АЛТЫНОРДА
Новости Шымкента

Түймеде де таудай табыс бар

original (1)Шымкенттен не шықпайды десеңізші! Бүгінде бұл қаладан нарыққа қажетті барлық өнім шығады.Тіпті әншейінде елей бермейтін түйме де осы жақта жасалады. «Қазақстанда жасалған» деген атауы бар түймелерді 2007 жылдан бері KazPlast компаниясы өндіріп келеді. 

KazPlast компаниясының директоры Дана Жұмабаеваның айтуынша, алға­шында кәсіпорын тек әскери формаларға арналған киімдердің түймесін шығарған. Кейін жұмысшылардың арнайы киім­деріне арналған түйме түрлерін жасауға көшкен. Алғашқы 2007 жылы түйме шы­ғаруды 1 станок, 4 жұмысшымен бастапты. Ал қазір бір ауысымда 20 адам жұмыс істейді. Италиялық қымбат жабдықтар сатып алынған.
«Бұрын біздегі түйме өндірісі қалып­тасқан ескі әдіс бойынша жүргізілетін. Кейін түймелерді әртүрлі формада жасауға талпындық. Бірнеше түрін, түсін шығаруға тырыстық. Ол үшін, әрине, түймелерге жеке пресс-формалар қажет болды. Ал пресс-формаларға тапсырыс беру қо­сымша қаражатты қажет етті. Сол себепті, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­дарламасы бойынша «Даму» қорының банк заемын алдық» дейді Дана Жұ­ма­баева.
«Даму» қоры KazPlast компаниясына жоба құнының 44,3 пайыз мөлшерінде кепіл беріп, 45,175 миллион теңге кө­ле­мінде банктен заем алуына мүмкіндік жасаған. Мемлекеттің осындай қамқор­лығының арқасында, инновациялық тех­нологияларды қолданудың мүмкіндігі туды. Өндіріс көлемін кеңейту, сұ­ранысты көбейту мақсатында компания италиялық қымбат жабдықтар сатып алды. Сөйтіп, түймелердің неше атасын шығаруға кі­рісті. Атап айтқанда, жей­делерге, көйлек­терге, тондарға және арнайы киімдерге арналған түймелер жасауда.
Зауыттың түйме дайындау техноло­гиясы автоматты түрде іске асады. Алайда бірнеше өндірістік сатыдан өтеді. Алдымен түймеге қажетті қоймалжың сұйықтық кеп­тіріледі. Сосын оны әртүрлі пішінге салады. Артынша тесіктері ойылып, қа­жетті қалыпқа келтіріледі. Соңында, түй­мені бояп, тапсырыс берушінің қалауы бойынша сауда белгісінің таңбасын немесе жазу басады. Тапсырыс берушінің талабына қарай мұндағы түймелердің пішіндері де әртүрлі. Түрі де, түсі де көп. Сапасы жоғары әрі сәнді. Бағасы да қол­жетімді, шетелдікінен 20 пайызға арзан. Түйменің пішіні мен диаметріне байла­нысты 1-5 теңге аралығында сатылады. Кәсіпорын осы уақытқа дейін шамамен 150 млн түйме шығарып, тұтынушыларға жеткізген.
Бүгінде компания тек түйме ғана емес, тігін фурнитурасын, соның ішінде қап­сырма, пластмасса ыдыстардың негізі, қақпақтар, карабин, фиксатор өндіріп, сатумен де айналысады. KazPlast компа­ниясы қазір бір ауысымда 50 мың дана түйме шығарады. Осылайша, еліміздегі барлық тігін фабрикасының сұранысын, яғни ішкі нарықты түгел қамтып отыр. Тіпті зауыт өнімдері халықаралық на­рықта бәсекелестікке ие бола бастады. Олай дейтініміз — компанияның түй­мелері Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экс­портталып жатыр. Ресей мен Беларусь елдеріне де түйме тарату жоспарлары бар. 
Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев импортты азайтып, «Қазақстанда жасал­ған» белгісімен шығатын тауарларды мо­лайтуға шақырған болатын. Елбасы отан­дық тауар түрлерін шығарып қана қоймай, оны сатып алу шараларын ұйымдастыруды міндеттеген еді. Сондықтан KazPlast компаниясының бұл өндірісі сол мін­деттемеден шығарылған қорытынды деуге болады.

Серікбол ХАСАН

http://aikyn.kz/