АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ТӨРТ ӘҢГІМЕ

Сөйтсек, біздің күй бәлендей ұят емес екен. Вокзалдың артындағы перронға өткен кезде, ала дорбасын көтеріп алып, сауда жасап жүрген сатушыларды көрген кезде таңданғанмын

. Мұндай дорбаларды тек базардан ғана көретінмін. Сөйтсем, вокзал да сауданың ортасы екен. Бір жолы мен вокзалдан төрт түрлі әңгіме естідім.
Сол күні Алматыда күн бұлтты болатын. Бір жолдасымды күтіп алу үшін, теміржол вокзалына барғанмын. Пойы­з уақытынан кешігіп келе жатыр деген соң, сәкіге барып жайғаса бергенімде, «әй, бала, шемішке ал» деп қарлыға шыққан дауыс жаққа қарадым. Басында өңі кеткен көк орамал, үстінде көнетоз күрті, күртісінің ішінен қабаттап киген киімдері олпы-солпы. Әйел адамның қолы нәзік болады деуші еді. Ал мына бейтаныс әйелдің қолы ондай емес, жарылып кеткен қолы әр жерінен қанаған екен. «Алмаймын» деп айта алмадым. Бір стақанын алып едім, қуанып кеткен әйел айналып-толғанып жатты. Қуаныштың да осындай түрі болады екен. «Досымды күтіп тұрмын» деген менің сөзімнен кейін, бейтаныс ана әңгімесін бастаған.

 

Шемішке сатушының әңгімесі

Күнде құлқын сәріден тұра салып, осы жаққа асығамын. Күнкөрістің қамы. Үйде етегіме оралып жылап қалатын кішкентайларыма қарайламауға тырысамын. Сауда жасап жүріп, ойлаудан бөлек етегіме оралып, кетпеші дегенде  не деймін оларға. Асығатын себебім осы. Ағаң жақында бізді тастап, ұзақ сырқаттан соң кете барды. Күнкөрістің қамыты жалғыз өзімнің мойныма артылған соң, көнбеске шара бар ма?
Бір қуанатынымыз басымда үйім бар. Әйтпесе, мына күнге зар болар ма едік? Үлкен ұлым үйленіп, отбасын құрып еді. Қу арақтың кесірінен отбасынан айырылды. Келін ұлын өзімен бірге алып кетті. Үлкен қыздар тұрмысқа кетті. Бар жүк менің мойнымда қалды.
Мына күнбағысты базардан тазаламаған қалпы сатып аламын. Жел соққан күндері ұшырып тазалаймын, қуырамын. Мұны ұшыраудың өзі бір әлек. Жел де құдайдың құлы ғой. Адамның еркіне көнер деймісің. Біресе алдыңнан, біресе артыңнан соғатын жел мазаңды алады. Бір қапшық шемішкені ұшырау үшін бір күнің кетеді. Үйдегі кішкентайларым сол күні маған ере шығады. Жаз күндері ыстық болғанда, әйтеуір, көлеңкені тасалайсың ғой. Қыстың қақаған аязында бүлдіршіндер түгілі өзім әрең шыдаймын. Ертең бұлар мектепке барғанда қалай күн көрер екенбіз? Сауда бір күн бар, бір күн жоқ. Жоққа сабыр, барға қанағат қылумен келе жатырмыз. Осы күнге дейін өзіміз де талай қателіктер жібердік. Біреуді жазғырып қайтеміз. Енді бар тілейтінім бала­ларымыз, біз жіберген қателіктерді қайталамаса екен. Қой, сенің басыңды қатырып жібердім-ау деймін. Сен де өмірде аз қате жібер.
Шемішке сатушының өмірі ауылдағы адамдардың өмірінен айнымайтын. Тек айырмашылығы бұл кісі қалада. Мен сонда: «ауылда тұрдың не, қалада тұрдың не, бәрібір екен ғой» – деп ойладым.

