Түркияда әйелдердің жұмыспен қамтылуын арттыру мақсатында ата-аналардың декреттік демалысы ұзартылады. Осыған байланысты әйелдермен қатар, ерлердің де декреттік демалыс алуына мүмкіндік берілмекші. muslim.kz сайтының хабарлауынша, түрік әйелдерінің әлеуметтік белсенділігін арттыру науқаны аясында әрі әр үйде бала санын кем дегенде үш балаға дейін көбейту мақсатында Отбасы істері және әйелдер саясаты жөніндегі министрлігі аяқ-қолын бауырына енді алған аналардың өмірін едәуір жеңілдететін жаңа заң жобасын әзірледі. Аталған нормативтік-құқықтық актінің артықшылығы сонда, босанғанына екі айдан төрт ай өткенге дейін әйелдердің бала күтіміне қатысты ақы төленетін демалыс ұзартылады. Ең бастысы, емшектегі нәрестені қарау үшін ерлерге де демалыс алу құқығы берілмек. Бұл заң жобасы бойынша ер-азаматтарға әйелдерімен бірге бір мезгілде демалыс алуына немесе оны кейінге қалдыруына да жағдай жасалған. Емшектегі нәрестесі бар әйелдер жұмысқа шыққаннан кейін, белгілі бір уақыт аралығында жұмыстан кешігуіне де, сондай-ақ жұмыстан ерте кетуіне де рұқсат берілген. Сонымен қатар егер жұмысына кедергі келмесе, олардың үйінде отырып, жарты ставкамен жұмыс істеуіне де жағдай қарастырылған. Жаңа заң жобасындағы кейбір өзгерістер жұмыс берушілерге қатысты енгізіледі. 100-150 әйел жұмыс істейтін кәсіпорындарда міндетті түрде балалар бақшасы ашылады. |