АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» ЖОБАСЫ ЖАСАЛДЫ. ОЛ ҚАНДАЙ?

маликҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Жазушылар, Сәулетшілер одақтарының мүшесі

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫМЕН  әңгіме

                  -Сәке, сәулетші еңбегі қалалардың келбетінен байқалады… Бүгінгі Түркістанның келбеті ертең қазіргіден де жақсырақ болады деген сенім көңілімізе нық орныққандай күй кеше бастадық. Әңгіме «Түркістанның жаңа орталығы» жобасы туралы болып отырғанын түсінген щығарсыз…

Ия. Қазір бүгінгі, ертеңгі Түркістан туралы сөз қозғайтын кез келіп тұр. Cәулетші Саматбек Тәженұлы Бөкебай Түркістан қаласының жаңа жобасын жасады. Мықты сәулетші. Ол кісімен пікірлес, қызметтес болғаныма он жылдан асты. Ол  Түркістан қаласының тумасы.

Түркістан бірнеше мәрте еліміздің астанасы болған. Халқымыз іргетасынан бастап өз қолымен тұрғызған қала. Елімізде Түркістандай мәртебелі шахар өте аз, тіпті жоқ деп айтуға болады.

Түркістан – қазақ халқының рухани орталығы!

Түркістан – тек қана қазақтардың емес, бүкіл түркі жұртының рухани орталығы!

Саматбек мырза өзі туып-өскен қаласы үшін бұрын да біраз еңбек еткен, біраз  көмек көрсеткен жігіт. Өзі оқыған Мәншүк Маметова атындағы мектепке Мәншүк батырдың қола мүсінін құйдырып, орнатып берген. Сол мектептің Мәншүк тойын өткізуіне өнерімен де, қаражатымен де үлес қосқан. Ол «Түркістан қаласының орталығы» атты жобаға да ерекше перзенттік жүрекпен атсалысуда.

Әлемдік жаратылыс пен Еуразия кеңістігінде Қазақ байтағы зор маңызға ие. Түркістан қаласының әлемдік мәдениеттегі, руханият кеңістігіндегі орны да ерекше.

Еліміз егеменді ел атанғалы Түркістан атауының (түркі елі) деңгейі биіктеп, аумағы кеңи түсті.

Түркістан атты ұлы ұғым мен қасиеті сан ғасырлар бойы өз бойында сақтап келген шахардың мәртебесі мен сәні,  жылдан жылға асқақтай түсуде.

Түркістан қаласының орталық алаңдары  рухани астанамыздың түркі елдерінің  орталығына айналатынына сенім ұялатады. Сол сұранысқа жауап береді. Кейбір шағын қалаларға «мынау қажет пе», «анау артық емес пе» деген сұрақтар туындап жатады. Ал бұл жерде ондай әңгіме болуы мүмкін емес.

-Осы жоба іске асқан жағдайда Түркістанның орталығы қандай болады? Жобаны дайындаған кезде оған  қандай ойларды жинақтадыңыздар?

Бұл жоба іске аса қалған жағдайда Түркістан қаласының орталығы бір-бірімен тығыз байланысып жатқан үш алаңнан тұрады.

Біріншісі — Әзірет Сұлтан алаңы. Екіншісі – Түркістан алаңы. Үшіншісі – Жібек жолы алаңы.

Түркістан қаласының үш алаңнан тұратын орталығы – оның егеменді еліміздің арман-тілегіне сәйкес қайта жаңғыруының алғашқы құтты қадамдарының бірі болмақшы.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат ету кезінде осы алаңдарды аралауға деген ынтызарлық туындайды. Тәуке хан даңғылының 700 метрдейі жер асты жолына (туннел) айналдырылады. Жер асты жолының бойында (Әзірет Сұлтан және Түркістан алаңдарының тұсында) жеткілікті мөлшерде автотұрақтар жасау жобалануда.

Бірінші алаң — Әзірет Сұлтан (Қожа Ахмет Яссауи) алаңы. Бұл алаң талай ғасырлар бойы тарихи маңызы ұлан-ғайыр  оқиғалардың куәсі. Сондықтан алаң халықтың құрметіне бөленді. Қасиетті жерге айналды. Қашаннан бері қазақтың жақсылары мен жайсаңдары кең байтақ еліміздің  алыс түкпірлерінен арнайы келетін. Қасиетті алаңның топырағын басатын. Ұлы Ұстаз әруағына бас иетін. Бұл арманының орындалғанына масаттанатын, шүкіршілік жасайтын. Басты шаруаларының бірін тындырғандай сезімге бөленетін. Қожа Ахмет Ясауи бабасының зиратының басында тұрып, Алла тағалаға тілегін айтатын. Оның орындалатынына сенімді болатын. «Мединада — Мұхаммед, Түркістанда — Қожа Ахмет» деген сөз осыдан қалған. Түркістанды Мединадай құрметтейтін. Қожа Ахметті айрықша ардақтайтын. Халқымыздың қасиетті қазақ топырағына, сол топырақтан жаралған  ұлы перзентіне деген құрметі еді бұл.

