2015 жылдың 24 ақпанында Анкара қаласында түркі дүниесінің БАҚ өкілдері «Халықаралық ТҮРКСОЙ Баспасөз сыйлығымен» марапатталды. Салтанатты кешке түркі әлемінің мәдениеті мен өнерін насихаттап, оның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген баспасөз саласы өкілдерімен қатар Түркияның мәдениет және туризм министрі Омар Челик, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қырғыз Республикасының Түркиядағы Елшісі Ибрагим Жүнісов сонымен қатар, осы ұйымға мүше елдердің өкілдері т.б. қатысты.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ееркшелігі сол, әр жылды түркі әлеміне сыйлы азаматтарға арнайды. Аталған ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырза биылғы Халдун Танер жылында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылатынын, оның шығармашылығынан спектакльдер қойылатынын айтты. Сонымен қатар Танердің шығармалары түркі тілдеріне аударылып, кеңінен насихатталмақ.
Салтанатты шарада Дүйсен Қасейінов «Қазақстан» РТРК төраға орынбасары Қайнар Олжайды «Мақтымқұлы Пырағы» медалімен, “Алматы Ақшамы” газетінің тілшісі Мәншүк Бекбосынды “Алғыс плакеткасынмен” марапаттады. Аталған марапат – «Халықаралық ТҮРКСОЙ Баспасөз сыйлығы» түркі тілдес халықтардың мәдениет және өнер саласының дамуына үлес қосқан бұқаралық ақпарат құралдары мен БАҚ өкілдеріне беріледі. Былтыр дәл осындай сыйлыққа «Түркістан» газетінің Бас редакторы Шәмшидин Паттеев мырза да лайық деп табылған еді.
Нәзия Жоямергенқызы
http://turkystan.kz/
Сурет Туркiстан газетiнен алынды