғанымызбен қазақта жазбаша тарих соншалықты көп емес. Біздің тарих ауыз әдебиеті мен жыр-дастандар, шежірелер мен ауызша тарих айту түрінде сақталған»….( Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Зардыхан Қинаятұлы).

Өкінішке орай, жоғарыдағы авторлар осы жағына мән бермеген секілді.Сөзіміздің дәлелі ретінде, Бекасыл әулиенің шәкірті, халық ақыны Қазанғап Байболұлының (1891 – 1945) «Төле бидің тарихы» (Қазанғап Байболұлы «Төле би» кітабы-1993 ж.) дастанынан төмендегі жолдарды келтіре кетейік:

…Қожамбердіден және де,

Туылыпты жеті ұл.

Ақберді мен Құдайқұл,

Ғараптан Нүкіс ел болып,

Қосылады Жамбайға.

Жаспын деп ақшамдайын

Қадірберді, Қадірқұл,

Олжағұл және Сұлтанқұл.

Құдайберді үлкені.

Есімханның тұсында,

Осыған билік тіркелді….(184 бет)

1620 жылы Есiмхан Алтын ханмен, Ноғай ордасымен бiрiгiп, отыз мың қолымен ойратқа шабуыл жасады (Есім ханның «Еңсегей бойлы Ер Есім» атала бастауы осы соғыстан кейін). Қара Ертіс бойында өткен осы соғысқа арғын Ағынтай, алшын Жиембет, қоңырат Алатау, шапырашты Қарасай батырлармен бірге, Құдайберді би де қатысады.

Есім ханның осы жорыққа аттанар сәтін, өзінің «Еңсегей бойлы ер Есім» (Қазанғап Байболұлы «Төле би» кітабы-1993 ж.) дастанында Қазанғап Байболұлы былай толғайды:…Ынтымақпен сайлады,

-Құдайберді –Жаныстан,

Ең әуелі болғаны.

Орта жүздер сайлады,

Арғын Шаншар мырзаны.

Қаздауысты Қазыбек,

Осыдан тарап шығады.

Кіші жүз Алшын Жидебай,

Баласы мұның Айтеке

Шежіреде шығады….(69-бет).

Ал, Қазыбек бек Тауасарұлыөзінің «Түп-тұқияннанөзімедейін» кітабында төмендегідей жолдар бар:

…Есім ойраттарды біржола үнін өшіргісі келді. Сөйтіп, 998 жылы(1620 ж. Ө.Ш.) отыз мың қолмен ойратқа лап қойды….Қара Ертістегі соғысқа….Қарасай батыр қоластында Есімнің белгілі батырлары Арғын Ағынтай батыр, қоңырат Алатау батыр, алшын Жиембет батыр, дулат Жақсығұл батырлар бар еді….Дулат – Жаныс Құдайберді билер де ұрысқа қатысты…. Құдайберді – Төлебидің атасы… (Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннанөзімедейін» –Алматы-«Жалын» баспасы-1993 ж.193-бет).

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай екі дәуірде –бірі 18-ғасырда, ал екіншісі 20-ғасырда жазылған шығармалар, бірін бірі толықтырып тұр.

Құдайберді бидің туған жылы әзірге белгісіз, ал қайтыс болған жылы шамамен-1627 жылдың бас кезі болса керек. Әкесінің орнына Әлібектің «Ұлыс бегі» болғанын, Есім ханның оған әкесі Құдайбердінің қайтыс болуына байланысты «көңіл» айтқанынан байқауға болады:

….Мына сәлем ханыңнан,

Қабыл көргін жаныңмен.

Құдайберді баласы-

Әлібек деген Жанысқа,

Әкеңнің берсін иманын.

Аман еді барыста,

Шалқайма жатып алыста,

Жақында болса бірлесіп,

Айқайлағын алысқа.

Хан Тұрсынмен мінеки,

Тағы түстім жарысқа.

Ер өледі намысқа,

Барларыңды қарышта!…

«Еңсегей бойлы ер Есім» (Қазанғап Байболұлы «Төле би» кітабы-1993 ж.-105-бет).

