Қазіргі қазақ қоғамы мен қазақ зиялыларының тарихи, саяси-әлеуметтік көзқарастарында «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің, сол арқылы қазіргі Қазақстанның тәуелсіздігінің ұлы ұстанымының арасындағы күретамырлы байланысты нақты анықтап, мәнін ашып берудің орнына, мәселені барынша жалпылама жайдақтатып, бұрын да, қазір де қазақ мемлекетінің территориялық, идеялық, рухани тұтастығына нұқсан келтіретін пікірлерді бұлдыратып түсіндіру ағымы орын алып отыр, өкінішке қарай.
Ұлттық саяси күрес жолы өте күрделі әрі тура сол қас-қағым сәттегі тарихи, саяси оқиғаға байланысты шұғыл өзгерістер мен ұстанымды, іс-қимылды өзгертіп отыруды қажет етеді, яғни, тәуелсіздік туралы ұлы идеядан – оны жүзеге асыруға тікелей кепілдік беретін мемлекеттік идеологияға көшуге мәжбүр ететін қатаң да қасаң қағидалар алға саяси міндет етіп қойылады. Бұл – заңдылық. Сондықтан да идея мен мемлекеттік идеология туралы, соның ішінде нақты тарихи кезеңдердегі қозғалыстар мен ұстанымдар туралы пікір қозғағанда, оның жалпы ұлы нысанасына ғана емес, тарихи астары мен себеп-салдарына, беретін немесе берген нәтижесіне, күрес жолының саяси тактикасы мен стратегиясына назар салу керек.
Жалпы аңсарлы идеямен ешқандай саяси күрес пен қоғамдық төңкеріс, ұлттық тәуелсіздік жүзеге аспайды. Соның ішінде, ұлттық күрес тұсындағы мемлекеттік, үкіметтік, партиялық идеология – сол ұлы мақсатқа жеткізетін баспалдақ, ұлтты шұғыл жұмылдыру жолындағы саяси-мемлекеттік шара.
Әр партия мен әр қайраткер өзінің ұстанған бағыты үшін ұлт алдында жауапкер. Өйткені олардың әр қайсысы өзінің соңына ерген халықтың тағдыр тауқыметін мойнына алады. Соңғы ширек ғасырдағы қазақ қоғамындағы қоғамдық ой мен саяси көзқарастың дамуы және қалыптасу ырқына қарап отырып, ұлтымыздың тарихындағы алыс болашақты аңсаған ұлы идея мен шұғыл ұйымдастыру құралы, мемлекеттік ұстынның діңгегі – мемлекеттік идеологиядан туындаған шаралардың арасын ажыратпай, саяси аңсар ауанындағы әуенді ой-санамыздың әлдиіне айналдырып алған сияқты көрінеді.
Қоғамдық ғылыммен айналысатын зиялылар қауымының бір парасы, сол арқылы солардың пікіріне бейімді қоғам мүшелері жігі ажыратылмаған термин ретінде қарастырып жүрген бұл мәселе, әсіресе, өз ұлтымыздың саяси, рухани таным тамырын тану барысында түсініспестікке, көзқарас алшақтығына жетелеп барады. Ал мұның түбі қазақ қоғамы мүшелерінің арасына сызат түсіретіні анық. Ашығын айтайық, түпкі тамырымызды тартатын ұлы түрікшілдік идеясы мен алаш идеясының, түрік дүниесінің ортақ мүдделері мен алаш мүддесінің, «милли түркістандық» мемлекеттік қозғалыс пен Алаш қозғалысының, кешегі Түркістан жұмхұрияты мен «Алашорда» үкіметінің, сол арқылы бүгінгі Қазақстан республикасының тәуелсіз мемлекет құру жолындағы стратегиясы мен тактикасын, қазіргі жаһандық қозғалыстың бір бағытына айналуға ұмтылып отырған «түрік дүниясы» идеясымен тамырласатын халықаралық ұстанымын – ұлттық мемелекетіміздің саяси мүддесі тұрғысынан бағамдау барысында кәдімгідей екіұшты көңіл ауанына қалдырып отырғаны анық байқалады.
