Әлемде ән байқауы көп. Әрбір байқаудың арқалар жүгі бар. Аты дардай «Евровидение» байқауына қызыға қарайтын едік. Ел мен елді, өнер иелерін өзара сынға алатын байқаудың көрермені де аз емес.
Қазақ елі «Евровидениеге» қатысуға талпынды. Алайда тек қана Еуропа елдері бағын сынайтын байқаудың есігі біз үшін жабық. Әйткенмен, түркітілдес мемлекеттердің арасында «Евровидение» байқауынан бір мысқал кем түспейтін «Turkvizyon» ән байқауы жарыққа шықты. Аталмыш додаға қазақ елі де қатысады.
«Turkvizyon-2013» байқауы түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Ескішеһир қаласында өткізіледі. Байқаудың негізгі мақсаты – түркі музыкасының өкілдерін бір сахнаға жинап, түркі әндерін шарықтату. Айта кету керек, бұл жобаның әлемдік маңызы зор. 300 миллионнан астам көрерменді байланыстыратын байқауда түркітілдес 20 мемлекеттің өкілдері қатысып, үздік атану үшін бағын сынайды. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Түркияның Ескішеһир қаласына жиналған 20 мемлекет өкілі байқауға қатысу туралы келісімге қол қойған. Міне, сол күннен бастап түркітілдес елдерде «Turkvizyon-2013» әлемдік ән байқауына қатысатын үздіктерді іріктеу жұмыстары басталды. Қазақстан биыл байқаудың бас жүлдесінен дәмелі. Алайда бабы мен бағы келіскен таланттылардың арасынан озып шығу оңай шаруа емес. 17-27 қазан аралығында байқаудың қазақстандық іріктеу кезеңіне ниет танытушылар арнайы сауалнаманы толтырып, өтініш берді. 98 өтініштің ішінен 34-тен аса өнер иесі іріктелді. Күні кеше елімізге танымал музыканттар мен ақын, композиторлардан құралған 10 сарапшы 34 үміткердің арасынан 12 адамды іріктеп алды. 12-лікке енген әншілер 24-қараша күні Астанада өтетін гала-концертте өз өнерін ортаға салады. Үздік ән мен әншіні көрермен қауым смс арқылы дауыс беріп, таңдайды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған ән және оның орындаушысы 15-22 желтоқсан аралығында өтетін «Turkvizyon-2013» байқауына аттанады.
«Turkvizyon-2013» халықаралық байқауының көркемдік жетекшісі, продюсер Арман Қарабаевтың айтуынша, халықаралық байқауда әнші мен оның образына емес, әнге ерекше ден қойылады. Байқауға Қазақстан атынан аттанатын бұрын-соңды ешбір жерде шырқалмаған, жаңа ән болуы тиіс. TURKSOY түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы және TMB TV түрік телеарнасы – ән-додасының негізгі ұйымдастырушылары. Биыл байқау Түркияның Ескішеһир қаласында өткізілсе, келер жылы Тартарстан астанасы Қазанда өтеді» дейді Арман Қарабаев. «ADAM MEDIA GROUP» компаниясы іріктеу сынын ұйымдастырып, өткізуді өз мойнына алып отыр. Компания басшысы Динара Адамның айтуынша, Қазақстанның абыройын арқалап, байқауға қатысатын әнші мен әнді таңдауда ешбір қателік болмауы керек. Себебі, аталмыш байқауда қазақ елінің қаншалықты талантты һәм талғамды ел екені анықталады. Ақын Талант Арынғалидың айтуынша, байқауда бағын сынайтын ән қазақ елінің барлық болмыс-бітімін барынша ашып, көрсетуі тиіс. «Бұл әлемдік деңгейдегі байқау болғандықтан біздің еліміздің атынан қатысатын әнші қазақтың, Алаштың рухын асқақтатып, барынша таныта білуі керек. Ән ұлтқа бөлінбейді десек те, әрбір әннің өзіне тән иірімі, ішкі дүниесі болады. Әннің сөзі мен мәтінінің түбірінде елдің өнерін, қазақ сөзінің шеберлігін, қазақ өнерін байқататын мән-мағына болуы міндетті» дейді Талант Арынғали.
Қазақстан атынан қатысатын әнді іріктеу кезеңінде сарапшы болған Толқын Забированың айтуынша, халықаралық байқау қазақ мәдениеті мен шоу-бизнесінің деңгейін көтереді. «Осы байқау арқылы қазақ мәдениеті бір сатыға көтеріліп, дами түседі деген сеніміміз мол. Бұл ән-додасы құлаққа жаттанды болып қалған той әндерінен арылып, таза, кәсіби музыкаға ден қоюға сеп болары сөзсіз» дейді Толқын Забирова. Продюсер, әнші Қыдырәлі Болман «Turkvizyon-2013» ән-додасының әділ-қазылар қатарында болады. «Алла қаласа, желтоқсанда байқауға сарапшы ретінде қатысу үшін Түркияға аттанамыз. Біз биыл бұл ән-сайысының үздігі атанып, бас жүлдені иемденуіміз керек деген мақсат қойдық алдымызға» дейді Қыдырәлі Болман. 24-қарашада қазақ көрермендері 12 әнші мен әннің арасынан «Turkvizyon-2013» халықаралық ән-байқауында Алаш елінің рухын асқақтатып, абыройын арттырар үздік әнді таңдайды. Еліміздің атын шығарар әнді бірге таңдайық.
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