…Аман еді барыста,…яғни, осында айтылған «Барыс» жылы – 1626 жылы Құдайберді әлі өмірден өтпеген.Ал, «Барыстан» кейінгі «Қоян» жылында Есім ханның ордасынан Әлібек биді көреміз.

…Би сайланған Әлібек,

Құдайберді биден соң,

Опат болып жасында,

Құдайменде ағасы….

«Төле бидің тарихы» (Қазанғап Байболұлы «Төлеби» кітабы-1993 ж.185-бет).

Енді, кезекті Қазыбек бек Тауасарұлына берейік:

… «1005 – қоян жылы (1627 ж.Ө.Ш.) Еділ мен Жайыққа Тобылдан ығысқан қалмақтар шабуыл жасап, Алшындарға күн көрсетпей жатыр деген хабар жетті….Осы ұрыста қаңлы Сарыбұқа батыр кескілесте бір құлағынан айырылып, Түркістанға шұнақ болып қайтты…..Түркістанға келген соң Есім хан сұрапты: -Ей, Сарыбұқа құлағың қайда?-депті…-Құлақты Жайықты жұтпақ болған жайынға бердім депті. Сонда сол жерде отырған Дулат Әлібек би іліп алғандай: — Басқа келген пәледен бастан құлақ садаға,-депті. Бұл кейін мақалға айналып кетті…. (Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме дейін» –Алматы-«Жалын» баспасы-1993 ж.199-бет).Ауыл арасындағы қатардағы бидің ханмен мәжілістес бола алмайтыны бесенеден белгілі, яғни қайтыс болған Құдайбердінің орнына Әлібектің «би» сайланғаны көрініп тұр. Екіншіден, Әлібектің хан алдында еркін сөйлей алуы да біраз жайды аңғартса керек!

Жоғарыдағы бұлтартпас деректерден, Төле бидің атасы Құдайберді мен әкесі Әлібектің, Ә.Кекілбаев жазғандай ешқандай «қарашоғыр» емес, Қазақ мемлекеттілігінің нығаюына, қазақ ұлтының тұтастығының сақталуына, өзіндік үлестерін қосқан, билер әулетінен болғанын білуге болады.Тіпті, тереңірек зерттесек, аталған билердің Есім хан тұсында жасалып, халық аузында «Есім ханның ескі жолы» атанып кеткен қазақ халқының ғұрыптық заңдарын жасауға қатысу мүмкіншілігін де жоққа шығаруға болмайды!

Ал, ел аузындағы аңыздарда айтылатын «Әлібек жарлы бопты» деген әңгімелерге келсек, оны Әлібектің би ретіндегі тазалығынан деп түсіну керек. Есім хан 1627 ж. Тұрсын ханды жеңген соң, өз әскерлеріне жеңілген жұртты талауға рұқсат берген (Жасыратыны жоқ, ол замандарда жеңіліс тапқан елді тонау, қазаққа ғана емес, барлық халықтарға тән дәстүр болған). Әлібек би «дүниеқұмар» адам болса, Қатаған жұртын тонауда және өзі қатысқан басқа да жорықтарда «би» ретінде молынан үлес алып, материалдық жағдайын түзеп алар мүмкіндігі болған. Бірақ, «Бүлінгеннен бүлдіргі алма», «Арамнан жемейік, адалдан өлейік» деген халқымыздың даналық сөздерінен өнеге алып өскен, Әлібек би ондай «ұсақтыққа» бара қоймаған болса керек. Оның үстіне, би түрлі жиындар мен жорықтарда жүргенде үйдегі мал-жанға, тетелес ағасы Тоқпанның қарайлауы, егелік етуі қазақ ғұрпына қайшы емес.

…Туың құлап Тұрсын хан,

Алтын жағаң қисайса,

Ұлы жүз,орта,кіші жүз.

Қадауыңша қыларсың,

Қос-қос жесір аларсың,

Ұлы жүздің ағасы,

Елтірі тонның жағасы

Әлібек би қыласың,

Құдайберді баласы,

Қамыстан көп Жанысым,

Өрнекті жұрт дабысың…

«Еңсегей бойлы ер Есім» (Қазанғап Байболұлы «Төле би» кітабы-1993 ж.-149-бет).

