Елімізге мемлекеттік сапармен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов келіп қайтты. Әріптесімен алдымен Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оңаша кездесті. Жеке, жүзбе-жүз әңгімелесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың негізгі бағыттары бойынша бірлескен іс-қимылды жандандыру мәселелері қозғалды. Атап айтқанда, президенттер сауда-экономика, отын-энергетика және көлік транзиті салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты өркендету жайын қарастырды. Бұл ретте мәдени ықпалдастық мәселелері бөлек сөз болғандығын айта кеткен жөн. Шыны керек, Түрікменстанның Түркиямен мәдени-гуманитарлық серіктестігі мықты, ал қазақстандық зиялы қауым өкілдерінің бәрінен бұрын Ресей мәдениетімен тығыз байланыста екендігі жасырын емес. Республикаларымыздың кезінде бір Одақта болғандығына, қазір бір аймақта екендігімізге қарамастан, қазақ пен түрікмен интеллигенциясы тонның ішкі бауындай жақын арала-сып отырған жоқ. Екі ел басшысы өзара әңгімелесе келе, осы олқылықтың жойылуына ықпал етуге ұйғарғанға ұқсайды. Сөз басында Нұрсұлтан Назарбаев та Түрікменстан президентінің Қазақстанға сапарының маңыздылығын атап өтіп, көршілес екі елдің мәдениет, тіл, дін және рухани салалардағы жақындығына екпін түсіре сөйлеген еді. Ал жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Түрікменстанның «Зиялылар форумын» өткізетіндігі мәлім болды. Мұны екеуара кездесуден кейін ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. – Қазақстан мен Түрікменстан арасында мәдени-тарихи байланыстар алдағы уақытта одан әрі тереңдей түседі, – деді ол. – Біз «Түрікменстандағы Қазақстан күнін» және «Қазақстандағы Түрікменстан күндерін» өткізу туралы келістік. Бұған қоса, Зиялылар форумы мен Іскерлер форумын да өткізу туралы уағдаластық. Мұның барлығы біздің халықтарымызды жақындата түседі, ынтымақтастығымызды, байланысымызды арттырады. – Шынында, тарих, тіл, мәдениет ортақтығының біздің серіктестігіміздегі маңызы зор, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов. – Біз сіздердің дара әрі бай мәдениеттеріңізге ерекше құрметпен қараймыз. Сөз жоқ, бұл кездесу екіжақты ынтымақтастыққа айрықша серпін береді және біздің байланыстарымызды нығайтуға ықпал етеді. Бұған қоса, жас ұрпақтың да араласып-құраласуына жағдай жасалмақ. Н.Назарбаев оқу қуған түрікмен жастарының біздің еліміздегі халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орнында ғылымды игере алатындығын білдірді. Атап айтқанда, Назарбаев Университеті бауырлас көрші ел үшін алыс шетелдегі ғылым ордаларына балама бола алар еді. Өз кезегінде қазақстандық жастар үшін де бұл елге барып, мамандық игеруге жол ашылмақ: Түрікменстан да өзінде халықаралық білім нарығында жетекші әлемдік ЖОО-лармен бәсекелесуге тиісті ғылым ордасын құрып жатыр екен. Оның әрине, өзіндік сырлары бар, бірақ Кеңес Одағының қамытынан құтылып, Азаттық айдынына сүңгіген қос ел бір-бірімен дипломатиялық қарым-қатынастарды тек 1993 жылы ғана қайта орнатыпты. Осы орайда екі жақтан үкіметтік делегация өкілдері қатысқан кең ауқымдағы келіссөздер барысын-да Нұрсұлтан Назарбаев қос мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар орнауының 20 жылдығына орайлас өтіп отырғандықтан, бұл сапардың символдық мәні бар екеніне назар аудартты. Елбасының айтуынша, бұл кездесу тағы бір жайтқа байланысты тарихта қалмақ. «Сіздің сапарыңыз аса маңызды тарихи оқиғаға – Қазақстаннан Түрікменстанға бағыт алатын, ары қарай Иран аумағы арқылы Парсы шығанағына дейін жететін темір жол учаскесінің ашылуымен сәйкес келді. Бұл әлемдік мұхиттағы ірі порттарға шығуымызға мүмкіндік береді. Көліктік коммуникациялар біз үшін өте маңызды мәселе болып табылады. Сондықтан да мен бұл оқиғаны тарихи деп атап отырмын» деді Н.