Алма сатушының әңгімесі

Біздің ауыл Қырбалтабай еді. Шал өлген соң үлкен қызым қалаға көшірем деп, ауылдағы үйді саттық. Қалаға келген кезде, уақытша тұрыңыз деп бір бөлмелі пәтерге орналастырған. Кенжем екі аяғынан мүгедек болатын. Соны қараумен күндер өтіп жатты. Әлгі қызым жоқ. Сөйтсем, біреуге үлкен мөлшерде қарызға батып, үйдің ақшасын соған беріпті. Оны кейін айтты. Дау басталды. Үлкен ұлымның ашуы жаман еді. Бәрін бір шыбықтың астына алды. Ашуланғанмен бола ма? Болар іс болып, бояуы сіңіп біткен. Бұл арқама қатты батты. Мүгедек ұлымды киіндіру, жуындыру, тамағын беру, далаға шығару бәрі менің мойнымдағы жұмыс болатын. Бір кісідей көтеруге тырыстым. Енді баста баспана жоқ. Қалада қол ұшын бере салатын ауылдағыдай көңілі кең көрші жоқ. Кіріптар күйде қалдық. Үлкен балам да қайғыдан қара жердей ауырлады. Әкесін ойлап, әпкесінің қылығын айтып ашынатын. Оған да ыңғайлы жұмыс табыла қоймады. Ыңғайлы жұмыс түгілі, нан жейтін ақша табу қиынға соқты.
Бір күні ұлым біреуге жалдамалы жұмысқа тұрыпты. Үйде мүгедек ұлым екеуіміз қалғанбыз. Қарнымыз аш еді. Кешке қолында бір дорба наны, сүті бар ұлымды көргенде жылап жібердім. Қуанғаным еді – бұл.   Үлкен балам күнде осылай тамақ әкеп жүрді. Вокзалдың маңында пәтер жалдап тұру қымбаттау болғаннан кейін, Алматының іргесіндегі «Думан» ауылына көшіп бардық. Онда да екі бөлмені жалға алғанбыз. Сол үйдің иесі жеміс-жидек саудасымен айналысады екен. Мен де ұлыммен ақылдасып, алма сатсақ, қалай болады дедім. Үйдің иесінен арзандау бағаға алып, вокзалға келіп сатып жүрміз.
Бүгін Алматыдан жәрдемшілер келіп, мүгедек ұлыма арба алып береміз деген. Үлкен ұлым екеуі солармен базарға кетті. Мен ұлымның арбамен өзі жүргенін көруге қатты асығып отырмын. Мына бір шелек алмам бітсе, мүгедек ұлымның алғашқы өз бұйымын көріп қуанар едім.
Мен қарт шешейдің мына айтқан сөздеріне шындап иландым. Өзімнің аяқ қолым сау болса да, бір уақыт мүгедек күйде қалсам, жағдайым не болатынын бір ойлап өткем. Ұлдарына асығып отырған ананың бір шелек алмасын сатып алдым. Үйіне асығыс аттанған ананың жанында балық сатып отырған әйел де маған жақындап «балық алмайсың ба?» деді. Соңғы ақшама алма сатып алғам. Басымды шайқадым. Балық сатушы да өз өмірін айтқысы келді.

Балық сатушының әңгімесі

Іленің жағасында отырған  ауылдардың ең басты күнкөрісі – балық. Үш қыз, бір ұлым бар. Күйеуім шағын зауытта жүк тасушы. Жалақысы өзінен артылмайды. Ішетіні – арақ. Тегі бұл жағдайға қалай тап болғанымызды өзіміз де білмей қалдық. Үйімізді сатып, жүз шақты қой алып, көбейтпек болғанбыз. Ол кезде балалар кішкентай. Шаруамызға кірісіп кеттік. Басында бәрі жап-жақсы басталған. Кейін үйге қонақ келген сайын қой соятын болдық. Тойға барсақ, киім алу керек болса, қой сатамыз. Қайын ағам бұл ісімізге наразылығын айтқанда да, тыңдай қоймадық. Өзімен ұрыстық. Күйеуім ұрлыққа жақын еді. Бір күні көрші ауылдан бір ат мініп келді. Ондай кезде еркектер әйелді тыңдай қоя ма? Атты ауылға апарып, ағасының қорасына  тығып қойыпты. Сол түннің ертесі-ақ қуғыншылар келіп, ұрлықтың үстінен түсті. Шаруамыз енді дөңгелене бергенде, бар малымызды сотқа, полицияға, тергеушіге бердік. Ол аздай бұрын жасаған ұрлықтары ашылып, басқа істер мойнына артылып, солардың бәрін қой-ешкімізбен жаптық. Жарты жыл жүгіріп жүріп, түрмеден әрең шығардық. Оншақты ешкі мен бір жылқы ғана қалған қорамыз қаңырап қалды. «Ұрлық түбі – қорлық» деген осы шығар. Сол жылдың қысында қалған малымызды да сатып бітірдік.
Жер алып үй салайық десек, жер алудың өзі ақша. Үкіметтің тегін беретін жерін әкімнен сатып аласың. Жан бағу үшін халықтың ортасы ғой деп, вокзалға балық сатуға келдім.
Досым мінген пойыздың екінші жолға келетінін диктор қыз саңқылдап айтып жатқан. Жүкпен келе жатырмын деген соң, арба жалдап, екінші жолға өттім. Пойыз келгенше, арбакештің де әңгімесін тыңдай тұрдым.

