АЛТЫНОРДА
Новости

Түбі бір түркінің тұтастығын аңсаған Мұстафа мұраты не еді?

©алаш айнасы иллюстрацияТүркістан халықтарының бірлігі мен тәуелсіздігі идеясын ту етіп ұстанған аса көрнекті саяси қайраткер, жалынды публицист, аудармашы, жазушы, XX ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының ең жарқын өкілдерінің бірі Мұстафа Шоқай бұрынғы күнтізбе бойынша 1890 жылдың 25 желтоқсанында, ал жаңаша есеппен 1891 жылдың 7 қаңтарында қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сұлутөбе маңындағы Наршоқы қыстауында дүниеге келген. Бастапқыда ауыл молдасынан сауат ашқан зерделі Мұстафа діни біліммен қатар, музыкадан да сабақ алған.

Бала кезінен домбыра тартып, ән салатын да өнері болған. Ерекше ұғымтал, дарынды перзентінің орысша білім алуын, саналы азамат болып, өз халқының жоғын жоқтауын, мұңын мұңдауын арман еткен әкесі өзге туыс­та­рының қарсылығына құлақ түрместен, Мұс­тафаны ауылдан алысқа, Ақмешітке оқуға аттандырған. Қаладағы қайнаған тір­шілікке әуелде тосырқай қарап, орысша сөй­ле­гендерді көріп, өзін ешқашан олай сөйлей ал­майтындай сезінген және аздап жү­рек­сінген Мұстафа азғантай уақыттың ішінде қалалық мәдениетті де, адамзаттық ілгері ілім-білімді де терең меңгеріп шығады.

Петербург университетін үздік бітірген бозбаланың үлкен саясатқа араласуына ық­пал еткен бірден-бір адам – Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов. Білімділігін, табан­ды­лығын ерте бастан аңғарған Әлихан Мұс­та­фаны Ресей Мемлекеттік думасы Мұсылман фрак­циясының хатшылығына ұсынады. Бұл ретте Әлиханның да, ұлының өз халқына адал қызмет ететін зиялы тұлға болып қалып­та­суын арман еткен Шоқайдай абзал әкенің де үміті алдаған жоқ.

Мұстафа өзінің бүкіл ғұмырын туған халқының ғана емес, тұтас Түркістан аума­ғын­дағы түбі бір түркі жұртының бірлігі мен тәуелсіздігі, өз алдына дербес мемле­кет болуы жолындағы күреске арнады, соңғы демі біткенше: «Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге бір мақсат, бір мухаббәт уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек!» – деп өтті. Мұстафа Шоқай көксеген Түркістан автономиясы, тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдінің пікірінше, «…жай бір қалалық, тұйық саяси құбылыс емес еді. Бірақ кеңестік тарихна­мада оның тарихи маңызын төмендетіп көрсету үшін сондай мағына беруге тырысты».

Ұлттық тұтастыққа, қазақ елін тәуелсіз, іргелі ел етуге деген ұмтылыс өткен ғасырдың басындағы Алаш зиялыларына ортақ мақсат болды. Тек оны жүзеге асыру мәселесіне келгенде, әрқайсысы әртүрлі жолды таңдады. Мысалы, 1917 жылы қазақ қайраткерлері, интеллигенциясы арасында қазақ облыстарының Түркістан­мен бірігу мүмкіндігіне байланысты қарама-қарсы екі пікір болды. М.Шоқай идеясын қолдаушылар «орыстың отаршыл­дығынан құтылу үшін Орта Азия елдері болып бірігуіміз керек» десе, «автономия құру – өз алдына мемлекет болу, мемлекет болып, іс атқару оңай емес, біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы болса, Түркіс­тан халықтарының қараңғылығы һәм шебер адамның жоқтығы бізден он есе артық» деп білген Әлихан Бөкейханов «Орта Азия болып бірігуге болмайды» деп есептеді. Алайда күллі қазақ мемлекетінің тағдыры барлық қазақ ұлтының қолдауына тәуелді екендігін Алашорда басшылары да, Мұстафа Шоқай да түсінді. Алашорда өкіметі құрылған бетте Түркістан өлкесі құрамындағы қазақ жұртымен бірігу жолдарын қарастыруға кірісті. Өкінішке қарай, түркі жұртының тұтастыққа, азат­тыққа бағытталған талпынысы тұншық­тырылып, Алашорда өкіметі де, Түркістан автономиясы да күшпен талқандалды. Сөйтіп, Мұстафаның өмірінің соңына дейін ұласқан эмиграциялық қызметі басталды.

