АЛТЫНОРДА
Новости спорта

Түркиялық жанкүйерлер әйелдері ұл тапса, қазақ футболшысының атын қоятынын айтуда

pogudx76knrav0ngs.26f8aceeЕуро-2016 іріктеу турнирінің қорытынды матчында Латвиядан 1:0 есебімен басым түскен Қазақстан ұлттық құрамасы өз жанкүйерлерімен қатар, Түркия халқын да ерекше қуантты.

Өйткені бұл жеңіс Қазақстан құрамасын «А» іріктеу тобында 5-орынға көтерсе, Түркияның Еуро-2016 финалдық сынына өтуіне таптырмас мүмкіндік берді. Ал Қазақстан футболшыларына түрік жанкүйерлері әлеуметтік желіде алғыстарын жаудыруда.

Әсіресе Латвия қақпасынан саңылау тапқан ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Исламбек Қуаттың абыройы түрік елінде дүркіреп тұр. Екі күннен бері спорт каналдары мен басылымдары Исламбектің голын талқылап, оның түрік жоғарғы лигасында өнер көрсетуге қабілетті екендігін сөз етуде.

Ал Твиттер желісін қолданушылар болса, «Исламбекке түріктің қай командасы қолқа салар екен?», «Әйелім жүкті, егер ұл тапса, атын Исламбек қоямын», «Бір гол салып, 80 миллион бауыр тапты» деген пікірлер жазып, бөлісіп жатыр.

“Түркияның Францияда өтетін Еуро-2016 финалдық сынына қатысуы үшін Исландияның жеңуі жеткіліксіз, Қазақстан құрамасының да Латвиядан басым түсуі өте маңызды еді. Ойын тура қалағанымыздай нәтижемен аяқталып, іріктеу сынынан суырылып шықтық. Сондықтан бізге Францияға жолдама сыйлаған бүкіл қазақ бауырларымызға алғыс айтамыз. Латвияға қарсы үздік ойын өрнегін көрсеткен Исламбекті өз басым келесі маусымда түріктің белді бір командаларында көргім келеді”, – дейді спорт журналисі Ахмет Текин.

“Қазақстанның жеңісі түрік футболшыларының намысын қайрап, жігерін жаныды. Латвия құрамасының қақпасына Исламбектің 65-минутта салған голынан соң Түркия ұлттық құрамасының ойыны алға басып, жандана түсті. Өткенде «Астана» «Галатасараймен» тең ойнады. Ал бұл жолы Исламбектей ердің арқасында Латвияны тізе бүктірдіңіздер. Бұл қазақ футболының қарым-қабілетінің көтерілгенін айғақтап тұрғандай”, – дейді Ыстамбұл қаласының тұрғыны Ильхан Юней.