Түркия билігі бүгін youtube сайтына да тыйым салды. Оған себеп аталған сайтта Түркияның Сирияға қатысты жоспарлары туралы құпия ақпараттардың шығып кетуі себеп болған.
Түркиядаға жергілікті сайлауларға санаулы күн қалғанда Youtube-те «secim gudumu» деген атпен тіркелген қолданушы Түркия сыртқы істер министрі Ахмет Дауытоғлу, Ұлттық барлау ұйымы (біздің ұғымда комитет) басшысының орынбасары Хакан Фидан, Сыртқы істер министрінің орынбасары Феридун Синирлиоғлу, Түркия Қарулы күштері Бас штаб бастығының орынбасары генерал Яшар Гүлердің дауысы ретінде бағаланған аудиофайл тіркеген. Онда Түркияның Сирияға және ондағы Сүлейман Шах кесенесіне қатысты мемлекеттік құпия саналатын ақпарат таратылған. Аудиофайлда аталған лауазымды тұлғалардың құпия кеңес сәтіндегі сөздері жазылыпты. Құпия кеңес наурыздың 13 күні өтіпті. Жиында Хакан Фидан ретінде бағаланған адам «Қажет болса Сирияға 4 адам жіберемін де, Түркияға 8 зымыран атқызып, соғыс ашуға сылтау әзірлеймін. Сүлейман Шах кесенесіне де шабуыл жасаттырамыз» дегені мәлім болған. Осыған байланысты Түркия телекоммуникациялар агенттігі Youtube-ті жауып тастаған. Сонымен бірге елдің Радио және теледидар жөніндегі ұлттық кеңес бұл мәселеге қатысты ақпарат таратуға да шектеу қойып отыр. Сөйтіп, Түркияда twıtter-ден кейін тағы бір интернеттегі атышулы сайт жабылды. Тіпті, Ердоғанның facebook-ті де жауып тастайтындығы туралы пікір білдіргені бар. Дегенмен, Түркия билігі мұның барлығын ұлттық қауіпсіздік үшін жасап жатқандығын алға тартуда.
Жебе-ақпарат