«Малы мыңғырған» бай болмаса да, Әлібектің малсыз болмағанын төмендегі жолдардан байқауға болады:

…Жас күнінде Төлеге,

Әлібек түйе бақтырды.

Көтерем қып иіріп,

Шаңлаққа айдап сап қылды.

Мал бағуға зауқы жоқ,

Қой бақтырса үркітіп,

Бір бұтаның түбінде,

Біреуін бір қаптырды…..

«Төле бидің тарихы» (Қазанғап Байболұлы «Төле би» кітабы-1993 ж.190-бет).

(Шаңлақ (Саңлақ) — ОҚО облысы Төлеби ауданы «Қазақстан» ауылы мен «Майбұлақ» ауылдарының ортасындағы Сайрамсу мен Балдыбірек өзендерінің оң жағасындағы тастақты жердің атауы).

Қазақтың ғұрыптық заңдарын зерттеп жүрген зерттеушілердің «құлағына алтын сырға» — қазақтың басқа жүздеріне қарағанда, Ұлы жүзде «ұлыс бегі», яғни «би» -сайлау өзгешелеу! «Ұлыс бегі», атадан балаға мұрагерлік жолмен қалып, әулеттегі бойынан көсемге тән қасиет табылған ұлға тиесілі болған. Оған Қоқан, Ресей басқыншылықтарын қоса алғанда XX-ғасырдың басына дейін тайпа билігін уысынан шығармаған Төле би ұрпақтарының тарихы куә.

Осы жерде баса назар аударатын мәселе: «Қауға беріп, малға қой» деп жүрген Үйсіндердің 13-14 ғасырлар тоғысында өмір сүрген дулат бегі Әмір Полатшыдан бастап, Төле би мен оның ұрпақтарына дейін жалғасқан, хан билігін онша мойындай қоймауы!М.Х.Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» кітабында жазылған, Шағатай ұлысының орнында, «Моғолстан» мемлекетін құрып, Шыңғыс ұрпақтары арасынан «қуыршақ» хандар тағайындап, хан атынан елді басқарған дулат «Ұлыс бегі» Әмір Полатшы мен оның ұрпақтарының тарихы мүлдем аз зерттелген. Керей мен Жәнібекке Шу бойы мен Қозыбасыдан жер бөліп берген де, дулат бектері «тағайындаған» «қуыршақ» хан Есен бұға емес, дулат бектері болатын.

Өкінішке орай, Қазақ хандығының құрылу барысындағы дулат бектерінің ролін, қазіргі қазақ тарихшылары мен зерттеушілері мойындағысы келмейді! Ал, мемлекетіміздің шынайы тарихын қалыптастырамыз десек, бұл мәселеден айналып өтуге болмайды. Ол үшін, М.Х.Дулати бабамыздан бастап, ортағасырлық ғұламаларымыздың барлық мұраларын қайта зерттеумен қатар, әлем елдерінің үлкен кітапханалары мен мұрағаттарын ақтаруға тура келеді.

Егер, «Үркер» романының өткен ғасырдың 80-жылдары жазылғанын ескерсек, Әбіш ағамыздың Қазыбек бек Тауасарұлының алғаш рет 1993 жылы жарық көрген кітабымен таныс болуы мүмкін емес, бірақ, ауыз әдебиетіне назар аударуы керек-ақ еді!

Ал, «Елтұтқада» Қазыбек бек Тауасарұлы мен оның «Түп-тұқияннан өзіме дейін» кітабы туралы да мәлімет бар. Яғни, авторлардың ол кітапты оқығаны түсінікті, бірақ көзге ұрып тұрған қателіктерге неліктен жол бергені түсініксіз.

Қорыта келе айтарымыз…

Аттары аталған ағаларымыздың қазақ әдебиеті мен ғылымына сіңірген еңбектерін ешкім жоққа шығара алмайды. Оқырманның қолына әлі талай кітаптары мен көптомдықтары тиері сөзсіз. Тек, кезінде кеткен қателіктерге келесі басылымдарда жол берілмесе екен деген тілек қана біздікі.

Өмір Шыныбекұлы,

тарихшы

baq.kz


Толығырақ: http://alashainasy.kz/alashuni/tole-bidn-tegn-duryis-jazyip-jurmz-be-60498/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі