Түркіменстан билігі елдегі қос азаматтығы бар адамдардың соңғы үмітін үзіп тынды. Ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың қос азаматтық мәселесін шешетіндігі жөнінде Ресей басшыларына уәде бергеніне қарамастан, елде қос азаматтығы бар тұлғаларға жеңілдік жасалмады. Сөйтіп, Ресейдің де, Түркіменстанның да азаматы болып жүрген біраз адамдардың жағдайы қиындап кетті. Енді олардың елден кетуіне немесе толықтай Түркіменстан азаматы атануына небәрі екі ай ғана уақыттары бар. Үлгерсе әрине.
Біңз Түркіменстан мен Ресей федерациясы арасында қос азаматтықты жою туралы келісімнің 2003 жылы жасалғанын айтқанбыз. Одан бұрын, 1992-2003 жылдар аралығында Түркіменстан мен Ресей қос азаматтықты мойындайтын еді. Түркімен жерінде екі елдің азаматтығын алған адамдар саны жүз мыңдап саналатын. Бірақ, 2003 жылдан бастап жағдай өзгерді. Түркімендер қос азаматтықты жоюды талап еткен. Сөйтіп, екіжақыт келісімдер де жасалды. Бірақ, екі елдің президенттері қол қойған келісімді Ресей думасы ратификациядан өткізісі келмеген. Шамасы, Түркіменстандағы орыстардың қамы үшін солай жасаған болуы керек, әйтеуір сөзбұйдаға салып келді. Түркіменстан жағы болса қос азаматтығы бар тұлғалардың екі елдің бірін таңдауына бақандай 10 жыл уақыт берді. Енді сол мерізім аяқталып келеді. Алдағы шілде айының 10 күні сол он жылдық мерізімі бітеді. Егер 10 шілдеге дейін екі елдің бірін таңдап үлгермегендер болса, өз обалдары өздеріне деген сөз. Әрине, Ресей жағы 150 мыңға жуық қос азаматтығы бар адамдардың тағдырына алаңдаулы. Өйткені, 10 шілдеден соң олар Түркіменстанда көптеген кедергілерге жолығатын болады. Бірқатар құқықтары шектеледі. Осы көктемде Ресей президенті В.Путин Түркіменстан басшысы Г.Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесіп, бұл мәселені шешу үшін Ашхабадқа Сыртқы істер министрі С.Лавровты да жіберген. Бірақ, нәтиже болмады. Түркімендер түлкі бұлғаңға салып, уақыт ұтып кетті.
Негізі түркімендерді алдап соғуды көздеген орыстардың өздері еді. Ресей думасы 2003 жылғы келісімді ратификацияламай қойған. Сөйтіп, Түркіменстандағы қос азаматтығы бар адамдар 1993 жылғы келісім-шарттың баптарына сүйеніп елге кіріп-шығып жүре беретіндігін алға тартқан. Орыстар күші жойылған келісімге сүйенетіндіктерін аңғартқан. Яғни, тәуелсіз Түркімен елін менсінбейтіндігін байқатқан. Баяғы сол имепралистік пиғыл бұл. Алайда, Түркімендер жаңа конституция қабылдап, Ресейді тғырыпққа тіреп қойды. Жаңа конституцияның 7 бабында қос азаматтыққа тыйым салынған. Сөйтіп, Ресей өзінің әпербақандығының кесірінен 134 мың адамды тығырыққа тіреп қойды. Өйткені, екі елдің арасындағы келіссөздерде орыстар 2003 жылға дейін қос азаматтық алған адамдарға жеңілдік жасауды сұрап отыр. Түркімендер оған келіскен сыңай танытты. Бірақ, 2003 жылға дейін қос азаматтығы болған адамдар саны 23 мың дегенді алға тартады. Сөйтіп, қалған 130 мың адамның жағдайын қиындатып жіберді. Әрине, орыс басылымдары түркімендерді айыптап бағуда. Алайда, Ресеймен қарым-қатынас жасауда Түркіменстан өз мүддесін табанды түрде қорғап отыр. Ресейдің 10 жыл бойы саяси ойын жасап, қос азаматтыққа түркімендерді көндірмек болған ісі нәтиже бермеді. Шамасы, «соза берсек, тоза беред» деген қағидаға сүйенген болуы керек Ресей билігі. Бірақ, ресейліктердің арманы орындалмайтын түрі бар.