М.Қойгелдінің уәжіне жүгінсек, «оның мұндай қадамға баруы белгілі дәрежеде азаматтық ерлікпен бірдей болатын». Мұстафа Шоқай – шын мәнінде, эмигра­цияға кеткен және шетелге бас сауғалап емес, саяси күресті жаңа жағдайда жалғас­тыру үшін барған түркістандық тұңғыш тұлға. Бір анығы, Мұстафа Шоқай эмиг­ра­цияда өткен 20 жыл ғұмырында Отанынан еш қол үзбеген. Елде қалған Алаш арыс­тары да Мұстафамен ебін тауып қарым-қаты­нас жасауға, оның жағдайынан хабар­дар болып отыруға тырысқан. Мысалы,  «Әміре Қашаубаев Парижге ән айтуға барғанда ол ұлтарағының астына жасырып, Мұстафаға арнайы хат жолдаған» деген де дерек бар. Парижде ән салумен бірге, «халық жауымен» жүздесіп қайтқанын біліп қойған үш әріптің жансыздары ақыры Әміренің соңына шам алып түсіп, түбіне жетіп тынған.

Мұстафа Шоқай Кеңестер Одағында орын алып жатқан асыра сілтеулер мен солақай саясат салдарларынан баспасөз мәліметтері арқылы үнемі хабардар болып отырады. Өзі де орыс, француз, түрік және ағылшын тілдерінде шығатын әртүрлі га­зет-журналдарға Түркістан мәселесі тақы­рыбын терең әрі батыл қозғаған мате­риалдар жариялап тұрды. Сонымен бірге «Йени Түркістан», «Яш Түркістан» журнал­дарының шығуына тікелей жетекшілік етті. «Яш Түркістан» шетелдердегі ресейлік түркі халықтары өкілдерінің Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын ұзақ уақыт шығып тұрған және ең ықпалды баспасөз органдарының бірі ретінде тарихта үлкен із қалдырды.

Бұл кездейсоқ жетістік емес, Мұстафа Шоқайдың студенттік жылдарынан бастап баспасөз саласында жинақтаған үлкен тәжірибесінің жемісі болатын.

Мұстафа мақала жазу әдетін Екінші дүниежүзілік соғыстың ең қызып тұрған сәттерінде де тастаған жоқ. Тұтқындар лагерьлеріндегі жұмыстары кезінде де естеліктері мен алған әсерлерін қағазға түсіре жүрді. Концлагерьлердегі тұтқын­дардың адам төзгісіз ауыр халін көріп келгеннен кейін: «Гитлер мен Сталиннің кемшілігі көп, олар – шын мәнінде, залым­дар. Мен бұлардың қайсысы күштірек екен деп ойламаймын. Шындығында, олардың саясат пен зұлымдықта дәрежелері бірдей», – деп жазды. Кейінірек неміс армиясының группенфюрері С.С.Иоахимге жазған хатында: «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты ұлыларды тәрбиелеген ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отырып, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсы­ныс­тан және сіздермен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамын», – деген мазмұнда хат жазды. Соның артынша, яғни 1941 жылдың 27 желтоқсанында Мұстафа Шоқайдың жүрегі соғуын тоқтатты. Бұл жөніндегі ресми анықтамада «сүзектен қайтыс болды» деп көрсетілді. Бірақ жары Мәрия Шоқай Мұстафаның сүзекпен Түркістанда жүргенде ауырғандығын және оған қарсы иммунитеті болуы тиістігін өз естеліктерінде жазды. Сөйтіп, Алаштың аяулы азаматының қандай жағдайда не себепті дүниеден өткендігі күні бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр.

Әбдіуақап ҚАРА, Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, шоқайтанушы:

Саясатқа баулыған – Әлихан Бөкейханов

Ташкенттегі ерлер гимназия­сын­да оқып жүрген кезінде Мұс­та­фа Шоқайдың түркі халықта­рының мәдениетін, салт-дәстүрін үйренуіне башқұрттардан шыққан атақты этнограф Әбубәкір Диваев қатты әсер еткен. Ташкент қаласы Түркістан генерал-губер­наторлы­ғының орталығы болғандық­тан, жергілікті халық пен орыс басқару­шы­ларының арасындағы шиеле­ністер мен қайшылықтарды Мұста­фа жиі көрген. Сондай-ақ сол кез­дегі тілмаштардың да орыстардың пайдасына жұмыс істеп жүр­ге­нін байқаған. Олар көбінесе ақшаға саты­лып, пара алып, аударманы теріс жа­сай­­тын болған. Ал жер­гілікті халық сотқа шағынатын кезде арыздарын Мұс­тафаға жаз­ғызады екен. Мұс­тафаның орыс тіліне жетік екенін байқаған Түркіс­тан генерал-губернаторы Самсонов оны өзіне тілмаш­тық­қа шақырады. Ол жас бала үшін үлкен дәреже болатын. Соған қарамастан, Мұста­фа Шоқай тілмаш болудан үзілді-кесілді бас тартады. Өйткені ол кезде халық алдын­да тілмаш­тардың беделі жоқ еді. Сөйтіп, заңгер болуды ойлаған ол Қазан татарла­ры­на бөлінген стипендия­мен 1910 жылы жоғары білім алу үшін Петербургқа бара­ды.

