Кеше Астанада түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесінің V саммиті өтті.. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев және Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері Исмет Йылмаз, сондай-ақ Қазақ елінің қонағы ретінде Түрікменстан үкіметінің вице-премьері Сапардұрды Тойлиев қатысты.
Саммит барысында Елбасы Н.Назарбаев түркі жұрттарына арналған халықаралық телеарна, қор және түркі тарихының орталығын құру қажеттігін айтты.
Қазақстан Президентінің байламынша, түркі әлемін дамыту істеріне салмақты демеуші-спонсорларды тарту маңызды. Бұл үшін аталған Кеңес елдеріне арналған бірыңғай қаржылық қор құру керек. Ол Түркі интеграциясының қоры деп аталуы ықтимал. Тілектестерден, ізгі ойлы іскерлерден келіп түсетін барлық қаржы сонда қордаланып, орталықтандырылған түрде жұмсалады.
Қазақстан Көшбасшысы саммит қарсаңында түркітілдес мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Кеңесінің отырысы өткенін, онда Әзірбайжанда құрылатын «Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының» және Қырғызстандағы Көшпелілер өркениеті орталығына қатысты шешім қабылданғанын хабарлады. «Аталған институттардың барлық қаржылық құжаттары мақұлданды. Бұл біздің мемлекеттеріміздің өзара интеграцияны дамытуға ұмтылып отырғанын куәландырады. Мен болашақта осы мекемелердің түркі мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосарына сенімдімін!» деді Н.Назарбаев.
Қазіргі кезде Қазақстан аумағына түркиялық TRT және Татарстанның «ТНВ» арналары тарайды. Әрқайсысы өз елдерінің саясаттарын жүргізеді.
–Түркі әлеміне арналған ортақ ақпараттық кеңістік түзуіміз қажет. Бұл бағытта түркілік арна өте маңызды. Сонымен қатар менің ойымша, түркі тарихы орталығының негізін қалағанымыз жөн, – деді Н.Назарбаев.
Саммит соңында президенттер Декларацияға қол қойды. Мемлекет басшылары сондай-ақ Түркі кеңесінің Бас хатшысының орынбасары лауазымына Опер Коджманның кандидатурасын бекітті. Ал Гюнай Афандиев жаңа «Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының» президенті болды.
Келесі саммит келер жылы Қырғызстанда, тамыз айының соңына қарай өтеді деп күтілуде.
Елдос СЕНБАЙ
http://aikyn.kz/