Назарбаев. Қазақстан Президенті Түрікменстаннан бастау алып, Қазақстан арқылы Қытайға ұзайтын газ тасымалдау жүйесінің қуаттылығын келешекте 65 миллиард текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отырғандығын хабарлады. Қазіргі таңда бұл жүйемен 40 миллиард текше метр «көгілдір отын» ағындауда. Қос мемлекет басшысы Ақтауда – Түрікменстанның, ал осы елдің Түрікменбашы қаласында – Қазақстанның консулдығын ашуға уағдаласты. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев түрікмендерге Қазақ елінде салынып жатқан жаңа көліктік «күретамырларды» «аспанасты елінің» алып нарығын игеруге белсенді пайдалануды ұсынды: «Біз бүгінде Жезқазғаннан Ақтауға дейін темір жол салудамыз, ол Түрікменстанға Қытай нарығына темір жолмен шығуға, біз тұрғызып жатқан «Қорғас» мемлекетаралық орталығына қатысуға мүмкіндік береді. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізін де Түрікменстан осы мақсатта әжетке асыра алар еді». Елбасы«Түрікменстанды өңірдегі ең жақын ел, тату көрші,сенімді әріптес ретінде қарастыратынын» айтты. Ал Түрікменстан басшысы Қазақстанды өз елінің «басымдық-ты әріптесі» деп мәлімдеді. Бұл бауырлас екі елдің арасына сына қаққысы келетін арам пиғылды жандарға берілген белгі болуы керек. Көрінгенді сылтауратып, қос мемлекет шекарасында қазақстандықтарды «құрықтау», байлап-матап әкетіп, қамап тастау секілді жараспас әрекеттер де сап тыйылуға тиісті. Гурбангулы Бердімұхамедов осы сапары барысындағы келіссөздер «екі елдің ары қарай да өңірлік оң үдеріске жәрдемдесуге, бір-бірінің ілгерілеуі мен гүлденуіне ықпал етуге дайындығын растағандығын» айтты. Қазақстан мен Түрікменстан басшылары келер жылы АҚШ және коалиция әскерлері шығарылғаннан кейінгі Ауғанстандағы ахуалды реттеу шаралары жөнінде жан-жақты ақылдасқан, сондай-ақ Каспийде және Аралды құтқаруда екіжақты өзара іс-қимылдың көкжиегін белгілеген екен. Бұған қоса, қос мемлекет БҰҰ, ЕҚЫҰ және ТМД аясында ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты. Назар аударар жайт, Гурбангулы Бердімұхамедов «бейтарап Түрікменстанды» ары қарай оқшаулауға емес, енді өзге елдермен ықпалдастығын арттыруға ден қойғандай. Осы орайда Елбасы әріптесіне: «Біз сіздің жүргізіп отырған Түрікменстанның әлеуметтік-экономикалық өмірін жаңғырту саясатын жоғары бағалаймыз!» дей келе, сонымен бірге Түрікменстан президентінің халықаралық қоғамдастықпен, соның ішінде аймақ бойынша көршілерімен ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған бағдарын да ресми Астананың қолдайтындығын мәлім етті. Түрікменстан президентінің мемлекеттік сапары қорытындысында екі ел басшысы «Бірлескен мәлімдеме» қабылдады. Мұның сыртында екі елдің сыртқы саясат мекемелері арасында ынтымақтастық бағдарламасы мен хаттамасына қол қойылды. Еліміздің Ұлттық ғылым академиясы болса, Түрікменстанның Ғылым академиясымен келісімге отырды. Сондай-ақ «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы түрікмендік әріптесімен ынтымақтасуға уағдаласып, тиісті меморандум бекітті. Қазақстан Көшбасшысы Түрікменстан басшысының «бұл сапары достық және бауырластық рухын нығайтуға серпін беретіндігіне» сенім білдірді.
|
Следующий
Түрікменстан – жақын ел, тату көрші, сенімді әріптес
Елімізге мемлекеттік сапармен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов келіп қайтты. Әріптесімен алдымен Continue reading «Түрікменстан – жақын ел, тату көрші, сенімді әріптес« →