Петербург Мұстафа Шоқай үшін білім алу орталығы ғана бол­­ған жоқ. Сонымен қатар Мұстафа­ның саяси тұрғыдан өсіп-өркен­деуіне жағдай жасаған да – осы қала. Өткір ойлы Мұстафа Шоқай студент кезін­де-ақ Әлихан Бөкей­ха­новтың көзіне түскен. Сөйтіп, Әлихан оны саясатқа бау­лы­ған. Кейіннен Мұстафа шетелге де сол кісінің тапсырмасы бойын­ша шыққан. Бір анығы, Мұстафа Алаш идеясынан ешқа­шан ажы­раған емес. Өзі Түркістан автоно­мия­сының төрағасы болған уақытта Алашор­даның сыртқы істер министрі қыз­ме­тін де қатар атқарған. Ресей парла­менті үшін белгіленген сайлау­ларда да екі жерде кан­дидат болған. Яғни Мұстафа Шоқай – екі үкіметті бір-біріне жалғаушы дара тұл­ға.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЙ, жазушы, тарих ғылымының кандидаты: 

«Аурудан өлді» деген тұжырым әлі де күмәнді

Мұстафа жалғыз қазақтың ғана емес, күллі түркі халқының бірлестігі үшін еңбек етті. Өзінің бір мақала­сында: «Түркістанның ұлт-азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті өзбек, қазақ, түрікмен болып бөлінудің өзі Түркіс­тан түрік­терін бөлшектеп, өлімге бас­тай­тын жол еке­нін жақсы білетін едім», – дейді. Расында, орыс­тарға бөліп тастап билеген оңай бола­тын. Большевик­тер бүкіл түркі халықта­ры­ның бір болуын қала­ма­ды. Ал біз үшін әр та­рапқа бөлі­ну ол кезде оңтайлы болма­ды.

Патшалық Ресей тұсында қа­зақ­тың көп жерін мұжықтар тар­тып алған. Мұстафа большевиктер­дің «езілген елге патша тартып алған жерлерді қайтарамыз» деген уәдесін орындамағанын, тіпті одан сорақы­сын істе­ге­нін жазып, оның жанында патша­лық за­ман­дағы жер саясатының жіп есе алмай қал­ғанын бұлтартпас дәлелдермен дәйек­тейді. Кеңес­тер­дің Орта Азияда ұлттық-аумақ­тық жіктерге бөліп, межелеу жүр­гізуін ескі «бөлшектеп ал да, билей бер» ұранын жаңғыртқан «сұм­пайы саясат» деп бағалай­ды.

Большевиктер билікке келге­ніне 10 жыл болғанда өздерін әлемге мақтап көрсету үшін шетел­ден делегация шақыр­тып, кеңес өкіметінің жасанды жетістіктерін көрсетеді. Соны Мұстафа әшкере етеді. «Түркістан – кеңес билігі астында» деген еңбегінде биліктің іс жүзінде халықты қалай езіп жатқанын жазады. Мұның бар­лығын кеңес өкіметі, әрине, кешіре алмай­ды. Оның елде қалған туыс­тарын, онымен араласқан адам­дар­­ды қудалайды, жеке басына қарсы іс қозғайды. Негізі, Мұста­фа­­ны «аурудан өлді» деген тұжы­рым әлі де күмәнді. Ол қайтыс болған соң, тұтқындар арасында «уланды» деген дерек тарап кетеді. Ал жары Мәрияны мәйітке жолатпай қояды. Соған қарағанда, уланғандығы ғажап емес…