Егер сөздің ашығын айтар болсақ қос азаматтық алған адамдардың барлығы дерлік орыс ұлтының өкілдері. Ресейдің де, Түркіменстанның да азаматы саналып келген олар екі елдің арасныда еркін сайрандап жүретін. Түркіменстанда қылмыс жасаса, Ресейге қашып кететіндер көп еді. Түркіменнің тегін газын, нанын жеп жүрсе де, Ресейдің мүддесін ешқашан ұмытқан емес. Ал, Ресей билігі шамасы бұл азаматтарды Түркіменстанға саяси ықпал жасайтын күш ретінде көргісі келген болуы керек, әйтеуір 2003 жылғы келісімді бекітпеді. Оның үстіне Орта Азиядағы ықпалынан айырылып қалмау үшін де Ресейге бұл аймақта ықпалды диаспора керек. Бірақ, іс жүзінде өңірдегі ең ақылды саясаткер В.Путин болмай шықты. Түркіменбашы да оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Ресейдің дегеніне көнгісі жоқ. «Коммерсантъ» газетінің жазуына қарағанда Ресей түркімендерге бірнеше балама жол ұсыныпты. Яғни, түркімен билігі қос азаматтығы бар азаматтарға жаңа үлгідегі төлқұжат беруге уәде етсе, Ресей 1993 жылғы келісімнің күші жойылғандығы туралы хаттаманы Мемлекеттік думаның қарауына енгізбек көрінеді. Алайда, бұған түркімнедер көнгісі жоқ. Біздіңше түркімендердің Ресейдің сөзіне сенбеуге қақысы да бар. Түркіменстан қос азаматтығы бар тұлғалардың екі елдің бірін таңдауына бақандай 10 жыл уақыт берді. Түркіменстанда тұратын орыстар жаңа үлгідегі төлқұжат алуға немесе Ресейге көшіп кетуге толық мүмкіндігі бар еді. Алайда, мұндай шешім қабылдағандар аз болды. Шамасы әдеттегі шовинистік пиғылмен «түркімнедер не істейді дейсің, Ресей бізді арашалап алады» деген ойда жүрген болулары керек, қос азамттықтан шыққандар қарасы көп емес. Ал, Ресей де Түркіменстанды ықтырып алатындығына сенген болар, әбден іс насырға шапқанда араласа бастады. Егер Ресей 2003 жылғы келісімді ратификациялаған болса, қазіргідей тығырыққа тірелмес еді. Түркіменстандағы қос азаматтығы бар тұлғалар да ерте бастан қамданар еді. Енді келіп Ресей Ашхабадқа шарт қойып отыр. Ресейліктердің «1993 жылғы келісімнің күші жойылғандығы туралы хаттаманы Мемлекеттік думаның қарауына енгіземіз» дегеніне түркімендер енді сене ме?! Қанша бейтарап дегенмен Түркіменстан да тәуелсіз ел. Ол елдің де өз мүдделері бар. «Орта Азия Ресейдің айтқанына көніп, айдағанына жүрсін» деген қағида жоқ. Сондықтан, бұл мәселеде түркімендердікі жөн. Әрине, «халықаралық адам құқықтары» деген мәселе бар. Бірақ, ашығын айтар болсақ сол адам құқықтарын сақтап жатқан ешкім жоқ. Тек алпауыт елдер әлсіздерден ғана осы құқықтардың сақталуын. талап етеді. Әйтпесе, Еуропа да, АҚШ та, Ресей де белгілі. Демек, түркімендердің өз дегенінде қалып отырғаны құптарлық іс.
Айтпақшы, әлгі «Коммерсантъ» газетіне ақпарат берген ресейлік шенеунік «егер келіссөздер нәтиже бермесе Путин Бердімұхамедовке тағы телефон шалады» депті. Дәл біздегі жол полициясы қызметкерлерін «телефон соғамын» деп қорқытатын «еркетотайлар» сияқты. Ресейлік кеудемсоқтықтың көрінісі бұл. Путин Бердімұхамедовке телефон шалып, қорқытып үркітпек пе сонда? Жоқ, әлде Путин Түркіменбашының «көкесі» ме? Әлде, «Орта Азияның түрік халықтарын қорқытып-үркітіп ұстап отырамыз» деген ой ма? Қалай болғанда да ресейліктер дипломатияда да әпербақан екендігін байқатып алды. Бағя пашталық Ресей кезіндегідей ұлық көрсе жалпақтап шыға келетіндей ойлайды бізді. Қазір заман басқа. 20 жылдан астам еркін өмір сүрудің дәмін татып қалдық. Әсіресе, түркімендердің артықшылығы көп бұл тұрғыда. Сондықтан, енді Путин түгілі одан зорғылар телефон шалса да Бердімұхамедов көне қояды дегенге сену қиын. 10 жыл бойы Түркіменстан заңын сыйламағандар, енді өздерін кінәласын. Ел мүддесі бірінші орында тұрауы керек әрқашан. Түркімендер солай жасап та отыр.
Амангелді Құрметұлы
«Жебе» газеті,