Облыс орталығынан шалғайда жатқан Тарбағатай аграрлы аудан болып саналады. 17 ауылдық округтегі 65 елді мекенде 43 мыңнан астам тұрғын бар. Өңірде мал саны жыл сайын өсіп келеді. Қазір ауданда 355 мың қой-ешкі, жүз мыңға тарта ірі қара, 20 мыңнан астам жылқы бар. Бүгінгі күні ауданда 19 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсіріп жатыр. Өткен жылы ауданда 21 миллиард теңгенің өнімдері шығарылыпты. Бұл облыс бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.
– Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы аудан тұрғындарының жігерін жанып, ынтасын туғызды, деді жақында облыс орталығында бұқаралық ақпарат құралдарымен өткізген брифингте Тарбағатай ауданының әкімі Ділдабек Оразбаев. Жолдау барлық ауылдық округтерде кеңінен талқыланды. Онда халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыс орындарын ашу, балабақшалар мен бұқаралық спортты дамыту жөнінде айтылған. Өткен жылы ауданның алты ауылында «Балапан» бағдарламасы бойынша 6 жекеменшік балабақша ашылды. Биыл 8 ауылда балабақша бой көтермек. Елбасы Жолдауында айтылған бұқаралық спортты дамыту жөніндегі бастамаға орай ауданда оннан астам хоккей қораптары, спорт модулі жұмыс істеп тұр. Тарбағатайда жаңалық көп, аудан тұрғындары қашанда ізденіс пен ілкімділік танытуда, деп аудан әкімі Ділдабек Тәжібайұлы біраз жайлардан мағлұмат бере кетті.
«Жақсыны көрмекке» деген емес пе, осыдан бір ай бұрын Тарбағатай ауданында болғанымызда жаңадан ашылған балабақшада болған едік. Балабақшада барлық жағдай жасалған. Төрт уақыт тағам беріледі, түрлі үйірмелер жұмыс істеп тұр. Ал Тұғыл ауылында болғанымызда қуыршақ театрының «Қоян мен маса» деген спектаклін тамашаладық. Аудан әкімі мәдениет үйін жөндеуге және жаңадан ашылған қуыршақ театрына қаржылай көмек көрсетіпті. Тамаша дәстүр. Қазақстанның әр ауылында осындай театрлар ашылып жатса, мәдениетіміз бен өнеріміздің асығы алшысынан туғаны ғой.
Аудан әкімі Д.Оразбаевтың бастамасымен төрт ауылда шағын құс фабрикалары ашылыпты. Жәнтікей ауылындағы Бақытбек Ожаев деген кәсіпкер 3 миллион теңге несие алып, үй жанынан құс фабрикасын ашып алған. Бастапқыда 200 мекиен сатып алып, оның санын 500-ден асырыпты.
– Бір қарағанда көзге ілінбейтін ұсақ кәсіп көрінетіні рас. 500 мекиеннің құрығанда 400-і күн сайын жұмыртқалайды. Бір жұмыртқаны 15-20 теңгеден сатқанның өзінде күніне 6-8 мың теңге пайда түсіресіз. Ауылдағы дүкен иелері қуана алады. Бір айда жұмыртқа өткізіп 200-240 мың теңге, ал бір жылда 3 миллион тауып алуға болады. Ауылдық жерде бұл көл-көсір табыс. Сондықтан болар келер жылы аудан әкімінің тапсырмасы бойынша барлық елді мекендер құс фабрикасын ұйымдастыруды қолға алмақ, – дейді жұмыртқа сатып пайдаға кенелген іскер азамат Бақытбек Ожаев.
Ауданда ірі қара жыл сайын ұлғайғанымен өңірде сүтті әлі күнге сырттан тасу тыйылмай отыр. Аудан әкімі Д.Оразбаев жақында Ақжар ауылының кәсіпкерлерімен кездесіп сүт зауытын салу жөнінде бастама көтеріпті. Аманшылық болса, жыл соңына қарай сүт, қаймақ, кілегейді облыс орталығынан тасу тыйылатын шығар. Тағы бір игі қадам – өткен жылы ауданның барлық елді мекендері өздерін көкөніспен толық қамтамасыз етіпті. Зайсан көлінің жағасында бірнеше кәсіпкер азаматтар қауын, қарбыз, орамжапырақ, картоп, қызанақ өсіріп, сатып пайда тапқан.
Ауданның байлығы – балық. Өткен жылы «Зайсан балықшылары» өндірістік кооперативі 83 миллион теңгенің 1629 тонна балығын аулаған. Бұл күндері осы салада жүзден астам адам еңбек етіп жатыр. «Бентонит и К» ЖШС ашық әдіспен саз және бентонит балшығын өндіру жобасын енгізді. Ол серпінді жобалар қатарына еніп отыр. Құны 300 миллион теңге болатын бұл жоба жылына 100 мың тонна өнеркәсіп өнімін өндірмек. Жаңадан 45 жұмыс орны ашылды.
Тұрғын үй салуда да бағытты жұмыстар жүзеге аспақ. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнын бітіріп келген 11 маманға баспана сатып алыныпты. Биылдан бастап екі қабатты 32 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Ол жас мамандарға, тұрмысы нашар жандарға берілмек. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша да біраз шаралар жүзеге аспақ. Барлық ауылдарда абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ақсуатта «Бөрітостаған», Ақжарда «Толағай» ескерткіш белгілері, Бәйтерек пен белгісіз жауынгерге арналған монумент, Ақсуат пен Ақжарда Ардагерлер үйі ашылды. 2014 жылы әр ауылда жылыжайлар, Ақсуатта спорт модулі, Қарасу, Бозша, Жамбыл ауылдарында жаңа мектептердің салтанатты ашылуы болмақ. Іскер ұйымдастырушы, ауданды басқарған 8 айда көп жұмыстар тындырған, ел алғысына ие болған, түлеген Тарбағатайдың кемелденуіне үлес қосып келе жатқан Ділдабек Тәжібайұлы мен командасының бергенінен берері көп екеніне ешкім шек келтірмесе керек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы.
––––––––––––––––
Суретте: Тұғылдағы қуыршақ театры әртістері жерлестерін қуантты.
Сурет автордікі.