Мұстафа ШОҚАЙ: Қоқан автономиясы – Түркістан ұлттық бірлігінің нағыз формасы

…Қоқан автономиясы үкіметі бар болғаны екі ай төрт күн ғана өмір сүрген еді. 1917 жылдың 10 желтоқсанында құрылып, 1918 жылдың 13 ақпанында таратылды. Қоқан үкіметінің не офицері, не ақшасы, не әскері болған жоқ. Пошта, телеграф, темір­жолдардың бәрі де жау қолында болатын. Осындай жағдайда дүниеге келіп, осындай қысқа ғана ғұмыр кешкен Қоқан үкіметінің Түркістан халқының ұлттық талаптарын қанағаттандыру жолында көзге көрінерлік ешқандай жұмыс тындыра алмағаны таби­ғи еді. Тіпті бұл үкіметтің осындай жағдайда құрылып, 64 күн өмір сүре алуының өзі таңғаларлық құбылыс деуге болады. Әрине, Қоқан автономиясы Түркістан мәселесін шешудің мақсаты да, формасы да емес. Ол тек Түркістан азаттық қозғалысының сол бір кезеңде басып өтуге тиіс болған кезекті бір қадамы ғана болатын. Егер ол кезде Түркіс­танға, Украина мен Кавказиядағы сияқты, қолайлы сыртқы саяси жағдай туыла қал­ған­да, ол өзінің тәуелсіздігін ешбір екілен­бестен-ақ жариялап жіберген болар еді. Біз тарихи ұқсастығы көп кездесе бермейтін бір дәуірде өмір сүрдік. Көмек алып, үміт арта­тын көршіміз болмады. Соған қарамастан, мына бір шындықты айта кеткеніміз жөн болар еді. Көне Ресейге қараған өлкелер, кейіннен кеңестік Ресейдің де бұғауына түсіп қалған өлкелер арасында тәуелсіз ұлттық мемлекеттілік үшін күресу жолына тұңғыш рет Түркістан түсіп отыр.

Қоқан автономиясының бір ерекшелігі сол кездің өзінде Түркістан ұлттық бірлігінің нағыз формасын бере білгендігінде еді. Біздің ұлт-азаттық қозғалысымыз тарихында Қоқан автономиясы өзінің осындай ерекше­лігімен терең із калдырып кетті. 

(«Қоқан автономиясы (1917-1937 жж.)», Мұстафа Шоқай. Таңдамалы, 2-том, Алматы, «Қайнар», 1999 жыл)

Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:

Мұстафа күрес тетіктерін қалыптастырды

Мұстафа Шоқай бір сәтке де саяси күрестен жеке басын артық көрген адам емес. Ол шетелге бас сауғалап емес, саяси күресті жаңа жағдайда жалғастыру үшін барған. М.Шоқайдың саяси кү­рес концепциясының түпкі мақ­са­ты Түркістанның толық тәуел­сіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес мемлекет құруына негіз­делген. Оның саяси бағдарла­масы Польша басшысы маршал Йозеф Пилсудскийдің сыртқы саясатында ұстанған бағытына сәйкес келеді де, жалғыз М.Шо­қай ғана емес, барлық эмигра­циялық күш Польша қаржылан­дырып отырған «Прометей» ұйымына бірігеді. Сонымен бірге М.Шоқай күрес тетіктерін қалып­тастырды: «Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымы құрылып, алғаш­қы күннен орталық комитетінің мүшесі болды. Кейін оны өзі басқарды. Баспасөз органдары – «Йени Түркістан», «Яш Түркіс­тан» журналдары ұйымдас­тырылды. Өз көзқарастары мен саяси күрес концепциясын наси­хаттау мақсатында «Дни», «Пос­ледние новости» газеттерінде, «Йени Түркістан», «Яш Түркістан», француз тіліндегі «Прометей» жур­налдарында, ағылшын, фран­цуз, поляк басылым­да­рын­да жүздеген мақала жариялаған. Француз, орыс, түрік тілдерінде үш кітап жазған. 1925 жылы, 1929 жылы екі рет, 1933, 1934 жылдары Лондонда болып қай­тады.

М.Шоқайдың ұлы тұлға екен­дігін қатар жүрген мемлекет, қоғам қайраткерлері көзінің тірісінде-ақ мойындаған. Украи­на Халық Республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі А.Шульгиннің М.Шоқай қайтыс болғаннан кейін: «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, М.Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді»,– деп бағалауында үлкен шындық жатыр.