Кейінгі жылдары саяси элитаның «түрік дүниясы» қозғалысынан, яғни, «милли Түркістан» идеясынан Түрікменстан мен Өзбекстанның ішінар бас тартуының, Әзірбайжан мен Қырғызстанның, Қазақстанның бұл қозғалысты тек мәдени-рухани тамыр тұрғысынан қуаттап отыруының себебі де сонда. Ал қазақ қоғамдық ғылымдар өкілі мен зиялылары қауымы арасындағы «милли Түркістан» мен алаш идеясы, «Түркістан жұмхұрияты» мен «Алашорда үкіметі» арасындағы жікті ажыратпай, жаппай жаба тоқуға ұмтылу, бұл белгілі бір дәрежеде қазақ қоғамдық ой-пікірінің анық та қанық дамуына екіұшты түсініспестік әкеледі. Сондықтан да тектік, ұлттық сана болмысының даму жолындағы, саясат тілімен айтсақ, стратегия мен тактиканы, ұлы аңсар мен мақсатты, мақсат пен міндетті кезеңіне орайластыра бағалап, кешегімізді талдап, бүгінімізді саралап, ертеңімізді ескере отырып ортақ көзқарас қалыптастыруымыз қажет.
Мәселеге тура көшпей, осыншама орағытуымыздың түпкі түйткілі де бұл бағыттың қазіргі қазақ қоғамында сызаты біліне бастаған екі ағымның тарихи, саяси, тұлғалық көзқарасымызға сыналай ене бастауында, сол сынаны жарықшақ түсіруінен сақтандыру мақсатын көздегендікте жатыр. Неге ресейлік, өзбекстандық қайраткерлер мен академиялық дәрежелі ғалымдары қазақ мемлекеттігінің дербестігін мойындамай, оңтүстік бес облысты Өзбекстанның, солтүстік бес облысты Ресейдің «заңды территориясы» деп жариялап отыр. Орта Азия тарихымен шұғылданатын осы екі мемлекеттің ресми ғылыми мекемелерінің ғалымдары неге «Алтын орданың» тікелей мұрагері ретінде өздерін жариялап, осыған дейінгі бес жыл мерзімде ғылыми талқы есебінде, ал соңғы екі жылда халықаралық ғылыми конференцияларда ресми ғылыми тұжырым ретінде ұсынып жүр. Өткен жылдың аяғында Пекин қаласында өткен ғылыми конференцияда Ресей ғалымдарының сол пікіріне сүйенген қытай профессоры ортаазиялық бес мемлекетті «Россияның анклавы» деп түсінік бере талдауы кездейсоқ сөз емес.
Оған суыртпақтың ұшын ұстатып отырған – әу басында өзіміз ерік берген, ал тәуелсіздік жылдарында жігін ажыратпаған түсініктеріміз. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуы туралы мемлекеттік мәулет жарияланғаннан кейін бұл мәселе тораптық ақпарат жүйелерінде ашық сахнаға шығып, бейберекет дақпыртқа ұласты. Біздің зиялылар мен ғалымдар оған немкеттілік танытып отыр. Түбінде бұл берекеге әкелмейтін әрекет. Ең бастысы, қазақ қоғамына сызат түсіреді. Мен мұндай сызат пікірлердің саңлауын бітеу үшін екі-ақ мәселені қаперге ілгім келеді.
Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай жарияланған мәулет – мемлекеттік мысымызды танытатын ұлы мүмкіндік. Мұқым көшпелілер әлемі кеңістігі мен көшпелілер өркениетінің мысы мен бәсі екшелетін тұс. Біздің мемлекеттігіміздің бары мен жоғы, тіпті нақтырақ айтсам, мемлекетіміз болды ма, жоқ па, соны асқақтата көтеріп, көршілеріміздің де рухы іштен тынып, өзіміздің рухымыз өзгенің мысын иығынан басатын деңгейге көтерілетін шақ осы. Біз бүгін қазақ мемлекеттінің айбыны мен тарихын қалай ұлықтай аламыз, ұлтымыздың бүгіні ғана емес, ертеңі де соған тікелей байланысты. Бұл салтанаттың – Ұлы Тұранның, Көк түрік қағанатының, Озан оғыздың, тым берісі – Алтын Орданың империялық өктем айбыны аспан астын жаңғыртып, Қалқа мен Куликово шайқасының жаңғырығын таптап, өшіріп тастауы тиіс.
Бұл шарада кешегі ұлы даланы күңіренткен, Кир мен Дарийды, Ескендір мен Зұлқарнайды тітіркендірген, Еуропаға «Құдайдың қамшысын» сермеген – Ишбақай, Ширақ, Тұмар, Сыпайтай, Төныкөк, Күлтегін, Сүбедей, Кетбұға, «Ел қамын жеген Едігенің» дауысы жер ортасы – Ұлытаудың биігінен жер-көкті жаңғыртып, атой салып тұруы қажет. Сонда қазақ мемелекеті, қазақ хандығы – Ұлы Киев Русынан бөлінген – Ресей, Византиядан бөлінген – грек, рим сияқты «Алтын Орданың заңды бір тұтқасы», «Алтын Орданның» сақталып қалған бүгінгі бірден-бір тәуелсіз мемлекеті ретінде көрінуі тиіс!
