Түркия билігі «Күрдістан жұмысшы партиясының» жетекшісі Абдулла Өжаланды түрмеден шығарып, қоныс колониясында ұстауы мүмкін. Осылайша Анкара елдегі күрд қауымының талабын орындайтынСоңғы кездері, түркиялық ақпарат құралдарында «Күрдістан жұмысшы партиясы» (КЖП) атанған террористік-сеператистік ұйымның жетекшісі Абдулла Өжаланның түрмеден шығатыны туралы ақпараттар таратылуда. Дәлірек, айтқанда ол Имралы аралындағы түрмеден шығарылып, сол жердегі қоныс колонияға орналастырылатын түрі бар. Дегенмен, әзірге Түркияның ресми органдарынан бұл ақпаратты бірде бір шенеунік растаған жоқ. Белгілісі, алдағы жексенбіде «Халықтардың демократиялық партиясынан» (HDP) 5 адам Имралы аралындағы түрмеге барып, Абдулла Өжаланмен кездеседі. Нәтижесінде, Өжалан өз жақтастарын қаруды біржола тастап, Түркияға қарсы террорлық әрекет жасамауға үндейтін көрінеді. Алайда, әзірге Өжаланның HDP мүшелері ұсынған жобаларға келісер, келіспесі белгісіз. Қалай болғанда да күрд сеператистерінің жетекшісінің бір ойлағаны бар.
Еуропа елдерінде де, Түркияда да террористік ұйым ретінде қарастырылатын КЖП түріктер үшін ең қауіпті дұшпан саналады. 1984 жылдан бері бұл ұйымның террористерінің қолынан 40 мыңға жуық адам қаза тапқан. Ал, ұйым жетекшісі Абдулла Өжалан 1998 жылы қолға түскен болатын. Сөйтіп, ол өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілген еді. Алайда, террористер бәрібір елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында жұрттың зәресін ұшырып келді. Тау-тасты паналаған бұл ұйым мүшелері жолдарға мина төсеп, полиция мен әскерлерге шабуылын тоқтатпаған. Тек, 2013 жылдың наурызынан бастап қана КЖП террористерінің әрекеті сәл саябырсыды. Өйткені, Түркия билігі Өжаланмен келіссөздер жүргізе бастаған болатын. Енді міне, Өжаланның өзі түрмеден босаудың сәл-ақ алдында тұр. Яғни, ресми Анкара Ататүрік заманына бері келе жатқан ұлттық саясатты қайта қарауға мәжбүр болып отырған жайы бар. Ұтатын кім, ұтылатын кім, әзірге белгісіз болып тұр.
Түркияда күрдтердің саны ресми деректер бойынша 13-15 млн адам шамасында деп есептеледі. Алайда, күні бүгінге дейін күрдтердің құқықтары ескерілмей келген. Өйткені, Осман империясының соңғы кезеңдерінде де, Түркия республикасы құрылған тұста да күрдтер түріктерге қарсы талай мәрте көтеріліс жасап, ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан екі халық бір-бірінің дұшпанына айналған болатын. Тіпті, бүгінде Еуропа елдері мен Ресейде «Армян геноциді» деп есептелетін 1915 жылғы оқиғада да күрдтердің үлесі бар. Армяндармен бірігіп түрік халқына зорлық-зомбылық жасағаны да тарихта қалыпты. Бәлкім содан да шығар Ататүріктің де, одан кейінгі басшылардың да, тіпті түрік халқының да күрдтерден көңілдері әбден қалған. Оған Өжалан бастаған террористерді қосып қойыңыз. Дегенмен, Режеп Тайып Ердоған билігі қазір бұл ұстанымды өзгертуге тырысып жатыр. Өйткені, Ирактағы, Сириядағы оқиғалар, АҚШ, Еуропа елдерінің ықпалы ресми Анкараны елдегі түрлі ұлттар мен ұлыстардың құқықтарын мойындауға мәжбүр етіп отырған жайы бар. Ердоған билігі бірінші кезекте күрд мәселесін қарумен емес, саяси тәсілдер арқылы шешудің жөн екендігін ұққан тәрізді. Сол себепті, Өжаланды пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Егер Өжалан биліктің талаптарын орындап, қарулы жақтастарын елден ышғуа немес еқаруларын тастап, саясатқа араласуға көндірсе, Өжаланның түрмеден босауы әбден ықтимал. Сонымен қатар, күрдтерге де бірқатар құқықтар берілуі мүмкін. Яғни, күрд мектептерінің ашылуына, төлқұжаттарда өздерінің этникалық тегін жазуларына рұқсат берілуі ғажап емес. Күрдтерге мәдени автономия де берілуі мүмкін. Қысқасы, Ердоған күрд мәселесін демократиялық жолдар арқылы шешуден үмітті. Сырт көзге солай көрінеді бұл оқиғалар.