Арбакештің әңгімесі

Бала күнімде  арманым көп еді. Орманшы болғым келді, футболшы болғым келді, жазушы болғым келді. Алғашқы екеуі де бола алмадым. Ал жазу қолымнан келеді. Өлең жазуға әкем себепші болды. Әңгімешіл еді. Қазір өткен-кеткенді теріп, бүгінгі ұрпаққа өнеге етіп айтатындар жоқ.
Кітапта көп оқыдым. Мен өзімді жақсы оқырман болдым деп есептеймін. Бірақ оқу деген бітпейді екен. Күнделікті тіршілікпен оқуға да аз уақыт бөлінеді. Кітап оқу жай көзбен зыр жүгіріп шығу емес екенін, кез келген оқырман жақсы түсінеді деп ойлаймын.
Алдағы жылы жасым елуг­е келеді. Қолымнан келсе, бүкіл жаз­ған­дарымды жинақтап, бір кітап шығарсам. Өзіме-өзім үлкен сый жасайтын едім. Анда-мында жұмыс істеп, біраз жылымды өткіздім. Тіпті фермер боламын деп 7-8 гектар жер де алғам. Бірақ қаржы болмаған соң, ол да қалған. Ауылда жұмыс болмаған соң, күнкөріс үшін қалаға келдім. Бір танысым арқылы темір жол бекетіне жүк тасушы болып орналастым. Күндік табысым 2-3 мың теңге. Осы өмірім өзіме ұнайды. Он жылдан асты, арба сүйреп, жүк тасығалы. Өзімді «бақытты жанмын» деп санаймын. Өйткені мен еркінмін, азатпын. Өзімнің қалауымша өмір сүремін. «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген туады қайшылықта» деген ғой Мұқағали. Тіршіліктің қазанындай болған бұл бекетке сан алуан адамдар келеді. Қанша адам көрсем, сонша мінезді танимын. Таңғаламын. Мен адамдардың мінезіне таңғалуымды әлі қоя алмай келе жатырмын. Солармен тілдесіп, жандарына үңілемін, жай табамын. Кейде қызық оқиғалар болып, шабытқа түрткі болады, содан өлең жазамын. Мен өзгелердей төрт қабырғаға қамалып алып, қиялға шомбаймын. Нақты өзім сезіммен кешкен детальдардан өлең іздеймін. Және соны табам.
Менің өмірім Джек Лондонға ұқсайды. Джек Лондон теңізші болуды армандаған. Ол портта жүк тасушы болып жұмыс істеді. Бірақ талант оны жүкшілік қызметке байлап қоймады. Атақты жазушыға айналды. Мен вокзалда жүк тасимын. Ұқсастық па? Ұқсастық. Менде де талант бар. Жай ғана талант емес, ерекше дарын. Бірақ мен Джек Лондондай даңққа ие бола алмадым. Себебі, оның ортасы оның қарымды қаламына бас иді, көкке көтерді. Ал мен жүрген орта мені ішіне тартпады, сыртқа тепті. «Iшкiш» деді. Қазір ішіп жүрген жоқпын. Ал «ақынмын» деп жүр-гендердің көбісі менің шаңымды қауып қалады. Қайсысымен алысып, қайсысымен тартысасың. Бұл пысықайлардың, жағымпаздардың уақыты екен. Мені жұрт таныса екен деймін. Атақтан кім қашсын. Бірақ, әттең, тон келте.
Осы кезде пойыз да кеп қалған, досымның заттарын түсірісіп, бізді таксиге дейін салып жіберген ақын бізбен жылы қоштасып, сүйікті мекенінде қала берді. Қалай дегенмен де, бірқатар ақпарат құралдарынан көрініп танымал болып қалған, Сәбетай Сыпатаевпен таныстығым осылай басталды.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ
bagashar_90@mail.ru

Жас казак газетiнен  алынды