Сонда мақсатқа да жетеміз. Айбынымыз бен мысымыз да асқақтайды. Ешкім басынбайды. Ұран: Біз «Ел қамын жеген Едіге» деп ұрандап бас қосқан, Алтын Орданың жығылған туын қайта көтеріп, Көк Орданы – қазақ ордасын құрған мемлекетпіз! – деген рухта өтуі керек.
Осындай айбыны асқақ кең кеңістікке құлаш ұрған мысы басым салтанатты атой ғана – көшпелілер мен қазақ мемлекеттігінің мысын киелендіреді. Ал, ұсақ-түйекпен, кәкір-шүкірмен, күңкіл-шүңкілмен өткізсек, қазақ рухын жат пиғылдың алдында тағы да бір тізелеткеніміз болып табылады. Өйтіп, тулақша тартқылап пұшпақтағанша жаттың табасына қалып, ызамыз ішімізде қалған күйі – атамай өткеніміз жақсы. Менің ұстанымым – осы!
Ал екінші түйткіл, ол: қазақ мемлекеттігінің ұлттық тұғыры және «милли Түркістан», түркі бірлігі идеясының ажыратылмаған жігі бұлдыратқан «Үлкен Түркістан жұмхұрияты» мен алаш қозғалысы, «Алашорда» үкіметі, сол арқылы саяси қайраткерлердің ұстанымы мен оған берілген бағалар туралы қарама-қайшы көзқарастар. Бұл ұғымдар орнықты тұжырымдалмаса, орынды-орынсыз қыжыртпадан айықпаймыз.
Түркі бірлігі идеясы мен «Түркістан жұмхұрияты», сондай-ақ «Түркістан жұмхұрияты» мен «Алашорда үкіметі» мәселесі – бір мәселе емес. «Түркі бірлігі» қозғалысы – ұлы аңсар, яғни, идея. Ол көк түрк қағанаты тұсында тарих сахнасына шықты да, кейін ысырылып қалды. ХІХ ғасырда бүкіл ислам әлемі мен Түркиядан басқа түркі халықтары бодандықтың бұғауына түсіп, жаһандық империялық бөлісуге түскен кезеңде пайда болған, отарланудан құтылу жолында ұлы империяларға қарсы ұлы бірлестік құрудан туған, діни, нәсілдік, тектік азаттықты аңсаған жаһандық жадидтік идея. Соның нәтижесінде жалпы ислами саяси ағымның бір тармағы ретінде «түрік бірлігі» аңсары дүниеге келді. ХХ ғасырдың басында алаш ұлттық идеясы ұлттық күрес жолына ұласты. Ол туралы С.Асфендияров: «Алаш идеясының оянуына әсер еткен – жәдидтік бағыт пен күрес»,– деп ашық жазды. Бір-бірімен тамырлас бұл үш идея – аңсар, яғни, саяси жаһандық стратегия.
ХХ ғасырда жәдидтік қозғалыстың нәтижесінде Түркия демократиялық мемлекет атанды. Міне, осы арада «түрік бірлігін» ту еткен Әнуар паша – стратегиялық, Түркия мемлекетінің азаттығын алдыңғы қатарға қойған Ататүрік – тактикалық күрес жолын таңдады. Ататүрік тура сол тарихи аласапыран тұста барлық саяси-экономикалық, идеологиялық күшті Түркия мемлекетінің ғана азаттығы үшін анталап келген АНТАНТА-дан аман сақтап қалды. Сондықтан да жүзеге асырылуы мүмкін емес аңсардың ауанымен әскери күшін ислам әлемі мен мұқым түркі ұлттарын азат ету үшін шашыратып жіберуге ұмтылған «Иттихад уә тарахият» қозғалысының көсемі Әнуар пашадан билік тізгінін тартып алды, өзін саяси қуғынға ұшыратты. Бұл – Ататүрік тарапынан жасалған өте дұрыс тактикалық күрес. Өйткені Түркия мемлекеті бодандыққа түссе, онда «түрік бірлігі» аңсары өз-өзінен жоққа айналатын. Түркия мемлекеті сексенінші жылға дейін сол бағытты ұстап, түрік мемлекетін нығайтты. «Түрік бірлігі» идеясының өтеуі ретінде «Түрік дүниясы» мәдени қоғамдық ұйымы боп тоқсаныншы жылдары сахнаға шықты. Ататүріктің: «Түрік бірлігі» аңсарын сақтай отырып, оны келешектің үлесіне қалдырып, Башқұртстан тәуелсіз мемлекетін, Солтүстік алаш мемлекетін, Алаш үкіметін құруды тактикалық күрес ретінде жүргізген Заки Уәлиди мен Әлихан Бөкейхановтың «жұмхұрият жолын» қолдап, Заки Уәлидиге саяси баспана беруінің, ал Әнуар пашаның аңсарының ықпалындағы Мұстафа Шоқайдың «түрікшіл Түркиядан» қолдау таппауының және Заки Уәлиди екеуінің арасындағы қайшылықтың орын алуының себебі де сондықтан.
Әр ұлт өзінің саяси қуатымен азаттыққа жетуі тиіс. Ә.Бөкейханов айтқандай «алаш жұрты қашан өркениетті дамыған ел деңгейіне жеткенде» ұлы аңсар үшін бет бұруға болады. Шындығын айтқанда, ондай утопиялық «милли Түркістан жұмхұриятын құру» мүмкіндігі бүгін де толық жүзеге аспайтын, алыс келер күндерге жолданған аманатты аңсар ғана. Сондықтан да «Алаш» идеясы мен «Алашорда үкіметінің» ұстанған тактикалық саяси ұстанымы қазақ мемлекеттігінің тәуелсіздігі жолындағы бірден бір дұрыс жол. Ол идея – Қазақстанның бүгінгі тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси ұстанымымен толық үйлесім табады. Ендеше, «милли Түркістан жұмхұрияты» мен «Түркістан компартиясы жетекшілік ететін Түркістан кеңес үкіметін» құру идеясы жиырмасыншы ғасырдың басындағы саяси утопия. Ондай аңсарды жүзеге асыруға бұрынғы Ресей де, кейінгі кеңестік Ресей де, Түркия жұмхұрияты да, мұқым Еуропа бірлестігі де, сол кездегі «үлкен Азия» империясының иелігіне ұмтылған Жапония да жол бермейтін. Одан көрі «әр ұлттың өзінше дамуына мүмкіндік жасалуы» тиіс деген ұранды ұстанып, ұлттық, яғни, Алашорда үкіметін құру – өте оңтайлы күрес жолы болатын.
Ашығын айтайын, егерде мұқым түркі нәсілдес саясаткерлер «милли Түркістан жұмхұриятын» құруға ұмтылғанда, онда осы күнгі Түркия бастаған барлық түркі мемлекеттері бодандықтың қамытын бір-бір киіп шығары анық еді. Шанаққаладағы ғазилердің қасиетті шайқасы оған тосқауыл қойды. Бұған Орта Азияға жүз мың түрік әскерін әкелемін деп жар салып, ең соңында жеке басын сауғалап, Ферғананың қолтығында қаза тапқан Әнуар пашаның, шетел асып кеткен Мұстафа Шоқайдың тағдыры куә. Өздері сыртты баспаналап жүріп, қай Түкістанды басқарар еді. Түркиядағы бүгінгі саяси қайшылықтардың түп тамырында жоғарыдағы үш саяси ағымның салқыны бар. Ал қандай билік формасы болмасын, мемлекеттікті – алаш автономиясын сақтап қалған тактикалық күрес жолы өзін-өзі ақтап шықты. Дүниені асты-үстіне төңкеріп түсірген болшевиктік «ұлы күш» – Лениннің «революциялық төңкеріс жолындағы күрестің стратегиясы мен тактикасы» туралы еңбегіндегі және ІІІ интернационал конгресіндегі «социализм әуелі бір мемлекетте жеңіске жетуі тиіс» деген әйгілі қағидасы. Ал саяси күрестердің мақсаты мен түрі басқа болғанымен, олар шапанның қабы мен астары сияқты қабысып жатқан құбылыс.
Өкінішке қарай, «Алашорда» мен Әлихан Бөкейхановты «милли Түркістан жұмхұриятының» дұшпаны етіп көрсетуге тырысып: қазақ өзін өзі билей алмайды, оларды ру арқылы таластырып, тәуелсіздігін әлсіретіп, қайтадан Ресейге тәуелді ету керек – деген өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы Кеңестік одақты жақтаушылар жасаған әскери-саяси доктринаның шылауына оралып жүргендер бар. Бұл доктринаның басты ұстанымы – мемлекетке ұлтсыздық идеясын сіңіру болатын. Ал оған бірден бір қарсы қуатты құрал – 1905 жылы жазылған Сәлімгерей Жантөриннің «Автономия» атты еңбегінен басталған, аса ықтияттылықпен саяси күрес нәтижесінде жасалған, сөйтіп, 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылу арқылы нақты мемлекеттік идеяның негізін қалаған біртұтас алаш идеясы. Онда алаш қайраткерлерінің барлығының демі мен аңсары бар, ал ол идеяның ұйытқысы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев дәл тауып айтқанындай, қазақ қоғамының Сун Ят Сені мен Махатма Гандиі – Әлихан Бөкейханов болатын.
Мен бұл арада «милли Түркістан жұмхұрияты» туралы тарихи шындықтарды қазбалап жатпаймын, өзіме жақын, өзім қырық жыл бойы зерттеген ұлттық идея – Алаш идеясы және Бөкейханов деген мәселеге ғана қысқаша тоқталып өтемін.
Сіздерге жақсы таныс, 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпылқазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделді.
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».
Яғни, бұл ұстаным: Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген – деген тұжырымға саяды.
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Яғни, бұл – өз жерінің игілігін – әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат – деген емеурінді танытады.
Абай данышпанның:
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, –
дегеніндегі «ырық» – осы ырық.
Жердің астына, үстіне, аспанына иелік ете алмасаң – ырықтың кеткені сол емес пе?!.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Тағы да сол Абай:
«Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек», – дегендегі бірлік – осы экономикалық бірлік.
Ал біздегі сатылмайтын құндылық – тек «жалданып тірлік құру» ғана болып қалды.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім, –
деп Сара ақынның сал Біржанға қарата айтқанындай, бұл үш мәселеге келгенде, біздің де үніміз шықпайды.
Егер қоғамның дамуы осы бетімен кете берсе, күні ертең біз «Құранды» да орыс тілінде оқитын боламыз.
Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
Яғни, тағы да сол Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек: «тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар (заң) жасалады».
1990 жылғы «Қазақстанның суверенитеті» туралы мәлімдемеде қамтылған осы бес түрлі ұлттық ұстаным бұтақтала келіп, 2002 жылғы жерді сату туралы заң жобасынан кейін қазақ мемлекеті ұлттық идеядан толық арылып, беймарал мемлекеттің құрылымына көшті. Соншама азап шеге жүріп аңсаған тәуелсіздік идеясынан нағып соншама тез жеріндік? Ал «Жапония сияқты ғылымға сүйенген ұлттық-демократиялық мемлекет құру керек» – деген ұстаным үшін анық емес деректерге сүйенсек, 60 мыңдай адам «жапон шпионы» ретінде ату жазасына кесіліпті.
Жоғарыда айтылған ұстанымдарды таратып жатпайын. Ол ұзақ әңгіме. Саясат, экономика, қоғамдық даму дегенді былай қойғанда, біз өзіміздің тәуелсіз рухани тәрбиемізді қадірлей алмадық.
1.Қазір дәстүрсіз ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл – үлкен рухани апат.
Тәуелсіз экономика мен тәуелсіз ғылым жоқ. Ал тәуелсіз ғылымсыз – тәуелсіздік те, зиялы да, болашақ та жоқ. Тағы да сол «сорлы» Абай:
«… малды сарып қылып ғылым табу керек. Ғылымсыз – ахирет те жоқ, дүние де – жоқ. Ғылымсыз – оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық, ешбір ғибадат орнына келмейді», – дейді.
Біз сол ғылымды «малдың», яғни, бизнестің құрбандығына шалып отырмыз.
Ұлттық ұйытқының, мектептің, соның ішінде бастауыш мектептің ұлттық мәйегі ұйымаған. Ботаника пәнінен – Қазақстанның шөптерінің түрі мен атауларын, зоологиядан – Қазақстанның жан-жануар мен хайуанаттар дүниесін, жағырапиядан – жер мен су атауларын, жер қыртысының аттарын, астрономиядан – «он сегіз мың ғаламның» қазақша атауларын, тарихтан, өзгені былай қойғанда, қазақ хандығының құрылған жылы туралы нақты мәліметті таба алмайсыз (Тарихшылар енді ғана бір тоқтамға келген сыңайлы).
«Саудасы – ар мен иманы» – деп Абай айтқандай, дін – саясат пен бизнестің құралына айналды. Ұлттың өз дінін өзіне жиіркенішті көрсету ұстанымы жүргізіліп отыр (Дін туралы қабылданбай қалған ескі заң жобасы мен жаңа заңның сұлбасы солай деуге негіз қалайды).
Мемлекеттік Тіл – мемлекеттік қолданымнан шеттетіліп отыр. Мысал керек пе? «Кітап шығарудың қажеті қанша. Оны кім оқиды. Электрондық нұсқа бар» – дейтін министрлер мен ректорлар пайда болды.
