Түркістан қаласында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды мәңгі есте сақтау мақсатында «Жеңіс орманы» акциясы өтті. Қаладағы мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қатысуымен өткен жасыл желек отырғызу шарасы шаһар шетіндегі «Парасат» саябағында ұйымдастырылды. Соңғы жылдары қала аумағының ұлғаюына байланысты шаһардағы «Парасат» саябағын көгалдандыру жұмыстары қолға алынған болатын. Жергілікті тұрғындарға жаңа демалыс аймағын қалыптастыру мақсатында жасалған істер нәтижесінде, қазіргі таңда, мұнда ағаштар жайқалып, аталған саябақ Түркістандағы саялы орындардың біріне айналып үлгерді. «Парасат» саябағының көлемін арттырып, көгалдандыру үшін қала әкімі Ә.Өсербаевтың тапсырмасымен шара аясында арықтар тартылып, тағы да 2,5 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды. Ағаш отырғызу шарасы шаһарға қарасты барлық ауылдық округтерде де ұйымдастырылды. Соның аясында Түркістанда жалпы саны 5 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылып, қасиетті өңірдегі жасыл белдеу көлемі арта түсті.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі