Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ел экономикасының индустриалды-инновациялық даму мәселесіне үлкен мән беріп отыр. Ондағы мақсат — Қазақстанның шикізаттық экономикадан инновациялық экономикаға басымдық беру.
Бұл орайда, өңірлердің тынысына көз жүгіртсеңіз ілкімдің істердің бой көрсетіп келе жатқанын байқауға болады. Соның бір көрінісі ретінде ауылшаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамып келе жатқан Түркістан қаласында құрылған индустриалды аймағының инновациялық жобаларды жандандыруға қосар үлесі аз болмайтын көрінеді. Осы бағытта аталған өндіріс алаңының тиімділігі төңірегінде Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасағанбыз. Қала әкімінің орынбасары Т.Мұсаевтың айтуынша жалпы аумағы 40 гектарды құрайтын индустриалды аймаққа авто жол, темір жол, электр қуаты, су, сарқынды су жүйелері тартылған. Сонымен бірге, алдағы уақытта аймақтың сыйымдылығына қарай көлемін ұлғайту мәселесі де негізге алыныпты.
Жалпы өндірісін дамытып, оны тасымалдау мәселесіне келсек, тоғыз жолдың торабындағы Түркістанның мүмкіндігі мол. Жергілікті басшылықтың айтуынша «Алматы-Москва» теміржолы, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізі өтіп жатқан өңірдің логистикалық мүмкіндігіне қарай индустриалды аймақта орналасуға ниет білдіріп отырған инвесторлар көп көрінеді. Бірақ, солардың арасынан инновациялық жобаларға ерекше мән беріліп отыр екен.
Қазір мұнда жалпы саны 9 жобаға 20 гектардан астам жер бөлінген. Оның ішінде ион алмастыру смола өнімі, шыныпластикалық арматура, күн сәулесінен баламалы энергия өндіретін панель, соңғы технологиялық құралдармен жабдықталған жиһаз және құрылыс материалдарын шығаратын жобаларға рұқсат берілген. Осы орайда қазынадан бөлінген 850 млн. теңге жұмсалып құрылған индустриалды аймағы алдағы жылдары айналымы 10 млрд. теңгені құрайтын өндіріс алаңына айналмақ.
Әзірге, индустриалды аймақта 5 жобаның құрылыс жұмыстары басталыпты. Жыл соңына дейін 2 кірпіш зауыты және 1 шыныпластикалық арматура шығаратын өндіріс орны іске қосылмақ. Бүгінде осы жобалардың арасынан бір кірпіш зауыты өз жұмысын бастаған.Бір қарағанда күйдірілген кірпіш өндірісінің мол екендігін ескерсек, бұл өңірдің аталған өңірдің сұранысы жоғары екен. Түркістан қаласының аумағында толық жұмыс істеп тұрған жылына 22 млн. дана кірпіш шығаратын екі өндіріс бар. Алайда, қаланың өзінде жүріп жатқан құрылыстарға жыл сайын шамамен 40 млн. данаға тарта кірпіш қажет. Оның үстіне, республика көлемінде Түркістан және Семей өңірлерінде өндірілетін кірпішке қажетті шикізат сапасы жоғары болғандықтан, Түркістанға көршілес облыстар мен аудан, қалалардан да келетін тұтынушылардың саны мол екен. «Сондықтан, кәсіпкерлердің Түркістанның топырағынан өндірілетін кірпіш өндірісін дамытуға деген құлшыныстары жоғары» — дейді Т.Мұсаев.
Сонымен бірге, жергілікті басшылықтың айтуынша аймақтағы кәсіпорындар толық өндірістік қуаттылықта жұмыс істесе 5 МвТ электр қуатын қажет ететін көрінеді. Десе де бұл мәселе көп ұзамай өз шешімін таппақ. Ол үшін осы маңнан тұрғын үйлерге және индустриалды аймаққа 16 МвТ электр қуатын тарататын подстанция осы жылдың қарашасында іске қосу жоспарға енгізіліпті.Міне, қасиеттілігімен қатар сауда-саттықпен де аты танылған Түркістанның индустриалды-инновациялық даму барысындағы қадамы осындай. Енді алдағы жылдарда күн сәулесінен энергия өндіретін құрылғы, шыныпластикалық арматура немесе жаңаша өзге бұйымдар алып жатсаңыз Түркістанның өнімі дегенге таң қалмаңыз.
Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі