АЛТЫНОРДА
Новости

Түбі бір түркіні түгел таныдық па?

©Алаш айнасы иллюстрациясыТіл ұшына орала кететін «Түбі бір – түркілер» деген тіркесті қазір жиі-жиі тілге тиек ететін болдық. Бұлай болуы заңдылық. Әрбір халық өркениет өресіне өрлеймін десе, өткенін ұмытпай, оны ұлықтауды жадынан жоғалтпайды. Қазақ халқы да орта жолдан қосыла салған ұлт емес. Біздің де түпсіз терең тарихымыз бар, оны түрте қалсаңыз қаншама шежірені білуге әбден болады. Десе те, кезінде саясаттың салқыны соқты. Соның ыңғайымен көп нәрсені білсек те, білмегендей күй кешіп кеткеніміз жасырын емес. Тіпті, түбі бір туыс халықтарды әрең танитын халге түстік. Мәселен, түбі бір – түркілер дегенде қанша ұлттың бар екенін сіз білесіз бе? Әрі кеткенде олардың санын 10-ға толтырып тастарсыз, одан көбін біле қоймайсыз. Осы тақырыпты түбінен қопарып, зерделі зерттеу жүргізіп жүрген зиялы ғалымдар біле қоймаса, қалғанымыз сол білгенімізге шүкірлік айтарымыз анық. Әрине, замана желі әр кезде әрқалай соғып тұрады. Кезінде жер-дүниені тітіркентіп, айдай әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған түркілер түрлі-түрлі себептермен сан тарапқа тарыдай шашырап кеткені тағы да рас. Ендігі кезекте бұл бағытта тереңірек зерттеу жүргізіп, қаны мен жаны бір-біріне жақын ұлт пен ұлыстың арасын қалай жақындата аламыз деген сауал төңірегінде ойласқанымыз артық емес. Бұл ойды «Алаш айнасы» тілшісі ортағаи салды.

Рас, қазір жағдай бұрынғыдай емес. Қазақстан секілді көптеген түркі жұрты өз егемендігін алып, жеке-жеке түтін түтетіп, өз қолына өз аузына жетіп отырған жағдайы бар. Оған шүкірлік айтқанымыз артық болмас. Өйткені, саясаттың салқыны қайсыбір кезеңде бір-бірінен еншісі бөлінбеген сан алуан түркі халықтарының ортасын бөліп, олардың бір-бірімен қатынасына тосқауыл қойды. Бүгінгі жағдай мүлдем бөлек. Десе де әлі де проблема жоқ. Бірқатар ұлт пен ұлыс әлі де өзгенің қас-қабағына қарап, кіріптар күйге түсіп отырғаны тағы да ойлантады. Ендігі кезекте біз осындай проблемаға байланысты ойланып-толғанып, түркі халықтарын қалай бір-біріне жақындата аламыз деген түйінді түйткіл төңірегінде ойланғанымыз жөн болар. Ол үшін ең алдымен өзіміз түркі халықтарын түгендеп алғанымыз артықтық етпес.

Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда әлемде 180 миллионның шамасында түркі тектес халықтар бар екен. Әрине, осының өзі біздің санымыздың мол екенін айғақтайды. Олардың арасында түркілердің ең көп шоғырланға жері – Түркия, мұнда 76 млн. түркі тектес халықтар мекен етеді. Одан кейінгі кезекте Өзбекстан – 23, Иран – 18, Қазақстан – 16, Қытай – 11, Ресей – 10, Әзірбайжан – 8,5,  Түркіменстан – 5,5, Қырғызстан – 5,4 түркі халықтарына қоныс болып отыр. Сондай-ақ, Еуропалық одақ елдерінде – 5, Ирак – 3 млн, Ауғанстан – 932, Болгария – 747, АҚШ – 500, Кипр – 260, Австралия – 250, Украина – 248,2, Сауд Арабиясы – 200, Грекия – 150, Македония – 78, Пәкістан – 60 мыңға жуық түркі халықтарына мекен болуда. Әрине, олар қоныс еткен жерлеріне қарай өздерінің ана тілдерімен қатар сол мемлекеттердің негізгі ұлттарының тілінде де сөйлейді. Мәселен, олар көне түркі, араб, ағылшын, орыс, француз, қытай, өзбек, қазақ және өзге тілдерде сөйлейді.