Досмұхамед КІШІБЕКОВ, ҚҒА академигі:

Шетелге кеткенінің өзі көрегендік болды

Мұстафаның өліміне екі болжамның бірі тұтқындар лагерьлерін аралап жүрген­де сүзекке шалдыққан десе, екіншісі Каюм­хан деген көмекшісі у беріп өлтірді дейді. Меніңше, екеуі де негізсіз. Бірінші­ден, ондай ауру пайда болса, немістер ауру оша­ғын бірден өртеп жіберер еді. Екінші­ден, Мұстафа 1941 жылы 27 жел­тоқ­санда қайтыс болды. Ол Түркістан легио­нын құрып та үлгерген жоқ. Демек, Каюмхан оны қызғанатындай жағдай болған жоқ. «Мұстафа Отанына опасыздық жасады, немістерге сатылып кетті» деген пікірге мен ешқашан қосылмаймын. Егер Мұстафа сатқын, немістің қолшоқпары болса, өлмей, тірі қалар еді.

Бір жағынан, Мұстафаның шетелге кеткендігінің өзі көрегендік болды. Егер елде қалып қойса, бәрібір 1937 жылғы репрессияның құрбаны болып, әлемдік масштабта жұмыс жүргізе алмас еді. Мұс­тафаның жүргізген жұмысының нәтижесін­де советолог деген идеологиялық бағыт қалыптасты. Кеңес өкіметі құлап, бұрынғы ұлт республикалары атанған аймақтар егемендікке қол жеткізгенде, бұл әлемдік жүйені ыдыратуда «Азаттық» радиосының үлесі зор болғандығы айтылып жатты. Алайда осылардың бәріне жол салған – М.Шоқайдың бастамасы. Осыны білуіміз керек, талмай айта беруіміз керек. Көпші­ліктің Мұстафаға деген бұрыс көзқарасы уақыт өте келе түбірімен өзгеретін болады. Әлем таныған Мұстафаны өз жұртының да лайықты деңгейде дәріптейтін уақыты әлі келеді.

Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын, «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясының жетекшісі: 

Мұстафаның өмірі – тәрбие үшін таптырмайтын тақырып 

М.Шоқайдың өмірі – өте сирек кездесе­тін таңғажайып өмір, сондай-ақ бұл – жастарды тәрбиелеуде таптырмайтын тақырып. Өкінішке қарай, біз оны тұлға ретінде танып-біле алмай жүрміз. Тіпті Мұстафа Шоқайдың туған жылының өзінде әлі күнге дейін күмән бар. Қазір 1890 жылы туған деп жүрміз. Бірақ мен сөйлес­кен адамдардың барлығы «одан үлкендеу болатын» дейді. Мұның бәріне ғылыми жүйе, дәлдік қажет. Сол сияқты бірқатар тарихшымыз осы күнге дейін Мұстафаның әйелі Мәрияны «мұсылман дінін қабыл­да­ған» деп келді. Ал мен Мәрия Шоқайдың бейітінің басында крест тұрғанын өз көзіммен көрдім.

Мұстафатану ғылымында мүлде белгісіз болып келген бір нәрсе – Мұстафа қызме­тінің Кавказ бағыты. Сондағы «Вольный горец», «Борьба» газеттеріндегі еңбектері, хабарлары – өз алдына бір бөлек әңгіме. Осы орайда, бір қызығы, Кавказ бойында алты-ақ саны шығып үлгерген «На рубеже» журналын біздің кейбір зерттеушілеріміз газет деп қателеседі. Айта берсек, анық­тауды қажет ететін, кейбіреулер ұсақ-түйек деп есептейтін мұндай нәрселер аз емес.

Қорыта айтқанда…

Алаш жұртының аяулы перзенті Мұстафа Шоқайдың адами бітім-болмысы, мінез-құлқы, жалпы өмірбаяны жөніндегі деректер мүлде жоқтың қасы. Бүгінгі мұстафатанушылардың дені Мәрия Шоқайдың ол туралы осыдан жарты ғасырдай бұрын, яғни 1963 жылы жарық көрген естеліктеріне жүгінгеннен өзге тындырып жатқан істері шамалы. Ал Мәрия Шоқайдың «өмірбаян жазудың қиын шаруа екендігін», оның үстіне өзіне «ең жақын адам жайлы толқымай отырып жазу да мүмкін еместігін» ескерткендігін ойласақ, естелікте Мұстафаға қатысты көптеген жайттың толық қамтылмағандығы заңды да, түсінікті де. Демек, Алаштың айтулы қайраткерінің тұлғалық қасиетін, мақсат-мұратын, әлі де назардан тыс қалып келе жатқан еңбектерін өз дәрежесінде жан-жақты зерттеп-зерделеу, мұстафатану саласын тың деректермен толықтыру қажет-ақ.

«Алаш айнасының» мұрағатынан

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/tub-br-turknn-tutastyigyin-ansagan-mustafa-muratyi-ne-ed-60305/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі