АЛТЫНОРДА
Новости

Түс көруге әсер ететін жағдайлар

Ұйықтаған кездегі айналада болып жатқан кез келген құбылыс сіздің түс көруіңізге әсер етеді екен. Бұл жайлы АҚШ елінде шығатын «Түс көру» атты журналда айтылады.

Иіс

Адам ұйықтаған кезде иістің әсерінен оянбаса, иістің тітіркендіруі ұйқыдағы адамды түс шеңберіне алып кіреді. Адам ұйықтағанда, гүлдің хош иісі мұрнына барса, онда шырын түс көреді екен. Егер бір заттың шіріген немесе көмір газы секілді жағымсыз иістер барса, онда үрейлі түстен арылмайсыз.

Дауыс

Ұйқыдағы адам кез келген дауысқа сезімтал келеді. Сағаттың шықылдаған дауысы адамды от теңізінің ортасында жүргендей әсерімен мазасыздандырады. Ал теңіз толқынының жеңіл дауысы түсіңізге ләззат сыйлайды. Оянған соң, мойныңызға түскен бар салмақтан жеңілдеп қалғандай болады екенсіз. Сондықтан да, ғалымдар теңіз жағасына саяхаттауды демалыстың ең өнімді тәсілі деп қарайды.

Ащы тағамдар

Ащы тағамдар ұйқыға орасан зор әсер етеді. Асқазан ащы тағамдарды тым баяу қорытатындықтан, оның қызметі ұйқыдағы кезде де жалғасады. Мұндай сәттерде сіз үрейлі түстен айыға алмай, әуреге түседі екенсіз. Сондықтан ұйықтаудан бір-екі сағат бұрын ащы тағамдар тұтынбағаныңыз жөн.

Екбетінен ұйықтау

Екбетінен ұйықтайтын адамдар түсінде қысымға көп жолығады екен. Содан барып, қара басу көбейеді. Мысалы, үлкен ми ояу болса да, жатқан орнынан қозғала алмау, әлденеге қамалып қалғандай әсерде болу сияқтылардың көбі осы екбеттеп ұйықтаудан туындайды. Зерттеушілер екбеттеп ұйықтауға әдеттенген адамдардың көпшілігінде есте сақтау қабілетінің нашар болуы кездеседі деп қарайды. Себебі, екбеттеп ұйықтаған кезде, үлкен ми оттегімен толық қамтамасыз етілмейді. Қазақ халқында да «Екбеттеп ұйықтама» дейтін тыйым сөз бар.

B топтағы дәрумендерді тұтыну

Ұйықтар алдында B6 дәруменін тұтынсаңыз, ұйқы құшағына ғана емес, түс шеңберіне де тез енесіз. Тіпті, көрген түсіңіздің есте қалуына да көп септігін тигізеді дейді. Алайда, көптеген ғалымдар ұйықтар алдында B топтағы дәрумендерді тұтынбау керек деп қарайды. Себебі, түс әлетіне тез енетіндіктен оянған кезде шаршау, қалжырау секілді жағдайлар туындайды. Демек, көп түс көру де үлкен миды шаршатады.

Тыныштандыру дәрілері

Бұл түрдегі дәрілер психологиялық ауытқулыққа жолыққан, мазасызданған, қатты қалжыраған сәттерде пайдаланылады. Алайда, олардың түске әсері айтарлықтай. Бұл көбінде адамға үрейлі түстер көрсетеді екен.

Аш қарынмен ұйықтау

Қарныңыз аш күйі ұйықтасаңыз, қандағы қант құрамы айтарлықтай төмендейді де, адам түсіне азық-түлік, тағам секілді заттар кіреді екен. Бірақ шошып ояну жағдайы көбейеді дейді.

Ұйықтаудан бұрын, үрейлі фильмдер көру

Ұйықтар алдындағы ең соңғы іс түске тез әсер етеді. Мысалы, кино, музыка, кітап т.б. Егер үрейлі немесе психологиялық фильмдер көрсеңіз, онда түсіңізде де табиғи түрде үрейлі жағдайлар көп орын алады. Мұның бәрі есте қала бермейді. Алайда, оның денсаулыққа тигізер зияны орасан. Сондықтан ұйықтар алдында мүлде үрейлі филмдер көрмеу керек.

Егер сіз ұйықтар алдында шырын қиял, ләззатты кездер, бақытты балалық шақтарыңызды қиялдап ұйқы құшағына енсеңіз, шырын түс көреді екенсіз. Оянған соң да, бойыңыз жеңілдеп, рухты, сергек жүресіз.

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: wclass.kz

 

http://massaget.kz