Мемлекет – өз ұлтынан ажырай бастады. Екеуінің ойы екі басқа. Енді олардың басы қайта біріге ме, жоқ па? Әй, қайдам.
Бұның барлығы нені танытады? Жоғарыда атап өткенімдей, біздің тәуелсіз мемлекетімізде қарама-қарсы бағыттағы екі ұлттық ағымның қалыптасқандығын анық аңғартады. Ашығын айтайын, мемлекет халықтан ажырап қалды. Қазір мемлекет пен халық басқа: «Мемлекет тек реттеп отыруы керек. Қалғанын базардың өзі реттейді», – деп өзеурегендер, енді бірер жылдан соң халықтан мүлдем қол үзіп, тағы да сол Ленин айтқандай, «халық бұрынғысынша өмір сүргісі келмейтін, ал биліктегілер бұрынғысынша басқара алмайтын жағдайға» душар болары анық. Былтыр ғана болуы мүмкін болжам, биыл, шындыққа қарай бетін бұрып отыр.
Міне, Әлихан Бөкейханов ұйытқан Алаш идеясының негізгі мәйектері осындай.
Қазір ерінбеген – алашшыл болып алды. Мәселе ұранда емес, соны ұлттың діліне сіңіруде. Кейде, маған Кеңес тұсындағы Балтық жағалауы, Өзбекстан, қазіргі Бельгия сияқты Үнсіз Азаматтық Мойынсұнбау қозғалысын үнемі санада ұстаған дұрыс сияқты да көрініп кетеді. Осы орайда Әлихан Бөкейхановтың саяси көзқарасына қатысты, оны «массонға», «шоқыншыға», еуропашылдыққа, «рушылға» теңеп жүрген саяси сауатсыздық пен азаматтық жәдігөйлікке сәл ғана түсінік бере кеткім келеді.
Бірінші уәж: Әлихан Бөкейхановтың массондық идеяға қатысы қандай?
Әлихан Бөкейханов – ұлттық саясаткер. Ұлт тәуелсіздігі жолында ықпалы тиетін барлық мүмкіндікті пайдалануға мәжбүр. Ал 1905 жылы ұлттық автономия, патшаны тақтан түсіру, конституциялық демократия орнату, бұратана ұлттарға – нәсіліне, дініне қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға ерік беру мәселесін кім көтерді? Кадет партиясы көтерді. Ендеше, «бұратана ұлттарға – нәсіліне, дініне қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға ерік беруді» мақсат етіп қойған саяси партияның құрамына Әлихан Бөкейханов неге кірмеуі тиіс? Конституциялық демократия партиясы өзінің күрес жолына: адамға адам – бауыр, дос, бірің – бәрің үшін, бәрің – бірің үшін, нәсілдік, ұлттық, діндік, әлеуметтік теңдік, азаматтық қоғам сияқты тура өзіміз ұрандатып өскен коммунизмнің принциптерін негіз етіп алды. Міне, сол мақсатқа жету үшін Әлихан Бөкейханов кадет партиясына өтті. Бұл мақсатқа жету жолында бауырлас түркі халықтарының ұлт зиялылары да топтасты.
Соның нәтижесінде Ресей мұсылмандарының бірінші құрылтайын ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Сол құрылтайда көтерілген жасыл тудың шылауымен 1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен І Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Әлібеков, К.Жәленов, Ғұбайдолла және Дәулет ишандар, У.Танашев пен Ш.Бекмұхамедов қатысты. Бұл құрылтай Ресей бодандығындағы мұсылмандарды ғана біріктіріп қойған жоқ, сонымен қатар тәуелсіз республика туралы мәселе ашық мінбеде көтерілген тұңғыш бас қосу болды.
Ал1 917 жылы Керенский:
«Түркістан мен дала облыстары Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерінің отарларына қалай қараса, біз де оларға (яғни, қазақтарға – Т.Ж.) солай қарауымыз керек»,– деп мәлімдеме жасағаннан кейін Ә.Бөкейханов ресми түрде кадет партиясынан шықты.
Өйткені бұл кезде қазақ арасында дербес партия құру мәселесі толық пісіп-жетілген еді. Ә.Бөкейханов өзінің бұл шешімін: кадет партиясының мақсаты – ұлттық автономия жариялауға қарсы болғандықтан да, Алаш идеясына сәйкес келмегендіктен де, оның құрамынан шығамын – деді.