Біздің пайымдауымызша түрік-күрд қарым-қатынастары қазір нағыз саяси ойынға айналып кетті. Өйткені, өңірдегі саяси ахуалға ең қатты ықпал ететін күштердің қатарында қазір күрдтер де бар. Олардың лоббиі мықты. Солтүстік Ирактағы күрд автономиясы қазір Түркияға қажет мұнай өнімдерінің үштен бірін беріп отыр түріктерге. Cонымен қатар, Түркияның Еуропалық одаққа мүше болмақ ниеті бар. Демек, күрд-түрік «сауда-саттығының» астарында Анкараның Еуропалық одаққа кіруге деген ұмтылысы да жатса керек. Яғни, Ердоғанның тарихта Түркияны ЕО-ға мүше қылған президент ретінде атын қалдырғысы келетін ниеті жатыр. Ол үшін күрд мәселесін бейбіт жолмен шешуі керек. Ал, күрдтер өздерін талап-тілектерін орындатып алғысы келеді.
Жалпы, HDP өкілдері Имралы түрмесіндегі Өжаланмен кездесу кезінде бірқатар ұсыныстарды талқыламақ. Әдетте, күрдтердің мүддесін қорғайтын партия белсенділері арасынан түрмедегі Өжаланмен кездесуге 5 адам баратыны белгілі болған. Осы топтың ішінде Түркиядағы күрд ұлтшылы Хатип Дижле мен күрд әйелдер қозғалысының белсендісі Джейлан Бағрыянык та болмақ. Ал, Өжалан үшін бірқатар ұсыныстар әзірленіпті. Оның өзі Түркия үкіметімен келісілсе керек.
Бірінші ұсыныс: Өжелан Кандил тауларындағы жақтастарын «толық тыныштық сақтауға» шақырады. Кандилдегі жақтастары бұл шақыруға қатысты өз ұстанымдарын білдіреді.
Екінші ұсыныс: Өжаланға көмекші ретінде түрмеде жазасын өтеушілердің ішінен 5 адам таңдалады. Олар Өжаланның хатшылары болмақ.
Үшінші ұсыныс: Жиырмаға жуық адамнан құралған Бақылау комитеті құрылады. Бірақ, бұл комитет құрамына кіретін адамдардың тізімін Өжалан мақұлдауы керек.
Төртінші ұсыныс: Түрмеде жатқан ауыр науқасы бар адамдар босатылады. Күні бүгінге дейін Түркия билігі түрмедегі күрд террористерінің ішіндегі науқас адамдарды босатудан бас тартқан еді.
Бесінші ұсыныс: Өжалан түрмеден шығарылып, қоныс колонияға орналастырылады.
Алтыншы ұсыныс: Журналистер Өжаланмен жолығып тұруға мүмкіндік алады.
Жетінші ұсыныс: Өжалан жақтастарын қаруларын тастауға шақырады. Бұл ұсынысты Кандилдегі жақтастары талқылайды. Қаруларын тастаған адамдардың Түркияға келіп саясатпен айналысуына мүмкіндік беріледі. Қаруларын тастап, Түркияға қайтқысы келмегендер елден кетеді. Кандил тауларында қалады. Басқа елдерге кетпейді.
Сегізінші ұсыныс: Түркияның терроризммен күрес туралы заңына өзгерістер кіргізіледі. Ұлттық мәжіліске енгізіледі.
Тоғызыншы ұсыныс: Түркияның «Еуропалық жергілікті өзін өзі басқару хартиясының» бірқатар талаптарына қойған шектеулері алынады. Сөйтіп, жергілікті басқару органдарының құзіреті кеңейеді.
Оныншы ұсыныс: КЖП құрамында жүріп немесе оған жақтас болу арқылы істі болған адамдарға жаппай амнистия жасалады.
Міне, HDP өкілдері Өжаланға осындай ұсыныс айтпақ . Бұл ұсыныстармен КЖП жетекшісінің келісуі де, келіспеуі де мүмкін. Яғни, күрд террористерінің басшысы қазір Ердоғанның «еркесіне» айналған жайы бар.
Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ
http://zhebe.com/