АЛТЫНОРДА
Новости

Тұлпарын құрметтеуде қазаққа тең халық бар ма?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қазақ даласында аты аңыз­ға айналған, өз иесімен бірге тарихта өшпес із қал­дыр­ған тұлпарлар бар. Қо­б­ыландының Тайбурылы, Ал­памыстың Байшұбары, Қам­бардың Қарақасқасы сын­ды сәйгүліктердің аты батырлар жырлары арқылы бүгінгі күнге жетті. Одан кейінгі тарихта да жауға шапқан баһадүрлердің сенімді серіктеріне айналған сәйгүліктер бар. Қаба­н­бай­дың Қубасы, Бөгенбайдың Қы­зыл аты және тағы басқа тұл­парлар талай шайқастан ие­сін аман алып шықты. Бері қа­рай көз жүгіртсек алдымен Ақан­ның «Құлагері» еске тү­седі. Қазақтай жылқы ма­лын әспеттеп, адам сияқты құр­мет көрсететін халық әлем­де бар ма екен?

Қазақ халқының жылқыны ерекше қас­терлеуінің өзіндік себебі бар. Ғалымдар жа­байы жылқыны алғаш ауыздықтап мін­ген біздің ата-бабаларымыз екенін анық­тады. Бұған дейін Еуропада қолға үйретілді деп келген, тек Қызылжардағы Ботай та­ри­хи қонысында жүргізілген қазба жұ­мыс­тары жылқының қазақ даласында мі­ніл­генін дәлелдеді. Біздің заманымызға де­йінгі 4-3 мыңжылдықтарға тиесілі ат­тың бас сүйектерін зерттеу кезінде ауыз­дық салынғаны анықталған. Демек, қазақ хал­қының атты ердің қанатына балап құр­мет­теуінің бастауы осында жатыр деген сөз.

Көшпенділер айлап-жылдап ат үстінен түспеген, тіпті әйел-баласына дейін ат мін­гені белгілі. Арғы аталарымыз сақтардың со­ғысу өнерін шебер меңгергені, тұл­пар­ларымен жүйткітіп шабуы Еуропа, Кіші Азия, Жерорта теңізінің бойындағы, Мы­сыр­дағы халықтың зәресін ұшырған. Осы кез­де бұл елдерде басы адам, денесі жылқы «кентаврлар» туралы аңыз тарады.

Қазақта өзге жылқыдан ерекше ат­тар­ды тұл­пар, арғымақ, сәйгүлік, қазанат деп әс­пет­теген. Және оларды өте жоғары ба­ға­лаған. Бір жүйрік ат өз иесінің ғана емес, бүкіл әулетінің, руының, елінің абыройын ас­қақтататыны белгілі. Қазақтың эпостық жыр­ларына, аңыз әңгімелері мен ер­тегілеріне көз жүгіртсек, қай-қайсысында да атсыз батырды кездестірмейсіз. Солар­дың басында Қобыланды батырдың Тай­бу­рылы тұр. Тайбурыл шапқанда:

Көл жағалай отырған

Көкқұтан мен қарабай,

Көтеріліп ұшқанша,

Белінен кесе басады… – деп жыр­ла­нады. Артында құлан-бұлан қалып қойған, бір төбенің тозаңы бір төбеге қосылып қал­­ған, көкқұтан, қарабайлар езіліп қал­ған, со­ларды жеп қара қарға-құзғындар қа­рық боп қалған – міне, жырдағы осы қа­сиет­­тері-ақ Тайбурылдың қандай екенін аң­ғартады.

Алпамыс батырдың Байшұбары жайлы да көп айтуға болады. Батыр туралы жыр­да:

Таудан асқан тасқындай,

Төгіліп Шұбар жөнеді.

Адыр-адыр бел еді,

Адам қорқар жер еді,

Неше қиын жерлерден

Тегістей шауып келеді.

Мейлі, дала, мейлі, адыр,

Теп-тегіс болды жер енді… – деп оның шабысын суреттейді.

Ал Қамбар батырдың Қасқа аты былай суреттеледі:

Қамыстай екі құлағың.

Төрт аяғың қазықтай,

Төңкерген кесе – тұяғың.

Сұлулығың сүмбідей… 

Батырлар жырларында ер жігіттің астындағы аты көлік қана емес, ажырамас серігі болып келеді. Тіпті кей жерде иеле­ріне адамша тіл қатып кетеді. Бұл қазақ халқының жылқы малын адам деңгейіне де­йін көтеріп, құрметтегенін көрсетеді. Жо­ғарыда айтылғандардан бөлек, Кенде­бай­дың Керқұласы, Ер Тарғынның Тарланы сынды тұлпарлар болғанын білеміз.

Ал одан кейінгі тарихта Тілеулі ба­тыр­дың Кез құлағы, Қабанбайдың Қу­ба­сы, Бө­генбайдың Қызыл аты, Шақшақ Жә­ні­бек­тің Қаракөгі, Бармақ батырдың Сан­дал­көгі, Исатайдың Ақтабаны, Амангелді ба­тырдың Шалқасқасы, Кейкі мергеннің Ке­раты, Қарабектің Қарасы, Қамыстың Шұ­­бары, Ерқосайдың Торысы, Сегіз се­рінің Бозжорғасы, Ақан серінің Құлагері сынды қазанаттар болғанын білеміз. Осы­лар­дың ішінде Құлагердің шоқтығы биік тұр. Қазақ аттың ең басты қасиеті – жүй­рік­тігі, жорыққа төзімділігі, иесіне сенімділігі деп санаған.

Тұлпардың аунағаны туған жерің,

Биеден туа бермес сендей құлын.

Жүз қой мен он төрт құр ат, төрт тайтұяқ,

Бір жолда әперіп ең ердің құнын… – деп келетін жолдар Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасында кездеседі. Талай бәйгенің алдын бермеген Құлагерді бақта­ластары балтамен ұрып өлтіреді. Құлагер өлгенмен оның аты әлі күнге дейін өлмей келе жатыр. Қазақ халқы көшпенділік өмір­ді әлдеқашан ұмыта бастады, ал ат көлік болудан қалып барады. Бірақ қазақ халқының аузымен құс тістеген тұлпар­лар­ға деген құрметі ешқашан азая қоймас.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:

– Жылқы мінсе көлік, ішсе сусын, сойса тағам. Ол қазақ қоғамында ерекше құр­метке ие түлік түрі. Махамбет «Ерулі атқа ер салмай» деп жырлайды, демек, сол за­ман­дағы батырларда бір емес жетегінде ерулі бірнеше ат болған. Қазақ ақын-жазу­шы­ларының көбінің шығармаларында кез­де­седі. Халыққа кеңінен таныс «Кер­бес­кер», «Қара жорға», «Бестай», «Боз­­жор­ға», «Тепеңкөк», «Маңмаңгер», «Тел­қоңыр» тә­різді әндер мен күйлерге осы ­қазақтың тұл­парлары арқау болған. Тіпті балаға ат қояр­да да, мысалы Құнан­бай, Құлыншақ деп есім берген. Сондықтан келе жатқан жылқы жылы қазақ үшін жақсы жыл болуы тиіс деп ойлаймын.

Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ Қызылжар

 

http://alashainasy.kz/tar/48536/