Міне, бұл кез келген саясаткер ұстанатын күрес тәсілі. Осындайда Аятолла Хомейнидің өзінің күнделігіне: «Мен дінім үшін (ұлтым үшін деп түсініңіз – Т.Ж.) шайтанмен де жұмыс істеуге әзірмін» – деген сөзі еске түседі. Ә.Бөкейханов та алаштың азаттығына қол жеткізу үшін барлық саяси әдіс-тәсілден бас тартқан жоқ.
Сол үшін де азамат соғысы жылдары «Алашорда» үкіметі Құрылтай үкіметінің құрамына кірді. Ондағы мақсаттарын сұраған түрме тергеушісіне Х.Досмұхамедов:
«Құрылтайдың тапсыруымен Орал қазақтарының басқару құрылымын жасадым, ол еш өзгеріссіз құрылтайда бекітілді. Кейінгі демократиялық өзерістердің барысында ол жеке кітапша боп басылып шықты. Құрылтай: монархияға – демократия құлдығының символы, бір халықты екінші халыққа арандатудың ошағы ретінде баға берді. Егерде: барлық халықтардың өзін-өзі билеуіне ерік берілген жағдайда және барлық державалар қарусыздандырылса, онда құрылтай өкілдері ешқандай аннекциясыз, контрибуциясыз бейбіт келісім жасауды жақтайтынын мәлімдеді. Жалпыға ортақ ашық және жасырын дауыспен сайланған Құрылтай жиналысы – Россияның мелекеттік заңдық құрылымы ретінде танылды, өзінің санына байланысты әр ұлттың өкілі мемлекеттік мекемелерге қабылданатын болсын деп шешім шығарды»,– деп жауап берді.
Екінші уәж: Әлихан Бөкейхановқа қаратыла жиі айтылатын «шоқыншы», «еуропашыл», мұсылмандыққа қарсы деген пайымсыз байбаламға байланысты айтарымыз мынау. Кеңестік жетпіс жылда біздің діни танымымыз толықтай тоқырауға ұшырап, өзіміздің мұсылмандық тарихатымыздан айырылып қалдық. Бізге бұйырылған жол – имам Ағзамның жолы ғой. Бұл туралы Абайдың 17 түрлі тәпсірлі түсінігі бар. Ол Абайдың «Имамсыздық намазда қызылбастар салған жол» – деген түсінігімен тікелей байланысты. Қадыми діншілдердің кесірінен мұсылман әлемі жаратылыстану мен өнеркәсіптік ғылымнан мүлдем ажырап қалды. Қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжіктер әлі де өнеркәсіптік ғылымды жатырқап келеді. Соның нәтижесінде, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырда бүкіл мұсылман қауымы отарланып қалды. Соған қарсы мұсылман және түркі әлемінде жадидтік ағым мен саяси күрес басталды. С.Асфендияров: «Алаш идеясының оянуына әсер еткен – жәдидтік бағыт пен күрес»,– деген пікірін жоғарыда келтірдім. Ал Өзбекстан мен Түркменстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда 1927 жылға дейін созылған басмашылар соғысы – тек Кеңеске қарсы соғыс емес, ол қадым мен жәдидшілердің арасындағы азаматтық соғыс болатын. М.Тынышбаевтың Қоқан автономиясының премьер-министрлігінен бас тартуының өзі сол екі ағымның бітіспейтін майданының кесірі еді. Екіншіден, «милли Түркістан жұмхұриятының» емес, «Алашорда» үкіметінің күрес жолын таңдағандығы еді.
Үшінші уәж: 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы мына пікірді атап өткім келеді.
1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, – деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын.
Төртінші уәж: осы Түркістан идеясы деген не? Ол Қазақстанның тәуелсіздігіне кепілдік беретін идея ма, жоқ па? – деген сұраққа тарихшыларымыз тура жауап бермей, бетін бүркемелеп келеді. Сол идеяны өткізу үшін кейбір «тарихшылар» кешегі алаш ұранды азаматтарды қолдан жікке бөлді: олардың қателігі – Түркістан иедясын бөліспеді, ана тұлғаға, мына тұлғаға қарсы шықты – десті. Сонда, 1991 жылы тәуелсіздік жарияланғанда, оның тәуелсіздігін таныған елу төрт ел қандай мемлекетті, оның қандай шекарасын мойындады? Ол шекара қашан және қалай құрылды, олардың басында кім тұр еді? Таяу жылдары Қазақстанның мемлекеттік шекарасының бектіліп, автономиялы мемлекет болып жарияланғанына 100 жыл толады. «Одақтас республикалардың кез келген уақытта дербес мемлекет ретінде СССР-дің құрамынан бөлініп кетуіне құқы бар» – деген бапты кімдер Кеңестің конституциясына кіргізіп еді? Әрине, оның ішінде Украина мен Грузия өкілдері, «Алашорда» үкіметінің көсемдері, оның ішінде тікелей осы мәселемен айналысқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Х. және Ж.Досмұхамедовтер бар. Егер Түркістан идеясын қолдаса, онда солтүстіктегі бес облыс – Ресейге, оңтүстіктегі бес облыс – Өзбекстанға қалар еді. Ресей мен Өзбекстандағы саясаткерлер мен ғалымдардың меншіктеніп отырғандары да осы облыстар.