Бәлкім бұл құрмет емес, ұлы сенім  шығар. Қазақ халқы қиыр шетте жатқан Меккедегі қағбаға тәу етуге аяғы жетпеген кезде Түркістанға жетіп, Алласына жалынатын. Қожа Ахмет Ясауи аруағына бас иіп, көңілін жайлайтын.

Түркі жұрты өздерінің алғашқы құрған ұлы мемлекетін Түркі қағанаты деп атауы, ең ежелгі қаласын Түркістан деп атауы да  сөзіміздің дәлелі секілді.

Түркістан қаласының даңқы — өз топырағынан жаралған Қожа Ахмет Ясауи есімімен бұрынғыдан да асқақтай түсті.

Орыс халқы «Кеңес үкіметі» деп, жаңа мемлекетін орнатып жатқанда, солармен жарыстыра Мұстафа Шоқай да Түркістан Республикасын жария етті. Түркі  халықтарының жеке ел болуын большевиктер қаламады. Олар күшпен Түркістан Республикасын таратты. Бірақ Түркістан қаласы халық жүрегінде қала берді.  Өзінің рухани міндетін бұрынғыдай атқара берді.

Бірнеше рет ата-бабамыз Түркістанға астаналық дәреже берді. Халқымыз Түркістанды қара шаңырағымыз деп мойындады. Қасиетті Түркістан қаласы халықтың сенімін мыңдаған жылдар бойы сақтап қалды.

Бұл жер қазақ мемлекетінің астанасы ғана емес, бұл жер қазақ халқының рухани ордасы да еді. Түркістан — әлемдерді бір-біріне жалғастырып, халықтарды араластырды, бір-біріне туыс етті.  Адамдарды ұлтына, дініне қарамай бір-біріне қажет екенін дәлелдеп берген  Ұлы Жібек Жолының ең көрнекті, ең қажетті нүктесі болды.

Түркістан өлкесі түркі елдерінің Отаны атанды. Ал Түркістан қаласы Ясауи бабамыздың Отаны еді.

Қожа Ахмет Ясауи: «Сүйікті пайғамбарымыздан ұзақ өмір сүрмеймін» — деп, 63 жасында өз еркімен жер астына түсіп, қалған ғұмырын жер астында өткізді. Ол бүкіл әлемге осы қылығымен пенденің бір Аллаға деген сенімі мен табынуынан, тататын рахатынан байлық пен тіршілік қызығының, бақ пен тақ мәртебесінің төмен дәрежеде екенін дәлелдеп берді.

Ясауи – қазақ халқының мейірім мен ізгілік қасиетін бойына сіңіріп өскен перзенті еді. Сол қылығымен қазақ халқының болмысын әлемге танытты. Бабасының «хикмет» атты өсиетіне риза болған қазақ халқы да Түркістан қасиеті мен баба әруағына сенуден жалыққан емес.

Мыңдаған жылдар бойы бұл жер ел жүрегіне сенім ұялатумен келеді. Саналы тіршілікте сенімнен күшті  ештеңе жоқ.

Бұл қысқа тірліктегі ізгілік пен қайырым, пенделердің ертеңге деген сенімі, күнделікті істеріне деген бағыты, барлығы да тек қана Сенім атты ғажап сезім арқылы жүрекке орнайтын қасиет. Сол арқылы қазақ халқы бодандық бұғауынан құтылды, егемен ел атанады. Сол қасиеттер – тек қана қазақ даласын емес, адамзат қауымын көркемдеумен келеді. Қазақстан Республикасының әлемдік ұлы мемлекеттермен терезесін теңестіруі, Астана қаласының бүкіләлемдік күрделі мселелердің шешімін іздейтін орталыққа айналуы сол қасиеттерді ұстануында.

Нұрсұлтан Әбішұлы мен Қазақстан Республикасының әлемдік беделі соған куә.

Жаңа «Түркістан қаласының орталығы» жобасында осындай ойлар жинақталған.

         -Саяхатшыларды жаңа алаңдармен таныстырудың  жөн-жобасы қалай болады сонда?

-Түркістан алаңдарымен танысу Әзірет Сұлтан алаңынан басталады. Қонақтар таситын автобустарға, жеңіл көліктерге жеткілікті жер үсті, жер асты аялдамалары (паркинг) қарастырылған.

Осы аялдамалардан адамдар Әзірет Сұлтан алаңына өтеді. Бұл қасиетті алаңдағы қасиетті орындарға арнайы жасалған бағдарлама бойынша тәу ету аяқталған соң қонақтар екінші және үшінші алаңдармен танысуға өтеді.

Екінші алаң – Түркістан алаңы.