Жоғарыда айтқанымыздай, түркілердің кейбірі өз алдына жеке түтін түтетіп отырса, ендігі бірі іргелі елдердің құрамында автономиялық мәртебені иеленіп отыр. Шындығын айтқанда, дүниежүзіне танымал түркі елінің бірі ретінде Түркияны айтып өтуге болады. Сонымен қатар, түркі халықтары арасында тәуелсіз мемлекет ретінде әзірбайжандар, қазақтар, өзбектер, қырғыздар, түркімендер өмір сүріп келеді. Ал автономиялық мәртебеге ие болғандар қатарында Қытайда Шыңжаң-Ұйғыр, Ресейде Тыва, Чувашия, Башқұрстан, Татарстан, Саха, Карай-Черкес, Алтай, Дағыстан, Кабардин-Балқар, Хакасия, Қырым республикалары болса, Молдавияда Гагаузия, Өзбекстанда Қарақалпақстан мемлекеттері бар. Ал құмық, туркоман, қырым татарлары, ноғай, шор, долған және сібір татарлары ешқандай мемлекеттік-әкімшілік бөлініс мәртебесіне қолын жеткізе алмаған. Жалпы, бұл халықтар бізге белгілісі ғана деуге болады. Жалпы алғанда, олардың саны 40-тан асып кетеді екен. Өйткені, әлі де көп айтыла бермейтін түркі халықтары да баршылық. Атап айтқанда, Қытайдағы 56 ұлттың бірі ретінде саналатын сары ұйғырлар жайында біреу біліп, біреу білмес. Сондай-ақ, Украина, Ресей, Литва, Израиль. Польша, АҚШ-та тұратын қарайымдар туралы көпшілігіміз естіген де жоқ шығармыз. Қазір олардың саны бар-жоғы 2 мың адамға әрең жетіп тұр. Грекияда тұратын қараманлидтер, Иран, Түркия, Әзірбайжанда тұратын қарапапахтар, Иран жеріндегі қашқайлар жайлы білетініміз көп емес. Сонымен қатар, Ресей жеріндегі ноғайбақтар, Израиль, Өзбекстан, Украина мен Ресей елдерін мекен еткен қырымшақтар, Қытайдағы саларлар төңірегінде толыққанды зерттеулер жүргізілді ме? Ресейдің Алтай аймағында телеңгіттер, телеуіттер, тофалар, трухмендер, челкандар, чулымдар, шорлар, Ирандағы халаджалар, Түркиядағы юрюктер жайында да мандытып ештеңе айта алмаймыз.

Тарихтан түркілердің алғашқы мекені Алтай аймағы болғанын жақсы білеміз. Еуразия тарихында түркілердің алатын орны айрықша болған. Бұл жайында академик А.П. Окладников «Сібірдегі көне түркілер шығыстан гөрі батыспен тығыз байланыста болған. Оның мәдениеті бұрын ойлағаннан да әлдеқайда бай әрі жарқын еді. Ертедегі шығыс пен Батыстың мәдениеттері Байкалдың жағасы, Ангара мен Ленада сол кездегі төл мәдениеттің орталығы бірде қосылып, бірде ажырасып тұржы. Оны білмей ұрып, Еуразияның тарихын толық түсіну мүмкін емес. Археологиялық қазбалардан көргеніміздей, Байкал өңіріндегі түркі қорғандарындағы қазба байлықтардың жолы Дон мен Дунайға дейін жетіп жатты» деп жазып қалдырды.

Рас, бүгінгі таңда түбі бір түркілер кейбір мәселелер бойынша ортақ іс жасауға, жұмыла әрекет етуге көңіл бөліп келеді. Осы мақсатта саг алуан жұмыстар қолға алынып отыр. Бұрынғыдай емес, осындай іс-қимылдығ басталғандығы көңіл қуантады. Алайда, оған тоқмейілсуге негіз жоқ секілді. Өйткені, тарихты танып білген сайын әрбір ұлттың жаңа сипаты айқындала бастайды. Соның бірі ретінде біздің қазақ халқы жайында айтылып қалатын кейбір кереғар пікірлер мен көзқарастарға тосқауыл қоюға толық негіз бар. Әйтпесе, қазіргі таңда кейбір ірі ұлттар әлемді өздерінің ықпалында ұстауға ұмтыла бастағаны аңғарылады. Ата-бабамыз қаншама ғасыр бойы аңсаған азаттығына қол жеткізіп, бүгінгі күннің беделінде егемен ел ретінде өмір сүріп жатқан Қазақстан тарихында әлі де түрен тие қоймаған тақырыптар баршылық.

Иә, біз үшін түбі бір түркінің түгел болғаны дұрыс. Ол үшін біз қаны бір туыс ұлттарды түгел тани білгеніміз артық емес. Өйткені, қазір олардың санын түгелдей алмайтын жағдайға жеттік. Бұл біздің өткен тарихымызға деген адалдықты аңғартса керек-ті.

Автор: Әділжан Үмбет, Қызылорда.

 

http://alashainasy.kz/politics/50036/