«Алашордашылардың» мақсаты – біртұтас қазақ мемлекетін құру. Бұған Х.Досмұхамедовтің түрмедегі тергеушіге берген мына жауабы дәйек бола алады. Онда:
«Қазақстан жағырапиялық жағынан біртұтас мемлекет ретінде басқарылуы тиіс. Барлық жоғарғы лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егерде Кеңес өкіметі саяси еркіндік жариялап, еркін партия құруға мүмкіндік берсе, оларға да осы талапты қою керек – дестік. Бұл бағдарламаға Тынышбаев екеуміз қандай үлес қоссақ, Жаһанша Досмұхамедов те сондай дәрежеде белсене қатысты.
«Ұйымның басты құрылымы екі жағдайды ескере отырып қарастырылды: бірінші, Кеңес өкіметі құлаған жағдайда, екінші Әнуар паша жеңілген жағдайда не істеу керектігі басты назарға алынды… Біз ол кезде сіздердің федерация туралы шешімдеріңізді білмейтін едік, ол кезде Түркістанды өзбек басшылары билеп-төстейтін, жобаны жасаған да солар болатын. Қазақтардың өзбектермен аралас тұратынына қарамастан, біз өзбектердің бұл ұсынысына мүлдем қарсы болдық. Өйткені біздің басты мақсатымыз – барлық қазақтың басын қосу болатын. Біз тіпті қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздері мекендеп отырған территориясымен қазақтың құрамына кіру керек – деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде еш нәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан да бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық», – деп атап көрсетті.
Міне, Бөкейхановтың да түпкі мақсаты осы еді.
Бесінші уәж: біз, «Алашорда» мен Ә.Бөкейханов туралы сөз еткенде саяси эмиграция мәселесіне баса көңіл бөліп, кейде жалаң жанашырлыққа дейін барып жүрміз. Алайда біз ұлттық идея үшін күрескен зиялылардың саяси эмиграция туралы:
««Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс. Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз»,– деген астыртын уағдаластығын олардың күрес жолындағы таңдауы ретінде сыйлауымыз керек.
Өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, егерде алаш зиялылары жаппай эмиграцияға кеткенде, онда 1920-1930 жылдар арасындағы ағарту және ғылым саласындағы еңбектер дүниеге келер ме еді? Ол еңбектер жазылмаса қазіргі қазақ тілінен бастап алгебра, геометрия, биология, физика, зоология, жағырафия терминдері қалай қалыптасар еді? Сонымен қатар, түпкі күрес мақсатына жете алмаса да, жоғарыдағы бес тұжырым үшін күрескен С.Сәдуақасов сияқты жас қайраткерлер қалыптасар ма еді, Қазақстандағы саяси ахуал мен саяси күрес қалай бет алар еді?
Міне, Алаш идеясы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың ұлттың толықтай бостандығы жолында ұстаған ұстанымының бір тарамы осындай. Менің ойымша, бұл идея – мәңгілік және қазақ ұлты өмір сүріп тұрған жағдайда күн тәртібінен түспейді деп.
Қазақ хандығы тарихы – қазақ хандарының тарихы емес, кешегі «Алтынорданың» тікелей мұрагері болып табылатын қазақ мелекеттігінің тарихы. «Түркі бірлігі» мен «милли Түркістан жұмхұриятының» аңсары санамызда, ал тәуелсіз мемлекетке жеткізген алаш идеясы – тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік ел идеясының түп қазығы, түпкі ұстанымы, териториялық кепілі. Аңсар мен ақиқаттың, идея мен идеологияның ұштасатын дәуірі келер күндердің сыбағасына тиесілі. Қазірше біз, қоғамдық пікірдің қос жарылмасы үшін «бір ел – біртұтас ұстаным» дегенді ілхам етіп ұстануымыз қажет. Әдібін жазбай, астарлы айтылған уәждің түпкі түйткілін көзі ашық қазақ оқырмандары ымсыз түсінетініне күмәнсіз сенемін.
Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, профессор
http://turkystan.kz/tarih/1891