АЛТЫНОРДА
Новости

Туысқан қырғыз халқы «Қазақ Елі» атауын қолдайды

АСТАНА. 13 ақпан. BAQ.KZ – Қазақстан Республикасының атауын Қазақ Елі деп атау туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын қырғыз халқы қолдайды. Бұл пікірді бүгін Астанада өткен онлайн конференция кезінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесі бас хатшысының орынбасары, «Біртұтас Қырғызстан» партиясының негізін салушы, көшбасшысы Адахан Мадумаров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Қазақстан басшысының бұл идеясы екі себептен туындап отыр деп білемін. Әуелі қазақ халқының халықаралық аренадағы имиджі. Мемлекет ретінде өзін қалыптастырып, орныққан Қазақстан үшін ұлттық имиджді осылайша қалыптастыруға ұмтылуы құптарлық жағдай. Ал екінші бір мәселе қазақ халқының өткенге оралуы. Бұл ғасырлар бойы қанмен келе жатқан рухты жаңғырту деп білемін. Қазақ көшбасшысы осыны айтқысы келді. Мұны әлемдік қауымдастық жақсы түсінеді. Туысқан қырғыз халқы қазақ халқының ең жақын тілеулесі. Сондықтан қазақ ұлтының жаңғыру жолындағы әрбір қадамына біз қолдау білдіреміз. Қазақ пен қырғыз кеше пайда болған жоқ. Екі елдің ортақ тарихы, ұстанған саясаты болды. Міне, Қазақ Елі атауы осы өткен тарихқа қатысты таңдалып алған атау. Қазақ халқының Ұлы мақсаттарына жетуіне тілектес екенімді айтқым келеді», — деді А.Мадумаров.
Қырғыз қоғам қайраткері Қазақстанның елордасын Алматыдан Астанаға ауыстыруы мен «Қазақстан 2030» Стратегиясын жүзеге асырғанына қызығушылықпен қарайтынын жеткізді.
«Қазақстан елордасын Алматыдан көшіреді дегенде барлығы сеніміздікпен қарады. Одан кейін «Қазақстан 2030» Стратегиясын жариялағанда таңдап алған бағытының дұрыс екенін білсе де, сол мақсатқа қалай жетеді деген күмәнді ойлар туды. Қазақстан бұл күмәнді ойларды іс жүзінде жүзеге асырып, айналасына үлгі көрсетті. Қазіргі Қазақстанды  түркі елдерінің ішіндегі көшбасшы мемлекет деп білемін», — деді А.Мадумаров.
Адахан Қымсанбайұлы Қазақстанның осы екі жетістігі ұлы мұраттарға жетемін деген елдер үшін үлгі болатынын айтты. Туысқан елдің Қазақ Елі деп аталуын қырғыз халқы қолдайтындығын жеткізді.

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

 

http://baq.kz/kk/news/43498