Бұл алаң қала халқының, қала қонақтарының дем алатын, жиын өткізетін, ұрпақтарына рухани тәрбие беретін орны болмақ.

Алаңда ел қасиетті құранға қойылған ескерткішті, гранит тастарға қашалып жазылған құран сүрелері мен пайғамбар хадистерін оқи алады. «Түркістан» монументіне жетеді. Монумент жарты шеңбер түрінде қоршалған. Ондағы қабырға бетіне орнатылған барельефтерден ел тарихы, қасиетті орындары туралы мәліметтер аласыз.

Алаңның ең көрнекті жерлерінің бірі – «қазақ жылнамасы» атты су бұрқағы. Бұрқақ жағасында тышқаннан басталатын, қазақ жыл санау үрдісінде аты аталатын жануарлар бейнесі бар. Бір тақтаға жылдар тізбегі орнатылады.

Аңқаулығынан бұл тізімге қазақтың төл малы түйе жарықтық іліне алмай қалған. Осы он екі жануардан әріректе жылнамаға ілінген жануарларға таң қала қарап  түйе тұр.

Қазақтың қасиет тұтқан түйе малының төбесіне шығып алып «Жаңа жыл» деп жар салып отырған тышқан бейнесі қазақ ертегілерінен алынған көрініс. Бұл көріністің көрермендерге күлкі сыйлайтыны сөзсіз. Бұл тек қана аңыз үшін, не күлкі үшін алынған жоқ, бұл – өмір пәлсапасы.

Үшінші алаң – «Жібек Жолы» алаңы.

Бұл алаңда жібек жолы  заманы осы заманмен ұштасып жатады. Түркістан қаласының сол замандағы шеберханалары мен осы замандағы қонақ үйлері, шеберлер ауылы орналасады.

Шеберлер ауылында қазақ қолөнерінің қас шеберлеріне арнап арнайы аулалар салынады. Бұл аулада олардың тұратын үйі, шеберханасы, дайындаған бұйымдарын сататын дүкендері орналастырылады.

Ұлттық асханада қонақтар қазақ халқының сүттен, еттен, дәннен дайындалатын ежелгі ұлттық тағамдарынан дәм татады.

Бұл асхананың бір ерекшелігі  асхана теледидары үш  жерден қазақтың  ұлттық  тамақтары қалай дайындалатынын көрсетіп тұрады.

1-2 қабатты үйлер  орта ғасырдағы сәулет өнерін еске түсіреді.

Жастар сарайы, өнер мектебі секілді ғимараттар  қазақ сәулет өнерінің ежелгілігін еске түсіреді. Сол өнердің кешегі Жібек Жолы заманынан бүгінгі күнге   дейінгісін жалғастырып жатқан дәстүрлерін түсіндіре алатын көрнекті шешімдермен безендіріледі.

Қара жерді қасиетті әулие мекенге айналдыратын да, елін әлемге танытатын да сол елдің, сол жердің топырағынан нәр алған, Алла Тағаланың рахымы түскен пенделері.

Түркістан қаласына сіңірген осындай еңбектерімен қазақ халқы, түркістандықтар қасиетті шахардың қадірін асқақтата түспек.

         -«Түркістан қаласының орталығын» жасауға Сіздің ойыңызша кімдер қатысуы қажет?

Бұл шаруа тек қана мемлекеттің шаруасы  емес, тек қана қазақстандықтардың тындырар ісі емес. Ол бүкіл түркі жұртының демеушілігімен іске асатын шаруа деп ойлаймын. Солай болғанда ол Түркістанның атын асқақтата, бүкіл түркі әлемін жақындастыра түседі.

— Жоба жұртшылықтың назарына ұсынылды ма?

Ақпан айында жобаның алғашқы нұсқаларын қала әкімшілігі қала жұртшылығына жария еткен еді. Қуанарлық бір жағдай, осы алғашқы көрсетілім кезінде түркістандықтар бір миллиард теңге шамасындағы жұмыстарды өз қаражаттарымен салатын болып, таратып алыпты.

— Сонда жобаны іске асыруға қанша қаражат жұмсалады?

Қазірге мұны кесіп айту қиын. Жобалап айту үшін қала әкімшілігі жобадағы  нысандарды  бекітеді, содан кейін құрылыс сметасын есептеу басталады, құрылыстың бағасы сол кезде анықталады.

осы сұхбатты түрік, тағы басқа  тілдерге аударып, түркі тілдес мемлекеттерге жіберсек қой шіркін! Түркі тілдес ағайындарымыз бұл жобаның кейбір нысандарын тұрғызып беретініне сенемін. Түркістан – тек қана қазақтардың емес, бүкіл түркі жұртының рухани орталығы!

Сұхбатыңызға рахмет!

                                                           Әңгімелескен-

                                                     Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

                                            Қазақстанның құрметті журналисі,        

                                            педагогика ғылымдарының кандидаты,

                                            доцент.