АЛТЫНОРДА
Новости мира

 Түркия ШЫҰ-ға енуге бейіл

Ара-тұра әлемдік аренада мінез көрсетіп, оқыс мәлімдеме жасап жүретін Түрік премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоған тағы да тосын ұсыныс жасады. Бұл жолы ол Түркия Еуроодақты талақ етіп
, Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше болғысы келетінін мәлімдеді. Еске сала кететін бір жайт, Түркия ШЫҰ-ға 2012 жылдың 7 маусымынан бастап әріптес ретінде енгені белгілі. Ресейдің 24-ші арнасына сұхбат беру барысында Тайып Ердоған өз ойын Ресей президенті Владимир Путинге айтқандығын еске алды.
 «Егер де Түркия Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше болып қабылданып жатса, біз Еуроодақтың есігін қағуды доғарамыз. Олардың қас-қабағына қарап қашанғы отырамыз. Олар бізді одаққа енгізгісі келмейтіні баяғыдан белгілі. Менің бір аңғарғаным, ЕО таза христиандық клуб болып қала бергісі бар. Мейлі өздері білсін. Түркияның ол жерде жоғалтқан ештеңесі жоқ. Кезінде әртүрлі себептермен НАТО Түркияны өзіне мүше етіп алып еді. Ал қазір ешқандай мұсылман мемлекетін маңына жолатпауда. Демек, Еуроодақ сол кездегі Солтүстік альянстың қателігін енді қайталағысы жоқ» дейді Ердоған өз жауабында. Әрине, бұл – Ердоғанның Батысқа көрсеткен қыры. Бұлай дей­тініміз, Түркия 2005 жылдан бері Еуроодаққа мүше болу үшін ке­ліссөздер жүр­гізіп келді. Алайда әзірге одан нәтиже шықпады. Неге екенiн қайдам, өзге мемлекеттерге қарағанда, Франция мен Германия Түркияны одақ мүшесі ретінде көргісі келмейді. Бәлкім, түбінде Еуропаның түріктенуінен, мұсылман­дануынан қорқа­тын шығар. Осының салдары болар, тү­ріктер Еуроодаққа ба­лама жол қарастыра бастады. Соның бірі – бүгінде әлемдегі салмақты ұйымға айнала бастаған Шанхай Ынтымақтастық ұйымы. «ШЫҰ – қазір аса қуатты одаққа айналу үстінде. Оның қауқары ЕО-да мықтырақ болмақ. Содан болар, ол ұйымға Үндістан мен Пәкiстан да мүше болуға ұмтылуда» дейді түрік премьері. Ол енді шындық. ШЫҰ-ға Иран да толық мүше болуға асық. Алдағы уақытта аталмыш елдер ұйымның (әзірге бақылаушы, әріптес ретінде) толыққанды мүшесі ретінде қабылдануы да мүмкін.

Еуразия құрлығының 61 пайызы мен жер бетіндегі адамзаттың төрттен бір бөлігі тұратын аймақты қамтитын ұйымға Түркия, Үндістан, Пәкістан, Иран мүшелікке қабылданып жатса, шеңбері кеңейе түсетіні анық. Онда ШЫҰ ауқымды экономикалық ұйым ғана емес, қаһарлы саяси одаққа да айналары хақ. Дегенмен бірқатар шет елдік сарапшылар: «Түрік-премьері мұндай баста­маны әдейі жасап отыр. «Егер бізді қабылдамасаң, біз өзге жолды таңдаймыз» деп Еуроодақты үркіту. Осылайша өзін бұлдап, Еуропа одағына ену. Ақиқатқа тура қарайтын болсақ, ШЫҰ-ы Түркияны бірден қабылдайын деп тұрған жоқ. Бұл – бір. Екіншіден – Түркия НАТО-ның мүшесі. Сондықтан бұл бір ұйымнан екінші ұйымға өтуі қарама-қайшылыққа ұрындырады» деседі.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

– Қалай айтса да, бұл – Түрік премьерінің саяси ойыны. Өйткені ол елге әзірге ШЫҰ аса қажет емес. Неге десеңіз, Түркия Еуропа елдеріне қарай интеграцияланған мемлекет. Олардың саясаты да, экономикасы да Батысқа бағытталған. Тіпті адамдар­дың психологиясы да еуропалықтарға келеді. Оның үстіне НАТО-ның ежелден белді мүшесі. Соның бәрін сарп етіп, Азияға қарай бір сәтте «аунап түседі» деу қиын. Қалай да Батысқа қыр көрсете отырып, мүшелікке ену. Жай қатардағы мүше емес, одақтағы басты ойыншылардың бірі болғысы келеді. Ал Түркия ШЫҰ-ға кіргісі келсе, оған қарсылық болмайды деп ойлаймын. Қайта ұйымның керегесі кеңейеді, қуаты артады. Себебі Түркия – өз аймағындағы ірі держава. Ол келіп қатарға қосылып жатса, Шан­хай Ынтымақтастық ұйымы ұтпаса, ұтылмайды. Бірақ менің пайымымша, Түркия ШЫҰ-нан гөрі, ЕО-ға енуге көбірек күш салады. Алдағы төрт-бес жылда енеді де. Сондықтан бұл Түрік премьерінің кезекті саяси ойыны.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Айкын газетiнен алынды